Жақында Меркі ауданындағы тау шатқалынан «Меркі ГЭС-і - 3» деп аталатын жаңа су электр стансасы іске қосылып, аудан тұрғындары мен кәсіпорындарына қосымша электр қуатын бере бастады.
Бұл облыста қолға алынған жаңа энергетикалық бағдарлама негізінде іске қосылған нысан. Осы бағдарлама негізінде алдағы уақытта облыста 12 шағын су электр стансасы жұмыс істейтін болады. Кейбіреуін атап айтсақ, Шу ауданындағы Тасөткел су қоймасынан, Тұрар Рысқұлов атындағы аудандағы Қарақыстақ шатқалынан және Жуалы ауданындағы Ақсай шатқалы мен Теріс-Ащыбұлақ су қоймасынан су электр стансалары салынбақшы. Бұл жаңа жоба толық жүзеге асқан жағдайда өңірге қажетті электр қуатының 25%, яғни 90 мегаватты құрайтын болады.
«Меркі ГЭС-і-3» шағын су электр стансасына Қытай елінің «Жюнь Жан» корпорациясының қондырғылары қойылып, іске Қытай мен Ресейдің білікті мамандары тартылған. Қондырғылар елу жылға дейін үздіксіз жұмыс істейді. Су стансасының өндірістік қуаты 1,5 мегаватты құрайды. Оны жылға көбейтсек, шамамен 6,5 миллион киловатт сағат электр қуаты өндірілмек.
Жобаға 1 миллион 800 мың АҚШ доллары қаралып, құрылыс жұмысы екі жыл ішінде аяқталған. Бүгінде стансада 10 адам жұмыс істейді.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы,
Меркі ауданы,
Меркі ауылы.