Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясында өткен дәстүрлі “Классика — 2010” халықаралық жас дарындар фестиваліне Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Ресей, Жапония елдерінен, сондай-ақ Қазақстанның Астана, Алматы, Атырау, Қостанай, Көкшетау, Орал, Шымкент, Павлодар, Балқаш, Байқоңыр қалаларынан келген және ақтөбелік жас өнерпаздар қатысты. Осы мәдени шараны өткізуге Мәдениет министрлігінің қолдауымен облыстық мәдениет басқармасы құрылтайшы болды. Фестивальдың мақсаты – өнерге бейімді жастарды табу және оларға болашақта қолдау көрсету, сондай-ақ кейінгі жас толқынның ұлттық және әлемдік музыкадағы классикалық мұраларға қызығушылықтарын ояту. Өнер сайысының алғашқы күні 10-12, ал екінші күні 13-15 жас аралығындағы жас таланттар фортепиано, скрипка, альт, виолончель және классикалық вокал, гитара, хореография номинациялары бойынша бақ сынасты.
Қазақстан Республикасының халық артисі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Хорлан Қалиламбекова бастаған қазылар алқасы жұмыс жасауда. Екі күндік өнер додасында “Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” дегендей орындаушылық шеберлігі мықтылар ғана топтан озып келді. Фортепиано номинациясы бойынша 10-12 жастағы балалар арасынан бірінші орынға павлодарлық Дария Қазбекова мен ақтөбелік Айдос Ысқақов ие болды. Скрипка номинациясы бойынша бас жүлдені павлодарлық Омар Қуанышев, ал бірінші орынды ташкенттік Илья Халмурзаев жеңіп алды. Виолончельден қостанайлық Асылхан Эргашева мен ақтөбелік Анна Теплинскаялар екінші орынды қанағат тұтты. Классикалық гитара номинациясы бойынша павлодарлық Давид Степин мен мәскеулік Георгий Файзуллин үшінші орынды иеленді. Вокал бойынша ақтөбеліктер Ибраһим Амин мен Әсем Киікбаевалар екінші орынды еншіледі. Биден бірінші орын душанбелік Нозанин Юльчиеваға бұйырды.
Ал 13-15 жастағылардың ішінен фортепианодан Мәскеуден келген жапон қызы Мацуда Канон бас жүлденің иегері атанса, павлодарлық Ольга Альметева бірінші орынға табан тіреді. Скрипкадан, виолончельден алматылықтар Талшын Кешілбаева мен Салауат Кәрібаев, гитарадан байқоңырлық Николай Ким мен шымкенттік Анатолий Лазарев бірінші орын алды. Альт номинациясы бойынша Анжела Аветисян ынталандыру сыйлығын місе тұтты. Вокалдан ақтөбелік Динара Таубекова мен Балқаш қаласынан келген Анна Ткаченколар екінші орынды бөлісті. Ал би бойынша атыраулық Мырзахан Мыңбаевқа тең келер ешкім болмады.
“Үздік оқытушы” номинациясына атыраулық Т.Гатауов, шымкенттік А.Мурин, үш павлодарлық Я.Касьян, И.Волкова, Л.Симоновичтер, мәскеулік Е.Иванова, душанбелік З.Беляева, алматылық И.Бардашова, А.Жолмұхамедова ие болды. Ал ақтөбеліктер Д.Фаизова, Л. Самохина мен алматылық А.Исенова, павлодарлық М.Калаян үздік концертмейстерлер деп танылды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
Ақтөбе облысы.