Еуразиялық топ кәсiпорындарының жұмысшылары арасындағы «Алтын қор-2015» алғашқы кәсіби шеберлiк байқауы Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігінде жеті аталым бойынша өтті. Байқауға еліміздің әр аймағындағы «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты», «Еуразиялық энергетикалық корпорация», «Қазхром» ҰК» АҚ-қа қарасты Ақсу және Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары, «Шұбаркөлкөмір, «Трансремвагон» ЖШС, «ССКӨБ» АҚ сынды кәсіпорындар жұмысшылары қатысты. Жұмысшылар кәсіби білімі мен біліктіліктері бойынша бақ сынасты.
Байқауда көпірлі кран машинистері, электр-газбен дәнекерлеушілер, электрслесарьлары, темір жонушылар, экскаватор, бульдозер мен ауыр жүк көліктері машинистері – барлығы 40 жұмысшы өз мамандықтары бойынша шеберліктерін көрсетіп, білімдерін сарапқа салды.
Қатысушылардың барлығы жыл бойы өздері жұмыс істейтін кәсіпорындарда іріктеу кезеңінен өткен жүйріктер.
Байқау екі кезеңнен – теориялық білімді тексеру мен біліктілік сынаудан тұрды. Қатысушыларға ұсынылған әрбір тапсырма жинақылық, кәсібилік пен жауапкершілікті талап етті.
Ақтөбе ферроқорытпа зауыты механикалық-жөндеу цехының темірден түйін түйген 6 дәрежелі темір жонушысы Серік Ниязғұлов екі тапсырма бойынша да білімі мен біліктілігін көрсетіп, «Үздік токарь» аталымында бірінші орынға қол жеткізді. Оның өндірістегі 18 жылдық іс-тәжірибесі, көргені мен өмірден түйгені жеңіске жетеледі. Цех ұжымының мақтанышына айналған Серік Ниязғұлов өзінің іскерлілігінің арқасында бірнеше рет түрлі еңбек жарыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген аға буын өкілі. Тек былтырғы жылы зауыт көлемінде өткен цехаралық «Мамандығы бойынша үздік жұмысшы» байқауына қатысып бірінші орынды иеленіп «Қазхром»ТҰК» АҚ-ның сайысына жолдаманы жеңіп алған болатын. «Қазхромның» филиалдары арасында өткен «Үздік жұмысшы» байқауында зауыттың намысын қорғаған еді. Кәсіби токарь бұл сайыста да шашасына шаң жұқтырмаай, бас жүлдеге ие болған еді. Енді міне, Еуразиялық топтың арасында өткен байқауда да осы жеңістерін тағы да қайталады.
– Еуразиялық топта жұмысшы мамандар әрдайым басты назарда ұсталады. Қарапайым жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеріп, жас жұмысшыларға өндірістен үйреніп, білгендерімізді үйрету үшін осындай байқау керек-ақ. Осындай байқаулар біздің кәсіпорында да жиі өткізіледі. Қазіргі қаржы дағдарысына қарамастан, осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастырып, жұмысшы мамандарға көңіл бөліп, мәртебесін көтергені үшін ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін. Бұл шара тәжірибе алмасу үшін аса маңызды әрі жұмысшылардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасайды, шеберлік шыңдайтын үлкен мектеп іспеттес, – дейді Серік Ниязғұлов.
Жеңімпаздарға бірінші орын үшін 500 мың теңге, екінші орынға – 300 мың, үшінші орын иесіне 200 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық ұсынылды. Әр номинация бойынша бірінші орынға ие болғандар Астана қаласында өтетін қорытынды салтанатты іс-шара кезінде марапатталатын болады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.