Ағайын азамат, аға тұтып жүрген Бақберген келді қиылып.
– Әкем Құдас Жүнісбеков Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Соғыстан жараланып оралған. Ұзақ жылдар бейбіт еңбек майданында жұмыс істеп қайтыс болды. “Александр Невский” және “Қызыл Жұлдыз” ордендерімен марапатталған. Әкем туралы республикалық басылым бетінен сөйлесеңіз екен. Міне, материалы...
– Мақұл. Ақсақалдың еңбегі бар екен, – деймін мен.
Інім Жамбыл келді сұранып:
– Өзіңіз “Егемен Қазақстанға” күнде жарияланып жатасыз. Менің әкемді де бір шығарсаңызшы. Өзіңіз білесіз, ол кісі, яғни Талқа Әйменов Жеңіс парадына қатысқан қазақ. Бір материал аттанып кетіп еді. Ана Жанболат ағаға айтсаңызшы. Кезінде “Лениншіл жаста” бес жыл бірге жұмыс істепсіздер.
– Тамаша, – деймін мен. – Екі қазақтың бірі Жеңіс парадына қатысып па?!
– Қатысқан жоқ қой. Қырық жыл қырғында да адам бақыты деген болады. Бес жыл соғысып, одан аман шығып Жеңіс парадына қатысу, одан елге оралып жар сүйіп, біздің өмірге келуімізге себеп болу... Қалай дегенде де бақытты әкенің жолы.
Дереу телефон тұтқасын көтеремін.
– Жәке, а, Жәке!...
Батыр Боранбаев інім телефондайды.
– Ағаңыз Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына аман жетті. Қала әкіміне айтып бір үй әперсеңізші. Баспаналы болып қалайық...
Айтып тұрғаны өз әкесінің жайы.
Мен үнсіз қаламын.
Не істейін енді? Үшеуінің де өтініші мен уәжі орынды. Орындасам жарасарлық. Орындармын да. Бірақ, осы өтініштер мені еріксіз әкеме деген сағынышқа жетеледі. Есіме өз әкем түсті. Әкем, яғни Ергөбекұлы Сәрсен. Алты жасымда қайтыс болған жан. Жан әкем! Мен түріңнің өзін еміс-еміс қана елестете аламын. Тіпті елестете алмаймын десем де болады. Өйткені жасым келген сайын елес бұлдырап сағымға айналып барады. Бала күнгідей анық та қанық сурет болып көрінбейді.
1904 жылы туған болып саналады. Дәл қай жылғы екенін өзі де білмейтін шығар. Әкесі Ергөбектің қора-қопсысына от тиіп, тіпті бірер азаматы да жанып кеткен қаралы күндері нағашысының малын бағуға жалданған пақыр бала. Ергөбектің бірінші отбасына жай түсіп соқа басы сопайып қалғанда 56 жастағы сақалы сапсиған шалға Сейдін есімді 15 жасар қызын (Сәрсеннің шешесі) беріп, содан үзілген өрмек жалғанып, ұрпақ сабақталғанын да ұмытпақ емес. Ергөбек отбасын қайынжұртының бұл екінші құтқаруы. Нағашысының малын бағып жүрген ақынталап бала енді есімді жинадым ба деген сәтте туған ағасы, Қаратаудың күнгейі мен теріскейіне түгел ақындық, сал-серілік даңқы кең жайылған – Түкібай (Көпен Әмірбектің атасы. – Қ.Е.) 26 жасында жүйрік аттан құлап мертігіп, үзілген жұлын жалғанбай аз-маз күн жатып көз жұмған соң ақындық талаппен біржолата қоштасып, шаруаға айналған-ақ екен. Қарт әке, аңыраған ана, мерт болған қыршын аға Түкібайдың отбасы, жесірін ала жүріп, өзі де түтін түтетіп, Гүлбаршын есімді сұлу сүйіп, енді бақытты болармын деген сәтте соғыс оты бұрқ ете қалыпты.
Соғыс! Аты ғана зілді емес, заты да ауыр-ақ. Қырғын. Кісі өлтіру, мүмкін өзі өлу. “Өзі сұранбаған” секілді. “Отан қорғау керек”. Соғысқа алып кеткен. Соңына алаңдай-алаңдай кетіпті, марқұм! Әке Ергөбек қартайып, мұңдық ана – Сейдін күйіктен өлген. Кенже інісі – Оразбек жас, қарындасы – Қалампыр бойжетіп келеді. Тетелес інісі – Дүйсен шойын жолда. “Броны” бар. Соңына сол Дүйсен қарайлар! Қан майданға Отырардан аттанып бара жатқан Сәрсен ойындағы бар медет – осы! Бірақ...
Бірақ, аға медеті – Дүйсен де ұзамай: “Ел басына күн туғанда шойын жолда отыра алмаймын қатын-қалашқа бастық болып...” – деп соғысқа аттаныпты өзі сұранып! Содан хабарсыз кетті. Ал, әкей майданда қан кеше жүріп Еділ бойында ерлік көрсетіп “Сталинградты жаудан азат еткені үшін” медалін өңіріне тағыпты. Жау қолына түсіп, азабын көріп, атуға алып бара жатқанда, қыр асып, түн жамылып, орман паналап аман қалыпты. Құдайдың қаққаны. Кенигсберг түбінде түнгі барлауға шығып, совет жауынгерлерін жайпауға арналып құрылып жатқан дзоттың айналып қыр желкесінен түсіп гранатасын лақтырыпты. Келесісіне өзі автоматымен қойып кеткен айқай салып. Жау да қарап жатсын ба, жастығын ала өлген. Дзот құртылды. Сәрсен жауынгерді ауыр жараланып, өлі мен тірі арасында талықсып жатқан жерінен жорықтастары тауып алып, санитарлық бөлімде дәрігерлер оны жарық дүниеге қайта әкеліпті. Ай жатып, жыл жатып, сүйретіліп ауылға қайтыпты. Біздің көрер жарығымыз бар шығар... “Әй, соғыс әділетсіз ғой, әйтпесе маған геройлық соңымнан іздеп келсе керек...” – деп отырады екен. Соңынан “Қызыл Жұлдыз” ордені жіберіліпті. Анамыз Бибіғайшаға үйленіпті. Үйелмен-сүйелмен бір ұл, бір қызы үй айналып жүре бастап шетіней береді екен. “Құдай бізді құрамауға айналды ма?” – деп жылап жүріп көрген 1950 жылы жарық дүниеге келген ұлына 90 жасқа келіп алжып өз атын ұмытып қалып отырған аңшы-саяткер Берсінбектің (Ол қазір “Егемен Қазақстан” газетінің фото суретшісі. – Қ.Е.) есімін беріпті. Содан үш жыл өтіп, анамның үш күн, үш түндік ауыр да азапты толғағынан кейін желтоқсанның долы бораны азынап жылаған 26-ы күні Сайрам ауданының озат шопаны отбасында жарық дүниеге мен келіппін. Менен кейін Сайран, Сапар дегендей... Әкей кенже ініміз Сапарбектің алты айлық кезінде 1959 жылы о дүниелік болды. Соғыс зардабы алып тынды ақыры. “Жеті жерінде ойылған жара бар еді. Қарақотырланып келе жатып, қайта суланып жамаған жері іріп жүре беретін...”–деп еске алады 92 жастағы анам Бибіғайша!
...Ана жылы, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жұрттың бәрі Ел деп емініп, Жер деп тебініп, айқасып, болмағанда айқайласып жатқан бір алакөбең тұста пысықайлар атасының атына ауыл, әкесінің атына көше, қора-қопсысына шеше атын дегендей қойып, қойғызып жатты емес пе?! Кластас досым Әметбекұлы Бақыттың қолында да билік тұрды сол жылдары. Ол маған телефон шалсын. “Осылай да, осылай, көлденең көк аттының бәрі әкесінің атына көше қойғызып жатыр. Шалға да бір көше берсек. Сен біздің әкімге телефон шала салсаң. Қалғанын өзім бітіремін”.
Бізді ойлай жүрген кластас досқа риза болдым. Алайда, ырқында кетпедім.
“Рахмет, Бәке! Ізгі ниет екен. Бірақ, керегі жоқ. Менің әкемнің ауданға бәлендей еңбегі сіңді деп ойламаймын. Сен ол кісіні көрген жоқсың. Білмейсің. Сен түгілі мен өзім де білмеймін әкемді. Озат шопан болыпты. “Сәрсен қора”, “Сәрсен асуы”, “Сәрсен құдығы” аталатын жерлер бар. Оларды көргенмін. Халықтың әкеме берген атауы, тартқан сыйы, қойған ескерткіші. Сол жетеді. Керек болса басына ескерткіш те соға алмай келемін. Енді өз қолым өз аузыма жетті ме деген тұста замана былай құбылып кетті. Есесіне тәуелсіздігімізді алдық. Түп атам – Құрман, арғы бабам – Баянды көрмеген, атам – Ергөбек, әкем – Сәрсен көрмеген тәуелсіздік. Сол Тәуелсіздігімізді баянды етейік. Әкені ойлайтын уақыт емес қазір, Бәке!”
Ақымақ ұлдың өз пайдасын білмейтін ақымақ сөзін естіген досым телефон тұтқасын орнына қойды...Не ойлады өзі біледі. Ал, менің ол кезгі сөзім альтруизмнен аулақ шынайы патриоттық сезім болатын. Эгоистік пиғыл отаншылдық ойды басып, жаншып өтіп алға шығып кетерін ол кезде, оллахи-биллахи, білгенім жоқ!
Енді ойлаймын ғой баяғы. Бақберген, Жамбыл, Батыр інілерімнің өз әкелері туралы өтініштері әлгіндей. Олардың әрекеті дұрыс, әрине. Бірақ, бірақ менің бір кезгі шешімім ше? Жұрттың әкесі – әке де, менің әкем – кім сонда? “Соғысты” деген дақпырт, қантөгіс атымен қанша адам марапатталып жатыр. Бір-бір көшеде аттары темірге шегеленіп қойылған. Осы менің шешімім – соғыс көрмеген буынның психологиясы болып жүрмесін? Иә, біз соғысты көрмедік. Дулат Исабековтің “Біз соғысты көрмедік” повесін оқығанда да Дулат буынын іштей аяп: “Олар соғысты көрген екен, біз соғысты көрмедік”, – деп түйгенмін. Жақында досым Дидахмет Әшімхановтың “Жетпіс апа” аталатын тамаша әңгімесін оқып шыққан соң нілдей бұзылдым. Әңгімені оқып шыққан соң Дидахметтің соғысты көргеніне еш күдіктенбедім. Ал, тамаша әңгіменің авторы – Дидахмет көрген соғысты онымен қатарлас, қарайлас мен қалай көрмегенмін?! Дидахмет соғысты көрсе – менің соғыс көрмеуім мүмкін емес. Тіпті менің қанымда Ұлы Отан соғысы жауынгерінің қаны ағып жатқан жоқ па?! Соғысқа қатыспаса, денесі күлпарша болып талқандалып кетпесе, әкем менің ұзақ жасар ма еді, қайтер еді?! Ол кісі бәлкім соғысқа ерлік жасау үшін бармаған болар. Алайда, жаудың екі дзотын қатар қиратып, өз жорықтастарын сақтап, әрі оятып, жорыққа бастауы аз ерлік пе бір кісіге?! Соғыс зардабынан ерте өлген жоқ па менің әкем?! Соғыс болмаса, әкем соғысқа қатыспаса, соғыс зардабынан ерте көз жұмбаса, балды балалық шағым зарлы да жарлы балалық шақ болып өтер ме еді?! Жо-жоқ, біздің буын да соғыс көріпті...
“Әкемнің еңбегі ауданға сіңген жоқ” деп кісімситін мен кіммін сонша? Өзімнің бірдеңе шимайлап атым шыққанын әлдеқандай қылғаным-ау бұл? О, астамшылық, сен қайдан келдің менің бойыма? Қайдан ғана ұя салдың ойыма, атың өшкір менмендік! Егер жақсылы-жаманды қолға қалам ұстап жүрсем сенің арқаң емес пе, әкетайым?! Ауыр тұрмысқа байланысты, соғыс зардабына қарай сенің бойыңда бүр жарып тұрып, көктей алмай қалған дарын емес пе мені алға сүйреп әдебиет атты киелі әлемге әкелген?! “Еңбегі жоқ!” Астапыралла! Мен бұл сөзді қалай айттым екен? Төрт жыл герман соғысына жанын беріп, жарымжан тәні сүйретіліп қайтқан кісіден қандай “еңбек” талап етіп отырмын, мен? 1945-1959 жылдары Отырар, Түркістан, Сайрам атты үш ауданның малын баққанда алдына шопан түсірмеген жанпидалығын қайда қойдым, құдай-ау?! Асыл тұқымды қошқар баққысы келіп сөз салған, пара жүгірткен жандарға “Сәрсен өлмей асыл тұқымды қошқар отарын ешкімге сеніп тапсыра алмаймыз” дейді екен колхоздың орыс нәсілді басшылары. Бұл атақ емес пе, даңқ емес пе? Бәлкім жоғарыдағы “Сәрсен асуы”, “Сәрсен қора”, “Сәрсен жайлауы”, “Сәрсен құдығы” сияқты сұрап алмаған жер атаулары әкемнің осындай ақ-адал еңбегіне берілген шығар. “Ауыспалы Қызыл Ту” мен “Мақтау қағаздары” әкемнің абыройлы еңбегінің көрсеткіші емес пе?! Осының бәрін көре-біле тұра “әкемнің еңбегі сіңбеген” дегенім не қылғаным?!
Әкемнің біздің алдымызда жалғыз “кінәсі” болса – ол өмірден ерте кеткені. Бірақ, өмір де, өлім де – кісінің өз қолында ма екен?! Олай емес қой. Алланың қолында! Рас, әкеден жастай қалып, ардақты әке бейнесін көзге елестете алмайтын шығармыз. Оның үстіне жалғыз ғана сурет сақталып қалыпты. Жас болдық буыны бекімеген. Орден, медаль кітапшаларын сақтай алмадық. Анамыз қаншама ақылды бола тұра хат танымайтын кісі. Оның үстіне сарыауыз балапан кезімізде басымызға қаншама қара бұлт үйірілді?! Төрт бірдей балапанын “қанаттыға қақтырмаймын, тұмсықтыға шоқтырмаймын” деп Бибіғайша ана бізді Арыс қаласындағы төркініне ала қашты.
... Шоқша сақал сары шал әне, мал санап тұр. Міне мені көтеріп атқа мінгізді. Төлдерге ие бола алмағаным үшін бопсалап шыбықпен бір тартты. Малға қасқыр тиді деп атып шығып атқа мінді. “Мына ит адам емес ұры екен ғой. Қазына малына қол сұққаны несі?” Ол әлдекімге ренжіп отыр. Ақ көйлек, ақ дамбал сары таптанған күйінде сұлық жатыр. Нешеме күн? Інісі Әмірбек ауданға шапқылап ерулі атпен дәрігер алып келді. Ол ине салды. Әкем терең дем алды да жүріп кетті. Анамның дауыс салғаны, інісі Әмірбектің егіліп тұрғаны. Міне, әкем жайлы бар елес осы ғана!
Жо-жоқ, болмайды екен. Ертеңнен бастап Москва маңындағы Подольскідегі әскери архивке хат жазып ерлігіңді куәландыратын құжат жинаймын. Ерлігіңді елге паш етермін, жан әке! Кешір мені, әруақ!
Құлбек ЕРГӨБЕК, Түркістан.