Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының әкімі Манарбек САПАРҒАЛИЕВ:
– Манарбек Қадылғұмарұлы, сіздің Алматы мен Астанада лауазымды орындарда, сосын Өскемен қаласының әкімі болғаныңыз енді, міне бір жылдан асты жетпіс мыңға жуық тұрғыны бар Тарбағатай ауданының тізгінін ұстап, жауапты қызметіңіз арқылы ел алғысына бөлене бастағаныңыздан хабардармыз. Қазір Тарбағатай десе бүкіл республика халқы елең ете қалады. Себебі белгілі, көктемде ауа райы қүрт жылыған кезде Көкжыра, Жәнтікей, Қарғыба сияқты елді мекендерде бұрын-соңды болмаған тасқын су бес жүзге тарта тұрғын үйді, мал қораларын қиратып, ондаған мың бас малды қырғынға ұшыратты. Сын-сәтте береке-бірліктің үлгісін таныттыңыздар, жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, ақыры бұл қиындықты да жеңіп шықтыңыздар. Сол туралы қиын болса да еске ала кетсек.
– Көне көз қариялардың өзі биылғыдай қатал қыстың жарты ғасырдан астам уақыттан бері болмағанын еске алады. Барқытбелдің теріскейін мекендеген халық Тарбағатай өңірінде қардың жұқа болатынына үйренген, сондықтан мал азығын жеткілікті мөлшерде әзірлеп алатын. Қатарынан үш-төрт ай бойы күн суық болып, аяз 40 градустан түспей тұрды. Қардың қалыңдығы кей жерлерде төрт-бес метрден асып жығылды. Малға жайылым болмады. Жемшөп жетіспей, мал қырыла бастады. Ал 17 наурызда су тасқыны нағыз апатқа айналды. Сенесіз бе, Көкжыра ауылында биіктігі бір метрдей нөпір су ірі қараның өзін ағызып әкетіп, адамдар қайықтарды пайдалана бастады. Алдын-ала сақтық жасаудың нәтижесінде абырой болғанда мал шығынына жол берілмеді. Дабыл қағылды. Ең алдымен халқының алғысына бөлене бастаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жедел жетті. Соңынан іле-шала Төтенше жағдайлар министрі В. Божко ұшып келді. Сын сәтте еліміздің барлық облыстарындағы ағайындарымыз қол ұшын берді. Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл, Павлодар және Қарағанды, басқа да облыстардың басшылары техникамен, азық-түлікпен, қаржымен көмектесіп жатты. Өңір басшысы Б. Сапарбаев тек Тарбағатай емес, Зайсан ауданының Тасбастау, Күршім, Маралды, барлығы су басқан 23 елді мекенді қамқорлығына алып, тұрғын үйлер салу жөнінде нақты тапсырма берді. Елбасы Н. Назарбаевтың сәлемін жеткізді. “Қаржы бөлеміз, тұрғын үй салып береміз, малды жеңілдікпен (небәрі екі несие пайыз) алуға мүмкіндік жасаймыз, ең бастысы, сабырлы болып, өз үйлеріңізді салуға белсене араласыңыздар, барлық қиындықты жеңіп шығасыздар” деген. Содан бері жарты жыл зымырап өте шықты. Қазір барлық қиындықтар артта қалды. Жарты жылда өңір басшысы Бердібек Мәшбекұлы Тарбағатайға жиырма рет келіпті. Тек бір ауданға ғана. Аудан жұртшылығының өңір басшысына алғысы ерекше. Сонымен бірге, облыс әкімінің орынбасары, тасқын су басталғаннан бері апат аймағынан шықпай, бүкіл істі бақылауға алып, кемшіліктер мен проблемалардың шешілуіне ықпал жасаған Серік Тәукебаевтың қызметіне аудан халқы шын ризашылығын білдіреді. Облыс әкімінің орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков те бұл өңірде айлап жатып, апат зардаптарын жоюға белсене араласты. Оған да алғыс айтамыз.
– Тасқын су зардаптарын жоюда өзіңіздің орынбасарларыңыз Сіләмбек Әзімхановтың, Сәумен Жақаевтың, Асхат Смайыловтың және аппарат қызметкерлері мен аудан халқының күндіз-түні еңбек еткенін жақсы білеміз. Енді, міне, ауыр күндер артта қалған сыңайлы. Қазіргі жағдай туралы не айтасыз?
– Жетінші қыркүйекте Елбасы Н. Назарбаев Тарбағатай ауданының Көкжыра ауылына келді. Елбасы ауыл тұрғындарымен әңгімелесіп, бірнеше әлеуметтік ғимараттарды, тұрғын үйлерді салтанатты жағдайда ашты. Халықпен кездесуде апаттың алдын алуға көп еңбек сіңірген өңір басшысы Бердібек Сапарбаевқа алғысын айтып, қолын қысқан кезде біз де қатты риза болдық. Бұл азаматтың еңбегін бағалау, әділ іске оң баға беру деген сөз. Өңір басшысы Елбасына сонау Зайсан зілзаласы кезінде тұрғын үйлер құрылысы үш-төрт жылға созылғаны, ал Тарбағатайдағы құрылысты небәрі төрт-бес айда салып бітіргені жайлы хабардар етті. Шынында да солай болды. Қазір барлық тұрғын үйлерге жұрт қоныстана бастады. Үш мектептің құрылысы да пайдалануға берілмек. “Парыз” қоры арқылы қоныс тойын жасаушыларға жаңа жиһаздарды сыйға тартты. Бұдан артық қандай қамқорлық керек. Береке, бірлік пен ынтымақтың нәтижесі осындай. Тарбағатайлықтар Елбасына, облыс әкіміне шын жүректен ризашылығын білдіреді.
Біздің жақта қыс ұзақ. Биылғы қыстың да қатал болатын түрі бар. Қазірден бастап оған қам жасаудамыз. Бұл күндері ауданда 2454 шаруашылық құрылымы тіркелген, оның ішінде үш өндірістік кооператив, 2443 шаруа қожалығы, 8 өнім өңдейтін кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Қыстың жайсыз болуы мен көктемгі су тасқынының салдарынан өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда мал басы едәуір азайды. Ал қазақ үшін малдың алатын орны ерекше. Ірі қара 10968, қой мен ешкі 60 мың басқа азайды. Соған қарамастан бізде 390738 қой-ешкі, 120 мыңдай ірі қара, 20 мыңдай жылқы қыстамаға барады. Қазір қожалықтар мал азығын дайындап алды. Үкіметтің екі пайыздық жеңілдікпен беріп отырған несиесі мал басын қайта көбейте ме деген үміт те жоқ емес.
Ауданда шағын кәсіпкерлік жолға қойылған. 361 сауда дүкені, 48 қоғамдық тамақтандыру орны, 64 қызмет көрсету мекемесі, 19 жанар-жағармай құю стансасы, 17 дәріхана, 34 шағын наубайхана халыққа қызмет көрсетуде. Тек биыл алты сауда дүкені, екі қоғамдық тамақтандыру орны, бір наубайхана ашылды. Үстіміздегі жылдың сегіз айында шағын кәсіпкерлікпен шұғылданатындар аудан бюджетіне 62,1 миллион теңге салық түсірген.
– Манарбек Қадылғұмарұлы, ауданның даму деңгейі жөнінде не айтасыз?
– Аудан экономикасы жыл сайын дамуда. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары аудан бюджеті 900 млн. теңге болса, ол бүгінгі күні 3 млрд. 586 млн. теңгеге немесе 4 есеге артты. Осы бір ғана көрсеткіштен көп нәрсені аңғаруға болады.
Аудан экономикасын дамытуда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің көлемі артып келеді. Бұл күні асыл тұқымды қой малы аудандағы барлық қойдың жеті пайызын құрайды. Жер өз иесін тапты. Егістік көлемі арта түсуде. Халықты қыс мезгілінде көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында жылыжайлар салу қолға алынды.
Аудан экономикасына инвестициялар тарту көлемі артты. Кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Аудан бюджетінің кіріс жоспары толығымен орындалуда. Ал кемшіліктер жағына келер болсақ, өз өнімдерімізді аудан аумағында өңдеп ел игілігіне толық жарата алмай келеміз. Бұл орайда, аудан әкімдігі кәсіпкерліктің қандай түрін болсын дамытуға қолдау көрсетуге әрқашанда әзір.
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың биылғы жылы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталатын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмасына сай “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы аудан экономикасын дамытудың басты жоспары болуы тиіс.
– Ел экономикасын сауықтыруда елеулі орын алатын ойыңызды білсек?
– Шынын айтқанда, қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде “Жол картасы” бағдарламасын елімізді дағдарыстан алып шығудың стратегиялық жоспары деп айтуымыз керек. Бұл орайда ауданымызда ауқымды шаралар мен жоспарлы жұмыстар атқарылды. Өңірлік жұмыспен қамту және кадрларды қайта даярлау стратегиясын іске асыру аясында ауданда өткен жылы “Жол картасы” бағдарламасы шеңберінде 61,5 млн. теңге қаржы қарастырылып, 75 жоба бойынша 220 адам жұмыспен қамтылды.
Биыл осы бағдарламаға 431 млн. 824 мың 700 теңге қаржы бөлінді. Оның 296 млн. 413 мың 500 теңгесі республикалық бюджеттен, 135 млн. 411 мың 200 теңгесі аудандық бюджеттен. Бұл 2009 жылғы қаржыдан 7 есеге артық деген сөз. Бұл қаржы 40 жобаны жүзеге асыруға бағытталатын болады. Соның есебінен 483 жаңа жұмыс орны ашылды.
– Елбасының бастамасымен өткізілген әкімдердің тұрғындар алдындағы есепті кездесулері халық пен билік арасындағы байланыстың шешуші факторы екендігі сөзсіз. Сіз де барлық ауылдық округтерде кездесулер өткізіп, есеп берген шығарсыз?
– Халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілегін, өтініштері мен арыздарын әкімдер шешпегенде, кімдер шешеді деген заңды сұрақ туады. Елбасымыздың осы орайда жүргізіп отырған саясатын өте орынды деп есептеймін. “Әкім бол, халқыңа жақын бол” деп халық тегін айтпайды. Сондықтан әкімдер халық алдында жиі есеп беріп отырулары қажет. Бұның өзі халық пен билік арасындағы байланысты нығайтатыны сөзсіз. Ал өзіме келетін болсақ, барлық ауылдық округтерде халық алдында есеп бердім. Халық мұны қанағаттанарлық сезіммен қарсы алды. Өз пікірлерін айтты. Болашақта атқаратын жұмысымызға бағыт-бағдар берді. Бір қуанарлығы халық шама-шарқы келгенше еңбек етіп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосатындықтарын мәлім етті.
– Ауданның экономикалық-әлеуметтік рухани саласын дамытуда қандай басым бағыт-бағдарыңыз бар? Осы туралы оқырмандармен ой бөліссеңіз.
– Биыл білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының материалдық-техникалық базаларын нығайтуға бөлінген қаржы игерілу үстінде. Халықты әлеуметтік жағынан қорғау саласына да қомақты қаржы бөлінген. Алдағы жылы да бұл мәселелер өз жалғасын табатын болады.
Сонымен қатар ауданымызда тұрғын үй құрылысы, көлік-коммуникация, қызметі салаларын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен, биыл аудан орталығы Ақсуат ауылындағы су құбырларын қайта жаңғыртуға 90 млн. теңге бөлініп игерілуде. Жалпы, бұл құбырдың жобалық сомасы 253,3 млн. теңге, ол 2010-2011 жылдарға қаралып отыр. Барлық жөнделетін құбырдың ұзындығы 19,3 шақырымды құрайды.
Биыл құрылысы республикалық бюджет арқылы жүргізіліп жатқан аудан орталығы Ақсуат ауылындағы 75 төсектік аурухана мен 100 адам қабылдайтын емхананың және Ақжар ауылындағы 50 төсектік өкпе ауруына қарсы емдейтін аурухананың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуі жоспарлануда. Көкжыра мен Жәнтікейде орта мектеп, үш дәрігерлік амбулатория іске қосылмақ. Жолдар жөнделіп, көпір салынуда. Бұл аудан халқы үшін зор жаңалық, үлкен қуаныш болмақ.
Қысқаша айтқанда, басты бағыт-бағдарымыз халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы мақсатта біздің алдымызда зор міндеттер тұр. Олар өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметтерін жандандыру, инвестиция салудың барлық тәсілдері мен әдістерін қолдана отырып, аудан экономикасына түрлі нысандар мен инвестициялар тарту, белсенді кәсіпорындардың үлесін арттыру және басқалар. Бұл мақсаттар сөзсіз жүзеге асырылады. Еңбекші халықтың көтеріңкі көңіл-күйі, еңбек белсенділігі береке-бірлігі мен ұйымшылдығы – зор табыстар кепілі.
– Жұмыста шешуші тұлға – кадр. Бұл баяғыдан келе жатқан қағида ғой. Жалпы, кадр таңдауда нені басшылыққа аласыз.
– Қай салада болсын жұмысты бір жолға қойып, оның тиімділігін арттырып, ұйымдастыруда, атқарылған жұмыстың нәтижелі болуында басты тұлға кадр екені сөзсіз. Мен өз басым қолынан іс келетін, білімді, жаңа технологияларды меңгерген, бүгінгі күн талабына сай шешім қабылдап нәтижелі жұмыс істей алатын адамдарға қолдау көрсетуге үнемі даярмын.
Жастар біздің болашағымыз. Оларды жұмысқа үйрету, тәрбиелеу біздің басты мақсаттарымыздың бірі болуы керек. Мол тәжірибе жинап, ұзақ жыл жемісті еңбек етіп келе жатқан кадрлардың еңбегі кімге де болсын үлгі-өнеге.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Суретте: аудан әкімі М.Сапарғалиев.