• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2010

ЕҚЫҰ: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым

31204 рет
көрсетілді

Тарихы Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық жөніндегі ұйым (ЕҚЫҰ) (бұ­рынғы атауы – Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңес (ЕҚЫК)) – қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын және Солтүстік Амери­каның, Еуропа мен Орталық Азияның 56 елін біріктіретін әлемдегі аса ірі өңірлік құрылым. ЕҚЫК 33 еуропалық держава өкілдерінің, сондай-ақ АҚШ пен Канаданың әскери қарсы тұрушылықты азайту шараларын жасау және Еуропадағы қауіпсіздікті нығайту үшін тұрақты жұмыс істейтін халықаралық форум ретінде шақырылған. 1975 жылдың 30 шілдесі - 1 тамызында Финляндия астанасы Хельсинкиде 35 мемлекеттің басшысы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің Қорытынды актісіне (Хельсинки келісіміне) қол қойды. Құрылымы ЕҚЫҰ-ның негізгі органдары: Саммит (жоғары деңгейдегі кездесу) – қатысушы елдер мемлекет және үкімет басшыларының мерзім сайын өткізіліп тұратын кездесуі. Сыртқы істер министрлерінің кеңесі (СІМК) – қатысушы мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің жыл сайынғы (жоғары деңгейдегі кездесуден басқа жылдары) кездесуі. Тұрақты кеңес – жыл бойы осы лауазымдағы төрағаның же­тек­ші­лігімен тұрақты негізде саяси консультациялар өткізіп, шешім қа­былдайды (апта сайын Венада, Ұйымның штаб-пәтерінде жиналады). Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форум – қарулануды бақылау және Сенім мен қауіпсіздікті нығайту жөніндегі шаралар (СҚНШ) мәселелерін тұрақты талқылайды (Венада апта сайын жиналады). Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы коммисар. ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары  жө­ніндегі бюросы. ЕҚЫҰ-ның Парламенттік ассамблеясы. БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкіл – қатысушы мем­лекет­тердегі бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы жағдайдың дамуын бақылайды. ЕҚЫҰ басшылығы Төраға – ЕҚЫҰ-ның ағымдағы қызметін басқарады. ЕҚЫҰ меке­мелері/институттарының жұмысын үйлестіреді. Ұйымнан өкілдік етеді, қауіпсіздік саласындағы үдерістерді бақылайды және жанжалдар мен дағдарысты жағдайларды шешуге ықпал етеді. Бас хатшы – хатшылыққа жетекшілік етеді. Министрлер кеңесімен      3 жыл мерзімге тағайындалады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның ресми тілдері:  ағылшын, испан, итальян, неміс, орыс, француз тілдері болып табылады. Негіз қалаушы құжаттар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің қорытынды актісі, 1975 жыл. Жаңа Еуропа үшін Париж хартиясы, 1990 жыл. Еуропадағы кәдуілгі қарулы күштер туралы шарт, 1990 жыл. Бонн құжаты, 1990 жыл. Копенгаген құжаты, 1990 жыл. Еуропа қауіпсіздігі хартиясы, 1999 жыл. Негізгі міндеттер мен мақсаттар Бірінші «себет» немесе әскери-саяси өлшем: қаруланудың таралуын бақылау; жанжалдардың алдын алу жөніндегі дипломатиялық күш-жігер; сенімді қарым-қатынас құру және қауіпсіздік жөніндегі шаралар. Екінші «себет» немесе экономикалық және экологиялық өлшем: экономикалық-экологиялық қауіпсіздік. Үшінші «себет» немесе адами өлшем: адам құқын қорғау; демократиялық институттарды дамыту; сайлаулар мониторингі. Барлық қатысушы мемлекеттер теңдей мәртебеге ие. Шешімдер консенсустық негізде қабылданады. Олар заңдық міндетті сипатқа ие емес, бірақ үлкен саяси маңызы бар. Ұйым штаты – басшылық органдарда жұмыс істейтін 370-тей адамнан, сондай-ақ 3 500 адам шамасындағы далалық миссиялар қызметкерлерінен тұрады. ЕҚЫҰ-ның жауапкершілігі аумағы Қазақстан – бұрынғы КСРО рес­публикаларының ішінен ЕҚЫҰ төрағалығы лауазымын иеленген тұңғыш ел. «Қазақстандық төрағалықтың ұра­ны төрт «Т» – «траст» (сенім), «тра­дишн» (дәстүр), «транспарен­си» (ашықтық), «толеранс» (толерант­тылық) болып табылады. Біріншісі – бір-бірімізге деген бізге аса қажетті сенімді білдіреді. Екіншісі – ЕҚЫҰ-ның негізгі қағи­дат­тары мен құндылықтарынан тұрады. Үшіншісі – халықаралық қарым-қатынастарда «қосарланған стандарт» пен «жіктеу шектерінен» азат, барынша ашықтық пен транспаренттік қауіпсіздікке төнетін қауіп пен қатерлерді еңсеруде сындарлы ынтымақтастыққа ұмтылу. Ал төртіншісі – бүгінгі әлемде барған сайын маңызы артып отырған мәдениеттер және өркениеттер арасындағы үнқатысуды нығайту жөніндегі жаһандық трендтің көрініс табуы. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Ұйым төрағалығы лауазымына кіру оқиғасына орай ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесі инаугурациялық мәжілісіне қатысушыларға бейнеүндеуінен. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы лауазымындағы шешуші мақсаттарының бірі – 2010 жылы Астанада Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістікте кең ауқымды, бөлінбейтін және кооперативті қауіпсіздік құрудың көкейкесті мәселелерін талқылау үшін  Ұйымға қатысушы елдер Мемлекет және үкімет басшыларының саммитін шақыру болып табылады. Бұл мақсатқа ҚОЛ ЖЕТКІЗІЛДІ! ЕҚЫҰ саммиттері 1975 – Хельсинки 1977-78 – Белград 1980-83 – Мадрид 1984 – Стокгольм 1986 – Вена 1990 – Париж 1992 – Хельсинки 1994 – Будапешт 1996 – Лиссабон 1999 – Ыстамбұл 2010 – АСТАНА