Жылдар жылжып өткен сайын ел басына күн туған Ұлы Отан соғысының көзі тірі куәгерлері азайып барады. Екінші дүниежүзілік соғыс туралы кейінгі ұрпақты хабардар етіп, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуде майдангерлердің естеліктері құнды да маңызды. Осындай ойдан бастау алған ізденістің нәтижесінде Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысы туралы естелік фильм түсіру басталған-ды. Жақында “Ақтөбе облысының естеліктер кітабы” фильмінің тұсаукесері болды. Оған жоба идеясының авторы, облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, жоба жетекшісі, режиссер Гүлбану Үкітайқызы бастаған шығармашылық топ пен қоғамдық ұйымдар мүшелері мен соғыс ардагерлері қатысты.
Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына орай түсірілген фильмде облыстағы көзі тірі 500-ге жуық ардагердің 384-імен сұхбат жүргізіліп, олардан майдан жолдарынан деректер жазылып алынған. Ақтөбелік соғыс ардагерлерінің әңгімесі негізінде түсірілген тарихи хронологиялық фильм соғыс жылдарындағы деректі көрсетілімдермен толықтырылған. Фильмді түсіруге республикалық “Қазақстан” телеарнасы қорының деректі материалдары, 312-атқыштар дивизиясының 30 жылдығына арналған Ақтөбе қаласында өткен шаралардың бейнежазбасы, облыстық мұрағат материалдары, сонымен қатар мәскеулік, ленинградтық және басқа да мұрағаттардан алынған соғыс кезіндегі киноматериалдар мен фотоматериалдар пайдаланылған.
Деректі фильм 7 сериялы. Фильмнің бірінші сериясында 312-атқыштар дивизиясы мен 101-ұлттық бригада, екіншісінде Мәскеу, Ленинград, Бердичев жаяу әскері, Берчогур танк училищелері туралы, үшіншісінде Сталинград шайқасы, “Курск доғасы”, Кавказ майдандары деректеріне негізделсе, кейінгі сериялары Украина, Белоруссия, Румыния, Венгрия майдандарын, Австрияны, Польшаны азат етуді, Берлинге шабуыл, Фин, Жапон соғыстарын қамтыған.
— Біз жақсы бір іс тындырдық деп ойлаймын. Жас ұрпақ үшін мұның маңызы өте зор. Тарихи құнды фильмнің болашаққа берері мол. Мысалы, Ржев түбіндегі шайқаса қатысқандардан қазіргі күні 10 адам қалған. Майдангерлер қатары тым сиреп қалды. Келешек ұрпақ қан майданның қасіретін, соғыстың салған ауыртпалықтарын осындай фильмдер арқылы білетін болады, — дейді Гүлбану Үкітайқызы. Жобаны жүзеге асыру барысында майдандағы қазақстандықтардың ерлігі тың деректер де анықталыпты. Соның бірі – Польша жерінде қаза тапқан қазақ қызы Алтыншаш Нұрғожинованың Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны туралы болса, екіншісі – Сталинград майданында жасақталған батальонда зеңбіректерді сүйретуге түйелердің пайдаланылғаны.
Шара барысында фильмнен үзінділер көрсетіліп, Гүлбану Үкітайқызының авторлық бейнеролигі жиналғандар назарына ұсынылды. Бұл тарихи-деректі “Естелік кітабы” фильмі – соғыстың көзі тірі куәгерлері жинақталған бірегей жоба. Сондықтан да болар бұл фильмнің авторы Гүлбану Үкітайқызы Мәскеу қаласында өткен Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына арналған Х халықаралық Артем Боровик атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.