8 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Сергей Мироновпен кездесті.
Құрметті қонақты қарсы алған Мәжіліс Төрағасы көршілес жатқан қос мемлекеттің арасындағы ынтымақтастық байланыстың қарқынды дамып келе жатқанын, Қазақстан үшін Ресей басты стратегиялық әріптес болып табылатынын атап өтті. Жуырда өткен Астана Саммиті айрықша тарихи оқиға екенін, оның Қазақстанның жұлдызды шағы болғанын айтты.
Сергей Миронов өз сөзін Астана Саммитінен бастады. «Қазақстан ЕҚЫҰ Саммитін тамаша өткізді. Мен Сіздерді осы мәртебелі миссияны жоғары деңгейде өткізулеріңізбен құттықтаймын! Біз қазақстандық достарымызға шын жүректен ризамыз!» деді.
Тараптар Кеден одағы туралы, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің болашағы, шекаралық ынтымақтастық форумдары, сауда айналымының арта түскені жөнінде пікір алмасты. Биыл жыл бойы аталып өтіп жатқан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы жайлы, мұндай шараның екі елге де қатысты екені сөз болды. Мәжіліс Төрағасы елдер арасындағы ықпалдастықты арттыруда, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің келісімдерін бекітуде парламентаралық байланыстың рөлі зор екенін мәлімдеді.
Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Сергей Миронов Мәжілістің Құрметті қонақтар кітабына ізгі тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.
«Егемен-ақпарат».