• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
23 Қазан, 2010

“Мен сауапты істің жолында жүрген жанмын”

818 рет
көрсетілді

Үйренетін үрдіс

“Мен сауапты істің жолында жүрген жанмын”

— дейді жекеменшік балабақша-мектеп-гимназия директоры Раушан Мадина

Қостанай қаласындағы “балабақша-мектеп–гимназия” деп аталатын балалар мекемесі жұртшылыққа кең таны­мал. Бұрын “Қазақстан темір жолы” рес­­­­пуб­ликалық мемле­кет­тік мекеме құзырына қараған ол соңғы жылдары жекенің мен­шігінде. Осы балабақшаның 30 жылдан бері меңгеру­шісі болып қызмет істеп келе жатқан Раушан Мадинаға ата-аналардың алғысы да ерекше. Ол бала тәрбиесі уақыт қозғалысы мен заман талабына сай болу үшін халықтық педа­гогика мен жаңашылдық үрдістің қатар өрілуін жұмы­сы­ның басты нысанасы етіп келеді. Ұстаз және іскер бас­шы, “Қазақстан Респуб­ли­касының білім беру үздігі”, “Құр­метті теміржолшы” белгілерінің иегері Раушан Нүр­кенқызы өзінің тәжірибесі мен мек­теп­ке дейінгі бала тәрбиесі туралы ойларын біздің тілшімізбен бөліскен еді. – Раушан Нүркенқызы, сіз басқарып отырған мекеме 90 жылдары нарық қиындығынан жабылып қалмай аман шыққан бала бақша облыста екеу болса бірі, біреу болса өзі еді. Әрі оны жекеше­лендіріп алдыңыз. Сіздің ұйымдастыру­шылық іскер­лігіңізге тәнті болған жұрт балабақшадан да үлкен істердің жалы­нан ұстағаныңызды қалайтынын айтып жүрді. Өзіңіз осы пікірге қалай қарайсыз? – Ел үшін игілігі бар істің үлкен-кішісі болмайды. Рас, егер өзге саладағы істер­ді де қолыма алсам, үйіріп кетуге білімім де, ішкі қуатым да жетер еді. Ал мен ең үлкен, ең игілікті іс – бала тәр­бие­сі деп білемін. Мұхтар Әуезов “ел бол­а­мын десең – бесігіңді түзе” деген жоқ па еді? Ұлы адам бұл жерде бала тәрбиесін басты мәселе етіп көтеріп отыр. Біздің тәуелсіз еліміздің тілі де, ділі де балабақшадан басталады. Жас шыбықты қалай исең, солай өседі емес пе? 90-жылдары нарық келген кезде ең алды­мен зардап шеккен бүлдіршіндер болды. Ауыл түгіл қалаларда балабақ­шалар шетінен жабылып жатты. Қоста­най қаласы мен облыстың басқа да қала­ларында, аудан орталықтарында Кеңес Одағы кезінде салынған типтік балабақша ғимараттары қаңырап бос қалды. Қостанай қаласында сондай балабақша үйлері жеке адам­дардың коттеджіне айналып кетті. Олар­дың барлығы бірдей кейін қайтарылған жоқ. Соңғы жылдары облыста балабақшалар қатары көбейіп келеді, дегенмен ғимарат жағы тапшы екенін жұрт біледі. Мен өзім басқарған балабақшаны жекешелендіріп алдым. Бұрын “Қазақ­стан темір жолы” республикалық мемле­кеттік мекемесі өзінің құзырына қараған білім ошақтары мен балабақшалардан қаржы­ны аямайтын. Соның арқасында біздің балабақшаның материалдық база­сы өте мықты болды, шығармашы­лық­пен жұмыс істеуіңе жағдай молынан жасалды. Бірақ нарық шойын жолды да айналып өтпеді. Эконо­ми­калық өзгеріс­терге байланысты “Қазақ­стан темір жо­лы” балабақшаны өз ба­лансы­нан шы­ғар­­ды да, енді ол жергілікті бюджетке қарады. Облыс бюджеті 2000 жыл­дардың басында әлі де әлжуаз еді, сон­дық­тан біз­дің балабақша қызметкер­лерін қыс­қарту күтіп тұрды. Ал бізде бала күтуші, тәрбиеші, ұстаздар – барлығы 63 адам жұмыс істейді. Егер жергілікті бюд­жетке өтсек, мамандардың барлығы қыс­қарып, тек күтуші мен тәрбиеші ғана қала­тын бол­ды. Мен баланы жан-жақты да­мы­та­тын мамандарсыз, ұстаздарсыз бала­лар мекеме­сін елестете алмаймын. Біздің ұстаздардың барлығы дерлік жоғары білік­ті әрі осы мекемеде үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан мамандар. Оларға да обал емес пе? Намыс деген осындайда атой­лап кетеді ғой, ештеңе де ойлап жат­пас­тан, банктен 14 пайыздық үстемемен несие алып, бала­бақшаны жеке меншік­ке ай­нал­дырдым. Қазір несие, салық төлеймін, балабақша жұмысы бұрын­ғыша жүріп жатыр. Осылай жеңіл емес шоқпарды беліме байладым. – Жеке меншік балабақша облыста саусақпен санаулы ғана. Бүгінде облыс орталығының өзінде 3,5 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр екен. Сіз сияқты несие алып, жеке меншік балабақша ашуға не кедергі деп ойлайсыз? – Жеке меншік балабақша ашуға неге болмасын, болады. Оған мемлекет тарапынан жеңілдіктер керек. Бірақ оны пайда көзіне айналдырам дегендер қате­леседі. Балабақша өндіріс цехы немесе мейрамхана емес. Бұл баламен жұмыс істей­тін қасиетті орын. Басқасын айтпа­ғанда, балабақшаға арналған арнайы ғимарат керек. Мысалы, біздің қалада да қар­жысы бар бай кәсіпкерлер балабақ­ша ашуды ойлап, менің тәжірибемді көру үшін келген. Бизнестегі адамдар қан­дай іс бастағысы келсе де алдымен одан түсе­тін пайдасын есептейді. Сол кісі­лердің ешқай­сысы да балабақша ашқан жоқ... Мен әу бастан осы істі жүрекпен қала­дым. Қырық жыл бойы балабақша­, бүлдіршіндердің арасында келемін. Маған балабақшадан бұлақтай құйылып түсетін табыс емес, бала үшін жасалған істің нәтижесі алғашқы орында тұрады. Жалпы мен табыстың емес, сауапты істің жолында жүрген жанмын. – Енді балабақшаның өзіне келсек. Рау­шан Нүркенқызы, сіз отыз жылдан бері осы балабақшаны дамытып, кеңейтіп келесіз. – Менің жалпы педагогтық өтілім қырық жылдан астам. Осы жылдарда бай­қағаным, балабақша уақыт тынысы­нан қа­лып қоймауы, қайта лажынша алда болуы керек. Өйткені, баланы бола­шақ үшін өсіреміз ғой. “Қазақ темір жо­лы­на” қара­ған кезде, яғни 80-жыл­дары Қоста­най­дағы шойынжол желісі бойын­да қазақ мек­теп­тері болмайтын. Сол жыл­дары мен стан­са­лар мен бекеттерді аралап жүріп, бүл­дір­шін­дерді өз қолым­мен жетектеп әке­ліп, бала­бақшадан қа­зақ сыныбын аш­тым. Содан бұл мекеме “балабақша-мек­теп” бол­ды. Ке­йі­нірек оны гимназия ет­тім. Бүл­діршін­дерге ағылшын тілін, орыс топ­тарына қазақ тілін үйретуді де тәуел­сіз­­дік алмастан бұ­рын, 80-жылдар­дың аяғын­да-ақ енгіз­дім. “Қазақ темір жолы” қаржы­сы­ның арқа­сын­да маман­дарды Мәскеуге, та­ғы басқа орта­лық қалаларға жі­беріп, оқы­­тып алдым. Ке­ңес Одағы кезін­де мек­теп­­ке дейінгі тәр­бие жөніндегі мықты маман­дар Мәскеуде деп есептедік. Мүм­кін солай болған да шы­ғар. Мен олар­­ға көп елікте­дім, үйрен­генімді де жа­сыр­май­мын. Сон­дық­тан мәскеулік бағ­дар­­ла­ма­мен жұмыс істеген кездеріміз де бол­­ды. Менің балабақшамда бала тәрбие­сі­не, оның жан-жақты дамуы­на ықпал ете­тін мамандар­дың барлығы дерлік бар. Қазір біздегі би, бейнелеу өнері студия­лары кез кел­ген балабақша­дан табыла бер­мейді. Ло­го­пед, пси­холог та балабақ­ш­а­­лар үшін та­п­­­шы ма­ман. Ал баланың шолжың тілін бүл­­­діршін кезінде жөндеу керек, мұндай про­блема­ның көбейіп отырғанын дәрігер­лер жиі қайта­лайды. Біздің балабақшада бір емес, екі логопед кабинеті жұмыс істейді. Балабақшада әдетте, баланы дамыту, оның денсаулығын қадағалау және тәр­бие негіз­дерін қалау ісі қатар жүреді. Біз бүл­дір­шіндеріміздің тамағына да көп кө­ңіл бөлеміз. Мысалы, дастарқанға қо­йыл­­­ған та­мақ­тың бір түрі оншақты күн бойы қай­та­ланбайды. Табиғатында бала тамақпен, ойынмен өседі ғой. Тәр­биеші­леріміз мұны жақсы ескереді. Олар жүр­гізген жұмыстар баланы сергітеді, ойын арқылы қабілетін ұштауға дайын­дайды. Сонымен қатар отансүйгіштік, адамгер­шілік қасиеттер де бала бойында бесіктен қаланатыны бел­гілі. Осыған орай тәуел­сіздік алғанға де­йін­гі бір жағдай есімнен кетпейді. Орта­лық басылым­дардан При­бал­тикадағы мек­тепке дейінгі мекемелер­дің әдістеме­лері жақсы дегенді оқитын­мын. Балабақ­шадағы негізгі мамандар­ды ертіп алдым да, Рига қаласына жүріп кеттім. Пайыз тоқтағанда вокзалдан бір музыка әуені ес­тілді. Сұрастырсақ, ол Латвияның ән­ұра­ны екен, жолаушы­лар­ды осылай күтіп ала­ды. Ал балабақша­ларының барлығын­да республикалардың рәміздеріне арнал­ған бұрыштама бар. Латыштардың пат­риот­тық тәрбиесіне сүй­сін­генім сондай, Қостанайға келісі­мен балабақшада сон­дай бұрыштама мен қабырғалық көрнекі­ліктерді біз де жасадық. Сол кездегі уақыт өлшемімен алғанда бұл жаңалық еді. Не­гізі Кеңес Одағы кезінде Мәскеудің, При­балти­каның мектепке дейінгі мекеме­лерінен үйренгеніміз аз болған жоқ. Ал қазір қандай елдегі жақсыны үйренем, жалғастырам десең де мүмкіндік жетеді. – Биылдың өзінде Оңтүстік Корея­ның Сеул қаласында және Мәскеуде өт­кен мектепке дейінгі мекемелерге қатыс­ты халықаралық форумдарға қаты­сып қайт­тыңыз. Одан алған жаңалығы­ңыз бар ма? – Бұл екі жиынға да қазақстандық ұлт­­тық ЮНЕСКО клубтарының федера­ция­сы арқылы бардым. Мен осы феде­ра­ция­дағы эксперттер тобының мүшесі­мін. Оңтүстік Кореядағы форум балалар­ды көр­­­ке­мөнерге тәрбиелеу жөнінде бол­ды. Эко­номикалық дамыған, салты да, үрдісі де бөлек елдегі мектепке дейін­гі тәр­бие біз­дегіден тым алшақ, әрине, ма­териал­дық, әлеуметтік жағынан көш алға кетіп қалған. Белгілі стандарт жоқ, бала­ға өте ер­кінд­ік беріледі. Олардың жұмыс мақ­са­ты баланы тұлға ретінде қалыптас­тыру, бұ­лақ көзін ашу болғанмен, оның асылын жасығынан елеп-екшеу керек. Маған ұна­ғаны, Кореяда ағылшын тіліне әлемдік тіл деп басымдық беріп, бүлдір­шін­дерге оны 3 жастан бастап үйретеді екен. Осы сапар­дан келген соң, бас­тауыш сынып­тардағы, балабақшадағы да оқу жоспары­на өз­ге­ріс­тер енгіздім. Балаларға салмақ түсіп кет­­пейтін етіп, ағыл­шын тілі сағат­тарын көбейттік. Сонымен қатар корейлер сала­мат­ты өмір салтына ерекше мән бере­ді екен. Сапар­дан соң балабақшадағы бір спорт залды 250 балаға аз деп білдім. Қазір екінші спортзалдың құрылысын бастадық. Ал қыркүйек айының соңында Мәс­кеуде өткен бүлдіршіндерге тәрбие мен білім беру жөніндегі дүниежүзілік кон­ференцияға ЮНЕСКО-ға мүше 150 ел­ден мамандар келді. Қазақстаннан “Мек­теп­ке дейінгі балалық” республикалық орталы­ғының директоры Дина Омарова, Алматы қаласы білім басқармасы мек­тепке дейінгі тәрбие бөлімінің бас мама­ны Людмила Сейілова үшеуміз бардық. Қандай ел, қандай ұлт болса да ұрпақсыз болашақ жоқ. Сондықтан бала тәрбие­сі – әлемдік мәселе. ЮНЕСКО Мәскеу қала­сы үкіметі­нің қолдауымен мұндай алқалы жиынды бірінші өткізіп отыр. Бұл жиында баланы жан-жақты дамыту, тәрбие мәселесіне қатысты проблемалар да, өздерінің жақсы тәжірибесі де айтыл­ды. Осы конферен­цияда сөз сөйлеген­дердің айтуына қараған­да, ЮНЕСКО-ға мүше елдердің барлы­ғында да кадр тап­шы­лығы өткір мәселе екен. Бұл тапшы­лық біздің елге де тән. Сондықтан мек­тепке дейінгі мекеме үшін мамандар дайындау ісіне елімізде әлде де көңіл бөліне түссе деген тілек бар. Мәскеу­дің үлгілі деген балабақ­шаларын араладық. Материалдық жаб­дық­талуы жағынан біздің балабақша­лар олардан кем түспейді, мүмкін артық та шығар. Мен осыған қуандым. Қазір өзімізге жақындау деген ТМД елдері нарық қиыншылықтарын бастан ке­шіп отыр. Соған байланысты мектепке де­йін­гі тәрбие жұмысы тек біздің елде ғана емес, бұрынғы он бес республи­ка­ның бар­лы­ғында да ақсаған. Қазір соны қайтадан қалпына келтіруге әр ел өзінше талаптанып жатыр. Мәскеулік­тердің бір бағдарламасы көңілімнен шықты. Ол “ме­нің балабақшам үйімде” деп атала­ды. Кішкентай бүлдірші­ні­мен үйде отыр­ған жас ана тағы да көрші­лерінің 4-5 бала­сын бағады. Ол үшін мем­ле­кеттен керек­ті қар­жысын алып, үйін жаб­дық­­тайды, талап­тарды орындайды. Бүл­­дір­­шін­дерді үлкен топ­қа жеткізгенше бала­мен отырған әйел­дің айлық жалақысы жүреді, зейнетақы қорына пайызы аудары­лады және еңбек өтілі сақталады. Көрдіңіз бе, ана да, бала да ұтады. – Сіз өз балабақшаңызда алдымен қандай мәселеге көңіл бөлесіз? – Әрине, кадр мәселесіне. Бізде қыз­мет істейтін ұстаздардың да, тәрбие­шілер­дің де еңбек өтілі ұзақ, тәжірибе­лері өте мол және осы істі өзім сияқты жү­ре­гімен қалайтын жандар. Біздің көзқара­сымыз бірдей болғандықтан отыз жыл бірге, бір ұжымда, бір істі атқарып келе­міз. Балабақ­шадағы ұстаздардың бар­лығының да “Балапан” бағдарлама­сынан тыс өздерінің жасап, лицензия алған балама бағдарла­малары бар. Сол бағдарламалары арқылы шығарма­шы­лық­пен жұмыс істейді. Мыса­лы, қазақ сыныбына осыдан үш жыл бұрын келген 9 бүлдіршін бір ауыз қазақ­ша білмейтін. Олар мұғалім Күлмаш Әліп­­­­­баева­ның арқасында ғана қазақша сай­рап кетті, әрі жақсы оқиды. Күлмаш Аман­гелдіқызы бала үшін ешқашан ерін­бейді. Ол кісінің еңбегін мен ұстаздық жұ­мыс­қа адалдық деп ғана бағалаймын. Ал 2 орыс сыны­бы­ның мұғалімі Вален­тина Алексеева да нағыз педагог дер едім. Ол кісі өзінің еңбекқорлығымен, сөйлеу мәде­ниетімен, жүріс-тұрысымен, киім киісімен, тіпті сырт пішінінің әдемілігімен де бала­ның әлеміне еніп кететін адам. Валентина Влади­ми­ров­наның сыныбында үлгерімі нашар оқушы болмайды, ол әріп үйрет­кен бүлдіршін­дердің алды бұл күнде шет елдер­де білім алып жүр. Онымен бала түгіл, ата-ана да қимай қоштасады. Су­рет­ші Алма Бек­на­зарованың, информа­тика­дан беретін Дарья Мякушеваның, ағылшын тілін үйрететін Наталья Веков­щининаның, хореограф Свет­лана Бабич­тің және тағы басқала­рының бала­ны дамытуда еңбектері ұшан-теңіз. Біздің ата-аналарымыз балабақша-мектеп мұғалім­дерінің білікті, мықты екенін жақсы біледі. Сондықтан жыл сайын бала жинау бізге оншалықты қиындыққа түспейді, жұрт бірінен-бірі естіп бүлдір­шіндерін бізге жетелеп келеді. – Сіздің мекемедегі бағдарлама­лар­дың, әдістемелік жұмыстардың басқа ба­лабақшалардан басты айырмашылығы қандай? – Біз әр баламен жеке жұмыс істей­міз. Жасыратыны жоқ, мектепке дейінгі мекемелерге және бастауыш сыныптарға арналған оқулықтар әлі талап деңгейінен шыға бермейді. Сондықтан біздің ұстаз­дарымыздың лицензия алынған балама бағдарламалары бар. Егер бала сабақты игеріп бара жатса, біз оған сабақты бір­те-бірте күрделендіреміз. Ал қабілеті төмен­деу бала үшін белгіленген стандарт бойын­ша оқытамыз. Төменгі топтар үшін де осын­­дай ұстаным бар.Осының бар­лы­ғы­ның нәтижесі бүлдіршін мектеп есі­гін ашқанда оның дайындық деңгейі­нен бел­гілі болып тұрады. Көп жылдан бері мек­тепке дейінгі бала тәрбиесімен айна­лысып келе жатқан маман болған­дық­тан, бұл са­ла­ның кем-кетігі, жетістігі маған аян. Оны айта кетсем, артық бол­мас деп біле­мін. Республикада мектепке дейінгі меке­мелер үшін оқу тәрбие бағ­дар­ламасы бар. Бірақ оны іс жүзіне асы­ратын не әдіс­теме­лік нұсқау­­лары, не тех­нология­лық карта­сы, не дидакти­калық материал­дары жоқ. Олар­ды әр балабақ­ша өздері жасауы керек. Ал оны жасай­тын білікті мамандар. Олар әр балабақ­ша­дан табыла бермейді. Ал менің балабақша-мектебім­нің айыр­ма­шылығы, тәжірибелі, білікті маман­дарым­ның арқасында мен осылар­ды жасап алғанмын. Бір айтарым, балабақшалардың жеке­мен­шік немесе мемлекеттік мекеме екенін­де тұрған не бар? Мақсат ортақ–баланы жан-жақты дамыту, тәрбиелеу емес пе? Сон­­дықтан жақсы ұстаздарды, олардың үздік бағдарламаларын бізде наси­­хаттау, тарату жеткіліксіз. Алтын­сарин, Макарен­ко сияқты заманымыз­дың тұлғалары ке­рек. Ал Білім күні және басқа да мемле­кет­тік мерекелерде жергі­лікті жерлердегі жеке меншік балабақ­ша­да істейтін ұстаз­дар қауымы ешқашан ескерілмейді. Біз назар­дан тыс қалып қоямыз. Бұл марапат­тан кенде қалып қой­дық деген сөз емес. Ортақ мақсат жо­лында бірге болайық де­ген ой ғой. Әйтпесе, бізге бойына білім мен текті тәрбие дәнін еккен бүлдіршін­дері­міздің еліміздің тамаша азаматы болып қа­лып­тасқанын көруден артық марапат жоқ. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.