“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы аймақтарда белсенді жұмыс жүргізуді жалғастыруда. Басым бағыттардың қатарында – Елбасы Жолдауын жүзеге асыру, партияның Халықтық тұғырнамасын орындау, әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде бірінші кезекте, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылуын бақылау мәселелерін атауға болады. Сонымен қатар, “Нұр Отан” партиясы бастауыш партия ұйымдарына айрықша көңіл бөледі, себебі, аталған ұйымдар бүгінгі күні жергілікті жерлерде барлық саяси оқиғалардың орталығы саналады.
Алдағы уақыттағы негізгі міндеттерді саралау мақсатында 19 қарашада, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының партиялық өкілдері Шымкент қаласына жиналды. Аймақтық форумның күн тәртібіне партияның 2020 жылға дейінге жаңа бағдарламасын талқылау, нұротандықтардың еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына дайындық жұмыстарына қатысуы, әлеуметтік және индустриялық жобалардың орындалуын бақылауды одан әрі жалғастыру, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіру, халықпен екі жақты байланыс механизмін нығайту сынды маңызды шаралар енгізілді.
Нұротандықтардың айтуынша, Қазақстанның дағдарыстан кейінгі даму жолында атқарылатын ауқымды жұмыстар қоғамның Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамаларының айналасында топтасуын қажет етеді.
“Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың барлық маңызды бастамаларын, оның ішінде 2020 жылға арналған Стратегиялық даму жоспарын, басқа да маңызды мемлекеттік бағдарламаларды қолдау – бұл “Нұр Отан” партиясының басым бағыттарының бірі. Сондықтан біздің ең басты мақсатымыз – мемлекетіміз дамуының мықты әлеуметтік негізін қалыптастыру. Осы үлкен жауапты жұмыста партиямыздың аймақтық филиалдарының, әсіресе, бастауыш партия ұйымдарының рөлі одан да өсетін болады”, – деп атап өтті партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин.
Сонымен қатар, партия белсенділеріне қоғамдық ұйымдармен жұмысты күшейту, халықпен өзара әрекеттің тиімділігін арттыру, біліктілікті жоғарылату, осы уақытқа дейін жинақталған білім мен тәжірибені кеңінен пайдалану бойынша тапсырмалар жүктелді.
“Нұр Отан” партиясы тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына арналған дайындық жұмыстарына белсене араласуда. Атаулы күнге орай келер жылы 300-ден астам партиялық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде нұротандықтар өздерінің азаматтық белсенділіктерін танытуға, инновациялық Қазақстанды құруға дайын екендіктерін білдірді.
Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының орындалуы үнемі “Нұр Отан” партиясының бақылауында. Барлық нысандарда партиялық бақылау бекеттері құрылған. Соның бірі Оңтүстік Қазақстан облысындағы 9 инновациялық жобаның қатарына кіретін күркетауық өсіру, сою және етін өңдеу бойынша “Ордабасы - Құс” кешенінде ашылған. Ағымдағы жылдың желтоқсан айында аталған мекеме іске қосылып, 500 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Өндірістік қуаттылығы жылына 4 828 тонна ет өндіруге есептелген құс кешенінің Қазақстанда теңдесі жоқ. Өндірісте заманауи технология мен қондырғылар пайдаланылып, өндірілетін өнім толықтай халықаралық стандартпен сәйкестендірілетін болады.
Нұротандықтар әрбір аймақта осындай кәсіпорындардың іске қосылуы тек өңірлердің жағдайын жақсартуға ықпал етіп қана қоймай, жалпы Қазақстанның экономикалық өрлеуін қамтамасыз ететініне сенімді.
Шымкент.