БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясының аясында 23 қыркүйекте АҚШ Президенті Барак Обама мен ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың кездесуі болды. Кездесуде Мемлекеттік хатшы АҚШ Президентіне Қазақстан басшысының Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммитіне қатысуға шақырған жеке шақыруын табыс етті. Ал Барак Обама Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа АҚШ Қазақстанмен алдағы уақытта да тығыз ынтымақтастық қатынастар жасауға ниеттілігін білдірген сәлемін жеткізуді өтінді. Сондай-ақ ЕҚЫҰ Саммитіне шақырғаны үшін алғысын білдірді.
Ал 65-ші сессиясының төртінші күнгі пленарлық отырысы бұған дейінгі жалпысаяси пікірсайыстан аса өзекті мәселелер талқыланған бас пікірсайысқа ұласты десе болады. Өйткені, отырыста сөйлеген мемлекет және үкімет басшылары, елдердің сыртқы істер министрлері өз сөздеріне аса өзекті мәселелерді арқау етті. Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа байланысты сөз сөйледі.
Қазақстан қарусыздану және ядролық қаруды таратпау үдерісінің белсенді қатысушысы болып табылады. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын түпкілікті жабуы, сондай-ақ Қазақстанның жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жөніндегі бастамалары нақты дәлел болады. Бүгінде Қазақстан басшысының осындай бастамалары халықаралық қоғамдастықтан қолдау тауып келеді.
Қанат Саудабаев өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен, алдымен осыны атап өтті. Қазақстан өз тәуелсіздігінің алғашқы күндерінде-ақ бүкіл әлемге болашақ ядролық қарусыздануда екенін паш етті, деді Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы. 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жарлығымен әлемдегі ірі ядролық полигонның бірін мәңгілікке жапты. Мемлекет басшысы өте дәл атап көрсеткеніндей, сол сәттен бастап Қазақстан “Бейбітшілік эпицентрі” атанды.
Осы жылдың сәуірінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанға сапармен келген болатын. Бас хатшы сапарын еліміздің өзге өңірінен емес, бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағынан бастауы, шынында да символикалық жағдай. Сол жерде Бас хатшының: “Қазақстаннан қолдау табу – БҰҰ үшін үлкен мәртебе. Мен Нұрсұлтан Назарбаевқа, Қазақстан халқына алғыс айтқым келеді. Сіздердің еліңіз бүкіл әлем үшін мысал болып табылатынын тағы да атап өтпекпін. Батыл басшы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстан ядролық қаруды таратпау мәселесінде прогреске жетуге болатынын дәлелдеді”, – деген еді.
Өткен жылы Семей полигонының жабылған тарихи күнге байланысты Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша 29 тамыз БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жарияланды, деді Қанат Саудабаев әрі қарай. Бас Ассамблеяның бірауыздан қабылданған бұл шешімі біздердің жаһандық ядролық қатерді бәсеңдетудегі және Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартты жүзеге асырудағы ортақ ерік-жігерімізге әсер етеді. Біз сізге қазақстандық бастаманы қолдағаныңыз үшін алғыс айтамыз.
Мемлекеттік хатшының атап өтуінше, ендігі жерде маңыздысы, тиісті іс-шараларды жыл сайын өткізіп тұру қажет. Осыған байланысты үстіміздегі жылдың 26 тамызында Астанада Қазақстан Үкіметінің бастамасымен БҰҰ-мен бірлесе отырып, “Семей – қалыптасудан дамуға қарай” деген тақырыпта даталы күнге арналған халықаралық конференция өтті. Конференцияға БҰҰ, МАГАТЭ, тағы басқа да халықаралық ұйымдардың ресми тұлғалары мен академиялық құрылымдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиын қорытындысында қатысушылар мемлекет лидерлерін, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықты Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартты ратификациялауға шақырған үндеу қабылдады.
Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шарт 1996 жылы қабылданған. Тек соңғы екі-үш жыл көлемінде Шартты ратификациялауға көңіл бөліне бастапты, Қазіргі кезде оған қатысты жұмыстар аяқталуға жақын. Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттер Шартты ратификациялауға асығатын емес. Қанат Саудабаев сөзі барысында аталған құжатты АҚШ Сенатына бекітуге ұсынғаны үшін Президент Барак Обамаға және ратификациялау туралы шешім қабылдағаны үшін Индонезия басшылығына ризашылық білдірді.
Қанат Саудабаев бұдан соң Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа қатысты Қазақстан тарапынан қолға алынып жатқан жұмыстарға тоқталды. Шешеннің атап өткеніндей, ядролық қарусыздану және оны таратпау үдерістеріне белсенді қатысу Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы негізгі мәселелердің бірі болып табылады.
Қазақстан өзінің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында, деді Қанат Саудабаев сөзін қорытындылай келіп, ЕҚЫҰ-ның Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау туралы Афина министрлік декларациясын жүзеге асыруды белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Бұл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ЕҚЫҰ-ның БҰҰ-ға негізгі әріптес болатындығын көрсетеді.
Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі сондай-ақ осы жылдың соңында Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті еуратлантикалық және еуразиялық кеңістікте қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететіндігін, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселесі жалпыға ортақ екендігін атап өтті.
Газеттің кешегі нөмірінде уақыт айырмашылығына байланысты БҰҰ Бас Ассамблеясының 65-ші сессиясында АҚШ Президенті Барак Обаманың сөз сөйлегенін атап қана өткен едік. Енді соған тоқталып өтсек дейміз. Біздер мұнда өзіміздің проблемаларымызбен, өзіміздің басымдықтарымызбен келіп отырмыз, деді Барак Обама. Бұл жерде кез келген мемлекеттің өкілі өзінің ұсынысын, пікірін ашық білдіре алады. Бұдан 9 жыл бұрын осы қаладағы Бүкіләлемдік сауда орталығын лаңкестер жермен-жексен етті. Лаңкестердің қолынан Лондонда, Жалалабадта, басқа да жерлерде бейбіт тұрғындар қаза тапты.
АҚШ Президенті әлемдік қаржы дағдарысы мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Барак Обаманың тоқталып өтуінше, жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың ауыртпалығын бірлесе отырып еңсеру керек. Экономикасы әлсіз елдерде жұмыссыздықты азайту арқылы олардың жағдайын түзетуге болады. АҚШ “Әл-Каида” лаңкестеріне қарсы тиімді күрес жүргізіп келеді. Америка Ирак аумағынан өзінің 100 мыңнан астам әскерін шығарды. Енді Ирак билігі елінің қауіпсіздігін өздері қорғайтын болады. Қалған әскерлерін келесі жылдың соңына дейін толық алып кетеді.
Президент осыдан кейін Ауғанстанға қатысты ойын ортаға салды. АҚШ және оның одақтастары Ауғанстан үкіметінің өз билігін нығайтуға байланысты барлық мүмкіндікті жасап келеді. Шілдеден бастап АҚШ Ауғанстан үкіметіне билікті бере бастады. Осы жылдың басында 47 мемлекет ядролық материалдардың тарап кетпеуіне қатысты жұмыс жоспарын қолдады. АҚШ Ресеймен бірге Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа қол қойды.
АҚШ Президенті сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасына да тоқталды. Барак Обаманың сөзіне қарағанда, Иран ядролық қаруға байланысты АҚШ-тың ұсынысын қабылдауы тиіс. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарары жай сөз емес, Иран Ислам Республикасы өзінің ядролық бағдарламасы бейбіт мақсатта екенін дәлелдеуі қажет. Сонымен бірге АҚШ Президенті Израиль мен Палестина арасындағы ұзаққа созылған проблеманы шешудің мүмкіндігін де атап өтті. Президенттің айтуынша, екі елдің келіссөздерді қайта бастағанына бір жылға жуықтады. Вашингтонда және Шарм эль-Шейхтегі кездесулер жеңіл бола қойған жоқ. Израильдіктер мен палестиналықтар бір-біріне онша да сене қоймайтын сияқты. Егер келіссөздер нәтиже бермесе, қан төгіле бермек. Оны болдырмаудың жолы – екіжақты келісімге келу.
Қанат Саудабаев 24 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясындағы жалпы саяси пікірталаста сөз сөйледі.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 65-ші сессиясының сәрсенбідегі (22 қыркүйек) пленарлық отырысында Мыңжылдықтың даму мақсаттарын талқылау жалғасты. Отырыста 30-дан астам шешен сөз алып, аталған мәселеге, сондай-ақ өз елдерінде оның қалай жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Словакия Президенті Иван Гаспаровичтің хабардар етуінше, климат ауытқушылығы, табиғат апаттары қосымша қиындықтар тудырып отыр. Коста Рика Республикасының Президенті Лаурис Мирандо ханым өз елінде әйелдер теңдігіне ерекше көңіл бөліне бастағанын атады.
Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева сөзін өз еліндегі орын алған қайғылы оқиғалардан бастады. Бүгінде Қырғызстан гуманитарлық көмекке зәру болып отыр. Қазақстан мен Ресей тарапынан берілген көмектер халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына біршама сеп болды.
Чили Президенті Себостьян Перейра да Мыңжылдықтың даму мақсаттарын жүзеге асыруға байланысты ойын өз еліндегі жағдаймен орайластырды. Ал Болгария Президенті Бойко Борисовтың пайымынша, Болгарияның 2015 жылға дейінгі белгіленген міндеттемелерін орындауға мүмкіндігі жетеді.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Еуропалық Комиссияның төрағасы Жозе-Мануэль Баррозумен келіссөз жүргізді. Ж.-М.Баррозу Президентіміздің қазанда болатын Брюссельге сапарына Еуропалық Одақтың үлкен мән беріп отырғанын атап өтті. Баррозу пікірінше, бұл сапар ЕО-Қазақстан бағытындағы ынтымақтастық кешеніне түгелдей жаңа серпін бермек. Сонымен қатар, Ж.-М.Баррозу Еуроодақтың ЕҚЫҰ Саммитіне үлес қосуға күшін салуға дайындығын растады.
Қ.Саудабаев сондай-ақ Испанияның, Италияның, Босния және Герцеговинаның, Черногорияның және Хорватияның сыртқы істер министрлері Мигель Анхель Моратинос, Франко Фраттини, Свен Алкалай, Милан Рочен және Гордан Яндроковичпен келіссөздер өткізді. Әңгімелесуші тараптар 1-2 желтоқсанда Қазақстан елордасында өтетін ЕҚЫҰ саммитіне дайындық барысын талқылап, италиялық СІМ басшысы премьер-министр Сильвио Берлусконидің саммитке қатысатынын қуаттады.
Қ.Саудабаев Индонезия сыртқы істер министрі Марти Наталегавамен кездесті. Кездесу барысында 2011 жылы басталатын Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық ету басымдықтары қарастырылды.
Қанат Саудабаев екі жақты және көп жақты форматта бірқатар кездесулер өткізді. Ол Еуропалық Одақтың Жоғарғы өкілі, Еурокомиссияның вице-президенті баронесса Кэтрин Эштонмен сұхбат барысында алдағы ЕҚЫҰ Саммитінің мазмұны, Орталық Азия аймағындағы ахуал, соның ішінде Қырғызстандағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған ЕҚЫҰ және ЕО шараларын әрі қарай үйлестіру жайын талқыға салды.
Ислам Конференциясы Ұйымының “Үштігіне” мүше Тәжікстан, Қазақстан, Сирия және Еуроодақ министрлерінің кездесуі шеңберінде Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы екі ұйым жоғары өкілдерінің назарын Ауғанстандағы жағдайды реттеу, өзара мәдени және өркениет үнқатысуы мен ислам және Батыс әлемі арасындағы түсіністікті алға жылжыту бойынша жұмысты үйлестіруді одан әрі жетілдіру мәселелеріне аударды.
Қ.Саудабаев пен Франция сыртқы істер министрі Бернар Кушнер арасында болған сұхбатта әңгімелесуші тараптар үстіміздегі жылдың қазанына жоспарланған Қазақстан Президентінің Францияға сапарына және 1-2 желтоқсанда Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитіне дайындық барысын қарастырды.
Қ.Саудабаев пен Литва сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис арасында болған келіссөз барысында да тараптар ЕҚЫҰ шеңберіндегі қарым-қатынас пен осы ұйымның саммитіне дайындық мәселелерін талқылады.
Қанат Саудабаев сондай-ақ Ұлыбритания, Финляндия және Чехия сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Уильям Хейг, Александр Стубб және Карл Шварценбергпен кездесулер өткізді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, Егемен Қазақстан” – Нью-Йорктен.