• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Қазан, 2010

Мемлекеттік қызметші – жауапкершілікті тұлға

1918 рет
көрсетілді

Соңғы кезде мемлекеттік қыз­мет­ті жаңаша оңтайландыру жө­нін­дегі шаралар мен жаңа міндет­терге байланысты онда қызмет істейтін кадрларға қойылатын талап та күшейе түсті. Осыған орай Мем­лекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша басқар­ма­сының бастығы, Тәртіптік кеңес төр­ағасы Мұхит ІЗБАНОВҚА бір­не­ше сауал қойған едік. – Мұхит Кәрімұлы, қай кезде де кадрды ең басты тұлға ретінде танытатын мемлекеттік қызметтің маңызы айрықша. Әсіресе, әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуді көздеген Қазақстанның мемлекеттілігін бекітуде мемлекеттік қызметкерге жүктелетін жауапкершілік жүгі әсте оңай емес. Осы жайында не айтар едіңіз? – Қоғам жаңарған сайын көптеген оң өз­герістер болады. Ал бұл мемлекеттік қызмет ая­сын түп тамырымен өзгертіп жіберді деуге болады. Қазір мемлекеттік қызметтің мәртебесі де, оның қызметінің түрі де, өкілеттілігі мен міндеттері, құқы мен жауапкершілігі де мүлде жаңа талаптарға жауап беруі тиіс. Осы тұр­ғы­дан айтқанда, алға қойылған міндеттерді толық орындау үшін оған жеткілікті дайындығы бар, кәсіби білікті, аса қабілетті адамдар қажет. Де­мек, мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеуде жаңа талаптарға толық сай келетін мамандар шоғырын қалыптастыруымыз қажет. Президенттің үстіміздегі жылғы 1 ақпанда бекіткен елімізді 2020 жылға дейінгі дамыту жө­ніндегі стратегиялық жоспарына сәйкес Қа­­зақ­станда кәсіби мемлекеттік қызметті қа­лып­тастырып құрудың негізі ретінде енді жаңа ла­уа­­зымдық қызметтер мен кадрларды іріктеудің тиімді жүйесі және оларды сапалы оқыту бағ­дарламасы жұмыс істей бастайды. Бұл бағыт бой­ынша қазірдің өзінде бірқатар нақты ша­ра­лар қолға алынып, жүргізіліп те жатыр. Яғни, қазіргі кезде бос тұрған әкімшілік мемлекеттік лауазымдық қызметтерге тұру үшін кәсіби және жеке біліктілік қабілеттерін тестілеу арқылы тексеруден өткізетін екі кезеңнен тұратын конкурстық жоба жүзеге асырыла бастады. Оның бірінші кезеңінде агенттіктің аймақтық бөлімшелері арқылы әкімшілік мемлекеттік қызметтің кадрлық резервіне тестілеудің жаңа жүйесіне негізделген, кәсіптік және жеке бі­ліктілік қабілеттері бойынша ең лайық деп та­былған үміткерлер іріктеліп алынады. Мұндай тәсіл мемлекеттік қызметшілердің мүмкіндік әлеуеттерін одан әрі кеңінен дамытуына елеулі жағдай туғызады деп есептейміз. – Тестілеу мен кадрларды іріктеуде, жалпы білікті мемлекеттік қызметкерге қандай талап қойылады? – Үстіміздегі жылдан бастап бұл бағытта арнайы компьютерлік бағдарлама жасақталып, жүзеге асырыла бастағанын айтуға болады. Бұл әдіс тестілеу кезінде on-lіne жүйесі арқылы агент­­тіктің барлық аймақтық басқармаларын то­лық қамти алады. Тестілеу жұмысына бар бол­ғаны екі-ақ сағат уақыт кетеді. Сол тес­ті­леудің нәтижесі бойынша үміткерлерге олар­дың кәсіби біліктілігі мен жеке қабілеттері жө­нін­де жазба толтырылған қорытынды беріледі. Мұндай тәжірибелік жұмыс биыл алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің орталық аппарат­та­ры­ның басшы қызметкерлеріне жүргізілген бо­латын. Оның нәтижесі алынған бағыттың дұ­рыс екендігіне үлкен сенім ұялатты. Ал, екінші кезең ішінде мемлекеттік органдар үміткерлерді конкурстық жүйемен кадрлық резервке енгі­­зіл­гендердің ішінен таңдап, іріктеп алатын бо­ла­ды. Мұндай конкурс бос жұмыс орындарына ең лайықты деген адамдарды дұрыс таңдап алуға мүмкіндік береді. Бұл жоба үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бастап Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, осы жобаны жүзеге асыру кезінде мемлекеттік қызмет көрсету мен адамдарды басқару деңгейіне баға берілетіндігін айтқан ләзім. Қазіргі кезде бұлайша мемле­кеттік қызмет көрсету мен адамдарды басқару деңгейіне баға беру ісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Табиғи мо­но­полияларды реттеу агенттігінде және Ақмола облысында жүргізілу үстінде. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қыз­метті жүзеге асыруы кезінде олардың түрлі заң­ды­лықтарды талапқа сай сақтауы жөніндегі есеп­тері мен сұрыпталған арнайы статисти­ка­лық мәліметтері, сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлерге анкеталық сұрау салулар ар­қылы бағалау төмендегідей бес санат бойынша жүргізілмекші. Яғни, мемлекеттік органдардың адамдарды дұрыс іріктей білуі, оларды оқытып, біліктіліктерін дамытуы, этикалық нормаларды сақтау деңгейі, дәлелдемелері және сыбай­лас­тыққа жол беру жағдайы жөніндегі ақпараттар бойынша. Осы мақсатта агенттікте осы аталған бес санат бойынша арнайы есеп беру үлгілері жа­сақталуда. Сол негізге байланысты дайын­дал­ған көрсеткіштер бойынша мемлекеттік ор­гандардың рейтингтері жасақталады. Өйткені, адамдарды басқара білу де ғылым, ол мем­лекеттік қызмет жұмысының ең басты элементі десек те болады. Демек, бұл істі дұрыс бағалай білу қызметкерлердің кә­сіби маман ретінде өсуі мен дамуына ойдағыдай қызмет ететін болуы тиіс. – Басталған істің ал­ғашқы нәтижелеріне нақты деректер келтіре аласыз ба? – Бүгінге дейін сөз етіп отырған осы бағдарлама бой­ынша біздің облы­сы­мыз­да аттестаттауға жатады де­ген 43 мемлекеттік қыз­мет­кер арнайы тестілеуден өт­кен еді. Олардың қоры­тын­дысы біздің күткен се­німімізді толықтай ақтады. Дегенмен, алда да әлі көп­теген жұмыстарды іске асыруымыз қажет. Нақты нәтижені қолға алынған қанатқақты бағдарламаман ең соңғы қорытындыларына ғана қарап бағалайтын боламыз. Ең басты мақсат, жоғарыда айтып өткеніміздей, бос тұрған жұмыс орындарын жеке біліктілік қасиеттері мен кәсіби ше­бер­ліктерін таныта білген ең лайықты үміт­кер­лермен толықтыруға қол жеткізу болып та­бы­лады. Осы мақсатта қазірдің өзінде облыстың барлық мемлекеттік органдары бойынша аттес­таттауға жатады деп есептелетін барлық мем­лекеттік қызметкерлер 1 қыркүйектен бастап психометриялық тестілеуден өткізіле бастады. Ал, мемлекеттік қызметті бағалауға келетін болсақ, бұл жерде ең алдымен оның тұрғындар үшін мейлінше қолжетімділігі мен сапалы қызмет көрсетуі өте маңызды болмақ. Бұл істе, сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің өз мезгілінде қанағаттандырылуы мен әдептілігі, электронды түрдегі қызметі, сондай-ақ көп­шіліктің шағым-арыздары деңгейінің елеулі рөл атқаратындығын айта кетуіміз орынды. Мем­лекеттік қызметті бағалау кезінде тұрғындарға жүргізілетін әлеуметтік сауалдамалар да, ста­тис­тикалық мәліметтер де жете пайдаланыла­тын болады. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметті бағалау үшін тәуелсіз сарапшылар да, үкіметтік емес ұйымдар да неғұрлым белсенді түрде қатыстырылатын болса, бұл қанатқақты бағдарламаның солғұрлым ашық та, мейлінше демократиялы болатындығын көрсетеді. – Мемлекеттік қызметтің сапасын арт­­тыру үшін әзірленіп жатқан жаңа тұжырым­дама туралы не айтар едіңіз? – Бекітілген стратегиялық жоспарға бай­ланысты жаңа реестрге негізделген мемлекеттік қызмет лауазымдарының негізгі үш түрлі корпусын енгізу көзделіп отыр. Олар – саяси мемлекеттік қызметкерлер корпусы, әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің “А” басқару кор­пусы және әкімшілік мемлекеттік қызметкер­лердің “Б” атқарушы корпусы. Саяси мемле­кет­тік қызметшілер корпусына кіргізуге ұсы­ны­лып отырған лауазымдарға Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің бүкіл жауапты қызмет­кер­лері және барлық министрлер жатады. Сондай-ақ, министрлердің орынбасарлары, облыс әкімдері мен олардың орынбасарлары осы топқа қосылады. Әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің “А” басқару корпусына жоғары әкімшілік ла­уа­зымдарда қызмет істейтін мемлекеттік қыз­мет­шілер (министрліктің жауапты хатшылары, облыстық әкімдіктердің аппарат басшылары, облыстық мемлекеттік органдардың басшы­лары, аудан әкімі және оның орынбасарлары) ұсынылады. Бұл корпусқа, атап айтқанда, түрлі комитеттердің төрағалары мен олардың орын­басарлары лауазымындағы адамдар, орталық атқарушы органдардың департамент директор­лары мен олардың орынбасарлары, қалалардың және аудандар әкімдерінің орынбасарлары мен олардың аппарат басшылары кіреді. Әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің “Б” атқарушы корпусына “А” басқару корпусына кірмейтін мемлекеттік басқармалардың орта және төменгі буындардағы әкімшілік мемлекеттік қызмет­керлерін жатқызу көзделген. – Атырау облысының мемлекеттік қыз­меткерлер корпусын қанша қызметші құрайды? Сонымен қатар, облыстық тәртіптік кеңестің жұмысына қысқаша тоқталсаңыз? – Үстіміздегі жылғы шілде айының ба­сында біздің облыс бойынша штаттық кестеге сәйкес мемлекеттік қызметкерлер саны 3973 болған еді. Олардың ішінде жергілікті бюд­жеттен қаржыландырылатыны 1675 болса, республикалық бюджеттен қаржылан­дыры­ла­тыны –2298. Жергілікті бюджеттен қаржы­лан­дырылған қызметкерлердің 91 бірлігі саяси мем­лекеттік қызметкерлер болса, респуб­ли­калық бюджеттен қаржыландырылған адам­дар­дың біреуі ғана саяси мемлекеттік қызметкерге жатады. Ал, тәртіптік кеңестің жұмысына қысқаша тоқталар болсақ, үстіміздегі жылы жеті рет оты­рыс өткіздік. Оларда 30 мәселе қаралды және 47 тәртіптік іс көтерілді. 48 адамға тәртіптік жа­залар қолданылса, оның 23-і ескерту, 18-і сөгіс, 2-уі қатаң сөгіс, 4-уі қызметіне толық сай емес­тігі жөніндегі ескертпе, ал біреуі қыз­ме­тінен бо­сату туралы ұсыныс болды. Өткен сегіз ай­дың ішінде облыс бойынша 94 рет түрлі тек­се­ру ұйымдастырылды. Олардың жетеуі жос­пар­лы шаралар болса, қалған 83-і жеке және заңды тұлғалардан түскен шағымдарға сәйкес жүргізілді. 4 тексеру Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі басшылығының тапсырма­ла­ры бой­ын­ша ұйымдастырылды. Олардың қорытынды­ла­ры бойынша 182 мемлекеттік қызмет жөніндегі түрлі заңдылықтарды бұзған деректер анық­та­лып, бірқатар мемлекеттік ор­ган­дар басшы­ла­рының заңсыз берген бұй­рық­тары тоқтатылды. – Енді мемлекеттік қызметкерлер шта­тында болатын қысқартуға байланысты ал­дымен, қандай штаттар қысқартылады? – Президенттің 2010 жылғы 27 қыр­­күйек­­­тегі №1072 “Қазақстан Республикасының мем­лекеттік бюджеті және Ұлттық Банкінің сме­тасы (бюджеті) есебінен қамтылған органдар­дың штат санын оңтайландыру жөніндегі ша­ралар туралы” Жарлығының негізінде мемле­кет­тік органдарда мемлекеттік қызметшілердің лимит санын 15 пайызға қысқарту жоспар­­ла­нып отыр. Аталған Жарлыққа сәйкес барлық мем­лекеттік қызметшілерге бүгінгі күні олар­дың лауазымдарының қысқартылуы немесе еңбек жағдайларының өзгеруі мүмкін екендігі жөнінде хабарламалар берілді. Бұл алды­мыз­дағы 1 қарашаға дейін жүзеге асырылуға тиіс. Облысымызда негізінен бос тұрған орындар, немесе зейнеткерлік жасына жетіп келісім-шарт негізінде жұмыс жасап жүрген тұлғалар есе­бінен қысқарту жоспарлануда. Басқарма қысқарту барысында “Мемлекеттік қызмет ту­ралы” Заңның және Еңбек кодексінің талап­та­рын, яғни қызметкердің уақытша еңбекке қабілетсіздік кезеңінде және жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында жүрген тұлғалар, сондай-ақ, жүкті әйелдер мен үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдермен, 14 жасқа дейінгі баланы (18 жасқа дейінгі мүгедек баланы) тәр­би­елеп отырған жалғызбасты аналармен, атал­ған балалар санатын анасыз тәрбиелеп отырған өзге де тұлғалармен еңбек шартын жұмыс бе­ру­шінің бастамасымен бұзуға жол берілмеуін мейлінше қатаң бақылауда ұстайтын болады. – Елбасының осы Жарлығын жүзеге асыру үшін алдын-ала түсінік жұмыстары жүргізілді ме? – Елбасының бұл мәселе жөніндегі арнайы Жарлығын жүзеге асыру мақсатында барлық мем­лекеттік органдарда тиісті адамдарға ар­найы ескертпе қағаздары беріліп қойылды. Жо­ғарыда айтылғандай, заң талаптары бойынша қысқартылуға жол берілмейтін қызмет­кер­лер­дің де есептері нақтыланып, тізімдері анық­та­луда. Бір айта кететін жай, республикалық бюд­жеттен қаржыландырылатын мемлекеттік қыз­меткерлерді 15 пайыз қысқарту республика бой­­ынша ғана есепте болады. Яғни, оларды қыс­қарту шаралары республика бойынша жү­реді. Ал, қазіргі кездегі облыстық бюджеттен қар­­жыландырылатын нақты 1675 мемлекеттік қызметкердің 15 пайызы 250-дей адамды құрайды. Әрине, бір мекемеде көптен бері жұмыс істеп келе жатқан, өз ісіне әбден маманданып, қалыптасып қалған адамдарды бірден жылы орындарынан суытып, қысқартып тастау оп-оңай шаруа емес. Сондықтан, бұл істе мейлін­ше асықпай, жеті рет өлшеп, бір кесіп, алқалы түрде ақылдасып шешу қажет деп ойлаймыз. Мемлекеттік органдардың басшыларына бұл турасында әбден ескертіліп, нақтылы тапсыр­ма­лар берілді. Қысқасы, мемлекеттік қызмет­кер­­лер штаттарын оңтайландыру кезінде об­лыста ешқандай да заңсыздықтар мен бұра тартушылықтардың орын алуына ешбір жол бермейтін болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.