• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
16 Қараша, 2010

Алтайдың ақиығы

622 рет
көрсетілді

Өзге кәсіпке өресі жетпей, қол­тығы кең қара сөзден қоныс тап­қан, сөйтіп, “ерінбеген етікші бо­лады” деген ұстаныммен жазу­шы атанып, әдебиетте қара кө­бейтіп жүрген көп жазғыштардан басқа, сол әдебиет үшін жаралған, мына жарық дүниеге белгілі бір миссия атқару үшін келген, ат төбеліндей нысаналы таланттар болады. Олар өзіне дейін айтыл­маған ақиқаттарды айтады, өз дәуірінің шежіресін жасап, әде­би­етке тың өріс ашып қана қоймай, шындық жолында басын қатерге тігіп, ұлт рухын көкке көтереді. Өз басым бү­гін сөз болып отырған мар­құм Жақ­сылық Сәмитұлын осын­дай төтенше топқа жатқы­за­мын. Ненің нышаны екен, Жақ­сы­лық екеуміз әр аймақта туып-өссек те, жолымыз оқта-текте тоғысып тұрды. Тағды­ры­мызда бір ұқсас­тық бар. Мен оны алғаш көр­генде әлі қабырғасы қатпаған, көкөрім бозбала болатын. 1958 жылдың естен кетпес шілдесі. Алма­ты және Ташкент қалаларын­да оқып жат­қан шыңжаңдық елу студент аяқ астынан Үрімжіге ат­танатын бол­дық. Көңілде ешқан­дай күдік жоқ. Бізді түгендеп ұшақ­қа отырғызуға Мәс­кеу­ден арнайы келген елшілік қыз­мет­кері: “Бір айдай саяси курсқа қа­ты­на­сып, ел ахуалымен та­ныса­сың­дар да, сонан соң үй­ле­ріңе барып дем­аласыңдар”, де­ген­ді. Өкімет есе­бінен елге барып, екі жыл көрмеген үй-ішімізді көріп қайтсақ, одан ар­тық Құдайдан тілегеніміз не?! Артық киімдеріміз бен кітаптарымызды жатақхана қоймасына тапсырып, жеңіл ғана жүкпен жолға шықтық. Үрімжіге келіп түссек, біз ой­ла­ған­дай емес, дүние өртеніп тұр. Кө­ше толған әлем-жәлем плакат, да­был қаққан “дазыбаулар” (үлкен жа­зу­мен дуалға жапсыратын қа­быр­ға га­зеттері). “Ұлтшылдарды ара­мыздан аластайық!”, “Оңшыл оппортунис­тер­­дің көзін жояйық!” деп өңеште­рін жырта айғайлап жүрген бел­сенділер... Түкке түсінбей мәңгіріп қалған бізді Шыңжаң университетінің аула­сына апарып түсірді. Сондағы жа­тақ­­ханадан орын әзірлеп қойып­ты. Сөйтсек, “жергілікті ұлтшыл­дар­ға” қарсы күрестің қызып жат­қан бір ошағы осы университетте екен. Күн сайын “күрес”, күн сай­ын жиналыс. Ұйғыр мен қазақтың сорпа бетіне шығар ғалым-ұстаз­дары мен саналы деген студент­те­рін ортаға сүйреп шы­ғарып, ара­дай талап жатыр. Не­сін айтасың, талантсыз тобырдың та­ланттардан өш алуына барынша жағдай жасап қойған екен. Солар теңелгеннің жөні осы екен деп, кек алуға аянбай кірісіп кетіпті. Кеңес Одағынан келген біздің “сауа­тымызды ашып” жағдайға қа­нықтыру үшін, сол универ­си­тет­тегі “күрес жиналыстарына” қа­тыс­тыра бастаған. Сондай жиын­дар­да төрт қазақ студентінің есімі ерекше ата­лып тұрды. “Қазақ ұлтшылдарымен тіл біріктірген”, дейді. “Универ­си­тет­те астыртын ұйым құрған”, дейді. “Апыр-ау, бұ­лар кім болды екен?” деп жүр­генде, бір күні әлгілерді кө­ру­дің сәті түсті. Өрімдей төрт жігітті белсенділер алдына салып, айдап ба­рады екен. “Осылар”, деді бі­ле­тіндер сырттарынан нұсқап. Жас­та­ры жиырманың о жақ, бұ жа­ғында. Сол жылы университеттің тіл-әдебиет факультетін бітіргелі тұр екен. Ке­шікпей аттарын да біліп қалдық: За­да­хан, Жақсылық, Оразхан, Тәлі­бай... Ал енді осылар не бүлдірді екен дейміз ғой? Сөйтсек, шу­ла­тып жүр­ген­дері – жай ғана сы­нық­қа сылтау бір­деңе: “Универ­си­тетте қазақ бө­лім­дері ашылсын. Мұнда ұйғырша оқып шыққандар ертең қазақ мек­теп­теріне қалай сабақ береді?” депті. Осы тілектері жоғарыға жетсін деп, бір жұма сабаққа қатыспай қойып­ты. Әлгі белсенділердің “астыртын ұйым құрды” деп жүргені осы екен. Көп ұзамай Жақсылық­тар ки­ген “ұлт­шыл” де­ген қал­пақ­ты біз де кидік. Екі айлық “курстан” кейін Кеңесте оқитын елу студенттің қыр­қын оқуға қайта жіберді де, ең “ұлт­шыл” деген он жігітті таңдап алып қалды. Сол қалғандардың ішінде біз де бар едік. Күз бен қысты “құ­рыш қорыту” майданын­да, шахтада өткізгенбіз. 1959 жыл­дың мамыр айында ағарту сала­сы­нан шыққан, “ұлтшыл-оңшылдар­ды” бір жерге жинады да, жазба белгілеп, үкім оқыды. Шыңжаң уни­верситетінің кең залында жинал­ған бес жүзге жуық “қылмыстының” арасында өз тағдырымыздың ше­ші­лер сәтін күтіп, Жақсылық екеуміз де отыр едік. Империя екеумізге бір­дей “ұлтшыл” деген қалпақ кигізді. Им­периядан “ұлтшыл” деген атақ ал­ғанда, мен жиырма үш жаста, Жақсылық небәрі жиырмада бо­латын. Жақсылықты достарымен бірге еңбекпен өзгертуге (Лаугай) Тарым лагеріне жіберді. Ал мені Алматыдағы оқуымнан қалдырып (мен үшін жазаның ең ауыры осы еді), еңбекпен тәрбиелеуге (Лаужау) төменге түсірді. Сонан кейін біз өмірдің әр алуан жолына түстік. Екі жылдай “Шың­жаң газетінде” бақылау ас­тын­да жұ­мыс істеген соң, мені 1961 жылы Шәуешекке жер аудар­ған. “Бір жа­ман­дықтың бір жақ­сы­лығы бар” деген рас екен. 1962 жылдың көк­темінде сол елдің кө­шін бастап, Қа­зақ­станға қайта орал­дым. Екі ел арасында хабар-ошар үзілген. Еміс-еміс жеткен “ұзынқұлақтан” Тарым лагеріне кет­кендердің көп жылдан соң ам­ан-есен қайтқанын естіп, қуан­ғанымыз бар. Содан арада отыз неше жыл өт­кенде, 1992 жылы Үрімжіден Ар­мия­бек Сағындықұлы деген жас әде­биет­ші келді. Қолында бес отбасы­ның құжаты мен тізімі бар. Атажұрт­қа біржола көшіп келу үшін шақыру қағаз алып қайтпақ. Сол жылдарда егер осы жақтан бір мекеме, не шаруашылық ұжымы “үй­мен және жұмыспен қамдай­мыз” деп қағаз берсе, оралманға ше­кара ашық бо­латын. Біз ақыл­даса келе шақыру қағазды Алма­ты­дағы өзімізге таныс баспалардан алуды ұйғардық. Менің бұл іске құлшына кіріскен себебім: тізімнің басында Жақсылық тұр екен. Бас­қа­ларын танымасам да, осы Жақ­сылыққа қол ұшын бергім келді. Мен қасыма Армиябекті ертіп алып, жаңағы жұмысты бір күнде бітіргенім есімде. Абай даңғылы мен Га­гарин көшесінің қиылы­сын­да бас­палар үйі бар. Онда “Жа­зушы”, “Қа­зақстан”, “Ғы­лым”, “Қайнар”, “Мек­теп” бас­па­ла­ры орналасқан. Біз шақырту қа­ғазының үлгісін жасап бардық та, өзімізге таныс баспа дирек­­тор­ла­рына таратып бердік. “Шекарадан өтуге көмектессеңдер болғаны, мін­­дет артпаймыз” дедік. Хаттың мәтіні ортақ, отбасының тізімі ғана әрбасқа. Не керек, айналасы екі-үш сағатта шақыру қа­ғаздары дай­ын болды... Армиябек осы құ­жат­ты алып күзге қарай еліне қайт­қан. Қо­лы­мыз мұндай жеңіл болар ма, келесі 1993 жылдың сәуір айын­да Алматыға бес ша­ңы­рақ көшіп келді. Көш басында әй­гілі жазушы – Жақсылық Сәмит­ұлы, сонан соң жас әдебиетші Армиябектің өзі, жас қаламгер Ға­лым Қалибекұлы, жазу­шы Тұр­сын­хан Зәкенұлы (“Көк бө­рі­­лер­дің көз жасы” романының ав­торы.) бар. Алматыда өткен он бес жыл­дың ішінде Жақсылықпен жақсы ара­ла­сып тұрдық. Ол алғашқы бөлімдерін Шыңжаңда бастаған “Сергелдең” романын жазуға кі­рісті. Іштей дай­ын­дықпен аса ши­рығып келгендік­тен болар, төрт кі­таптан тұратын көлемді шығар­ма­ны бас-аяғы жеті-сегіз жылда тез бітірді. “Мені алды-артыма қарат­пай, басқалар сияқты зейнетақы алуға да үлгертпей асығыс айдап келген осы роман ғой. Қы­тайда жүргенде, маған мұндай шығарма жазу қайда?” деуші еді марқұм өзара сырласқанда. Жалпы, көркем әдебиетте жазу­шы мен тақырыптың табысуы аса ма­ңызды рөл атқарады. Бұл жағы­нан, Алтайдағы Ұлт азаттық қозға­лы­сын, Оспан батырдың трагедиялы тағды­рын басқа емес, Жақсылықтың қолға алуын әде­биеттегі бақытты сәт деп қараған орынды. Егер “Оспан батыр” тра­гедиясы Сәмитұлынан басқа, олақ біреудің қолына түссе, “жібекті түте алмай жүн етер” ме еді, кім біледі? Тегінде қара өлеңге қарағанда, бастау көзі тақау, дамудың толық мектебінен өте қоймаған Шыңжаң қазақтарының прозасында балаң­дық бары рас. Ол, әсіресе, тарихи тақы­рып­та айқын сезіледі. Ал, Жақсылық табиғат берген талан­ты­ның арқа­сын­да, ондай балаң­дықты бастан кеш­кен жоқ. Ол бірден қазақстандық, тіпті еуро­палық деңгейде қалам тартқан жазу­шы. Оның жазған­да­рында құрғақ баяндау, көп сөзділік, характер ашуға септеспейтін басы ар­тық оқиға ұшыраспайды. Оқиға желісі мен кейіпкердің мінез-құлқы өзара жымдасып, қатар өріліп оты­рады. Бұл – бүгінгі жетілген проза үлгісі. Жақсылықтың туып-өскен жері – Алтай өңірі. Осындағы қару­лы көтеріліс пен оның қаһар­мандары жазушыға бала жастан қанық. Ел та­рихы, жер бедері де етене та­ныс. Бұл жағдай авторға көп же­ңіл­дік әкелгені сөзсіз. Алтайдың бұла табиғаты мен бұл күнде тарихқа айналған көш­пенділердің мінез-құлқы, қаз-қалпы қағазға түскен. Көп томды роман халық кегі бұрқ еткен сонау отызыншы жыл­дар­дан бастап, 1951 жылы Оспан батыр оққа ұшқанға дейінгі ши­рек ғасыр өмірді қамтиды. Тұтас бір халықтың азаттық жо­лындағы күресі мен трагедиялы тағдырын баяндайтын шығар­ма­ны эпопея деп қабылдасақ артық емес. Кезінде әр баспа­дан ала-құла жарық көрген шығарманың “Айбынды Алтай” деген ортақ атпен қайта басылуы – қуанышты оқиға. Бес томдыққа жазушының көзі тірісінде жариялап үлгермеген “Тәкіман батыр” атты тағы бір шы­ғармасы еніп отыр. Тәкіман Жа­қыпұлы – тарихта болған, Шың­жаңдағы ұлт-азаттық күре­сінің қайтпас қаһармандарының бірі. Әйгілі Қалибек Хакімнің серігі болған. Төңкерістен кейін Қалибек – Сауан ауданының әкімі кезінде, Тәкіман – сол ауданның сақшы бастығы болған. 1947 жылы Қалибек қызыл Қы­тай­ға қарсы атқа қонған­да, Тә­кі­ман Қалибекпен бірге көте­ріл­ді. Көтерілісшілер күші басым жау­ға төтеп бере алмай, Үндістан ас­пақ болғанда, есіл ер Гималай биі­гін­де көз жұмады. Сәмитұлының нақ­ты деректерге құрылған бұл шығар­масы да ерлерге қойылған ес­керткіш іспетті. Сөз сиқырын жетік меңгерген Жақсылық – шағын әңгіме жазу­дың да шебері еді. Ол Шыңжаңда осы әңгіме, хикаяттармен таныл­ған. Жазушының “Әке бейіті” дей­тін әңгімесі бар. Шағын әңгі­меге тұтас бір дәуірдің қасіреті сыйып тұр десем, артық айтқандық емес. Атақты “мәдениет төңкерісі” кезінде әркім әр жаққа айдалып кеткен ғой. Кейін ап-сап басыл­ғанда бір жігіт айдаудан қайтады. Келсе, әкесі бақиға атта­нып ке­тіпті. Әке қабірінің қайда еке­нін ауылда аман жүрген көрші қарттан сұрап біледі де, басына белгі орнатуға кіріседі. Сөйтіп, әбігерге түсіп жатса, тағы бір жігіт келеді аптығып. Ол да айдаудан енді қайтқан сорлы болса керек: – Ау, мұның қалай? Бұл – ме­нің әкемнің бейіті ғой! – дейді келе сала. Сол арада талас туып, арты тө­белеске ұласа жаздайды. Содан екеуі өліктерді өз қолымен жер­леген манағы қартқа келеді ғой. – Ал, шыныңызды айтыңыз­шы: мына бейіт кімдікі? – Таласпаңдар. Екеулеріңнің әкелерің де осы қабірде жатыр, – дейді қарт мән-жайды түсіндіріп. – Қақаған қыста, аштық жайлаған жұтта қайтыс болған адамдардың бас-басына көр қазуға шамам кел­мей, екеуін бір қабірге қойып едім, кешіріңдер! Әкелері бір қабірде жатқан жі­гіттер сол арада қайта табысып, бейітті бірлікте тұрғызады... Жақсылық Сәмитұлы – қазақ көркемсөзінде өзіндік орны бар, үл­кен суреткер. Ол әдебиетке өз та­қы­рыбымен келді де, сол әлемді же­ріне жеткізе жазып кетті. Шы­ғар­­малары­мен бірге жасайтын жа­зу­шы­ның екін­ші өмірі оның пен­де­лік ғұм­ы­рынан әлдеқайда ұзақ. Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ,  Қазақстанның халық жазушысы,  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.