Зайсан туралы мерзімдік басылымдарда аз жазылып жүрген жоқ. Ауданның жер аумағы шағындау болғанмен, табиғаты көркем. Ертеректе осы өңірге келген Димекең “мына Зайсан қаласы Алматының минимакеті секілді екен” деген екен. Зайсан жері қазба байлықтан да кенде емес. Мыңғырған мал, жайқалған егін мен бау-бақша өз алдына. Бір сөзбен айтқанда, бұл өңір құт қонып, бақ дарыған жер. Аудандағы қырық мыңнан астам халық кешегі заманда да, бүгінгі күні де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, берекелі бірлік, тынысты тірліктерін таныта түсіп келеді.
Соның айқын айғағын биылғы жылдың өткен сегіз айы мен күзгі жиын-терін қорытындысынан аңғаруға болады. Айталық, өнеркәсіп саласында өнім өндіру көлемі ай сайын арта түсіп отырған. Соның ішінде көмір және балық өндіру ісі көлемі біршама артқан. Ауданда бірқатар кәсіпорындар халықаралық сапа менеджментінің сертификатымен жұмыс істеуде. Соның ішінде “Отандық өнім” деген атпен Астанада өткен ұлттық-көрме жәрмеңкеде сапа белгісі дипломымен марапатталған кәсіпорындар да бар. Қарабұлақ ауылында балықты Еуропа елдеріне жөнелтіп жатқан зауыт жұмыс істеп тұр. Аудан орталығында кірпіш зауыты, темір-бетон цехы жұмыс істесе, биылғы жылдың аяғына дейін мұнда ұн тартатын, сүт өнімін өңдейтін зауыттар іске қосылмақ.
Ал ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемі өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 106 пайызға артығымен орындалды. Соның ішінде ет, сүт, жұмыртқа өндіру көлемі айтарлықтай арта түскен. Өткен жылғы кыстың қолайсыздығына қарамастан мүйізді ірі қара, жылқы, құс саны артқан. Әр гектардан алынған егін түсімі 17 центнерге жуық. Сондай-ақ мал азығын дайындау жоспары күздің алғашқы айының басына дейін артығымен орындалыпты. Бұл мәселеде алдағы уақытта аудандағы Үйдене су қоймасының, Кендірлік және Жеменей су бөгеттерінің септігі зор болмақ. Кендірлік су бөгеті бойынша биылғы жылы 23 миллион теңгенің жұмысы атқарылыпты.
Осындай оңды өзгерістерді аудан өмірінің басқа салаларынан да айқын аңғаруға болады. Аудан басшысы Серік Зайнулдиннің айтуы бойынша мұнда шағын кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырған көрінеді. Айталық, биыл жаңадан бес кәсіпорын ашылыпты. Соның нәтижесінде өткен сегіз айда шағын кәсіпкерліктен түскен салық көлемі былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 14 пайызға жуық артқан. Жаңадан жұмыс орындарының көптеп ашылуы жұмыссыздар санын кемітуге септігін тигізуде.
Айта берсе аудан өмірінде мұндай жарқын мысалдар жетіліп артылады. Соның ішінде “Жол картасы” бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан игі істерді айтпай кетуге болмайды. Биыл мұнда аталған бағдарлама бойынша жалпы құны 219 миллион теңге болатын 23 жоба жүзеге асырылыпты. Сол жұмыстардың барлығы аудан кәсіпкерлерінің атсалысуымен жүзеге асырылған. Соңғы екі жылда ауданда 4 мәдениет үйі, 1 клуб, 8 орта мектепке ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. 8 ауылдық округ орталықтарының орталық және Зайсан қаласының 6 көшесі жөнделіп, жарықтандырылған. “Жол картасы” бағдарламасын жүзеге асыру барысында екі жүзден астам адам жұмыспен қамтамасыз етілген.
Бүгінде жұмыс істеп тұрған Кендірлік көмір кентінің көмір қоры 4 миллиард тонна. Сол себепті бұл өңір отыннан тарықпайтыны айтпаса да түсінікті. Сонымен бірге Зайсан қазаншұңқырында мұнайдың да мол қоры бар екендігі осыдан сексен жылдай уақыт бұрын анықталған. Соны түпкілікті нақтылап, зерттеу ісі еліміз егемендікке қол жеткізген соң ғана мүмкін болды. Бүгінде мұнда мол мұнай қоры бар екендігі нақтыланып отыр. Зайсан жерінен газдың да мол қоры табылды. Осындай орасан зор байлық келер жылдан бастап игеріле бастамақ. Бұған қоса ауданда құрылысқа аса қажет бағалы тастар, цементке бергісіз топырақ, қиыршық құм, сондай-ақ қамыс, ағаш материалдары да жетерлік дейді аудан басшысы.
Демек, бұдан аудан болашағы өте зор деген ұғым туады. Тек барды ұқсата білу керек. Мұндай игі істерге ұйытқы болуға Серік Зайнулдиннің қарым қабілеті артығымен жетеді.
Жуырда Серік Зинабекұлымен Семейде кездестік. Ол мұнда былтырғы жылдан бері облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өткізіліп келе жатқан “Туған ел – алтын бесігім” акциясына орай зайсандықтарды бастап келген екен. Бұл шара ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, ойын-сауық түрінде өткізілуде. Ел мен елді таныстырып, табыстыратын осындай мазмұнды шараға жасыратыны жоқ қайсыбір аудандардың атүсті қарайтындары да жоқ емес. Ал зайсандықтар болса, ондай көзбояушылыққа бармапты. Соған орай олар мұнда көшіп келді десе де болады. Сондықтан жәрмеңке де, жәрмеңке басындағы ойын-сауық та өз мәнінде өтті.
Олар мұнымен де шектелмей, тағы екі шара өткізді. Яғни, осындағы Абай атындағы кітапханада бүгінгі күні Зайсан қаласында тұратын Абайдың Ақылбайының Исрайылының қызы, 85-тің сеңгіріне көтеріліп отырған Гүлзипа апаның бояуы әлі кеппеген “Ризамын, асылдың сынығы боп өткеніме” деген кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Кітапта хакім ақын өміріне қатысты, атасы Ақылбай, әкесі Исрайыл туралы тың деректер баршылық. Осындай құнды еңбектің жарыққа шығуына аудан әкімдігі қамқорлық танытқан.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы.
--------------------------
Суреттерде: Зайсанда мұнай барлау жұмыстары жүріп жатыр; 2003 жылы алтын адам табылған Шілікті қорғаны.