Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты кітап көрмесі ашылды. Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күнінде халық назарына ұсынылған бұл көрме жыл аяғына дейін үзіліссіз қызмет көрсетпек.
Көрменің ашылу салтанатына қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Астана қалалық мекемелерінің ұжымдары, жастар, кітапханашылар және елорда тұрғындары қатысты.
Аталған игі шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков өзінің жүрекжарды лебізін білдіре отырып, көрменің мән-маңызын атап өтті. Сондай-ақ, ол ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрменің жұмысына сәттілік тіледі.
«Біздің ата-бабаларымыз тәуелсіздік үшін аянбай күресті. Басын бәйгеге тікті, қанын төкті. Сол бабаларымыздың арманы орындалып, Тәуелсіздік таңын көру бақыты бізге бұйырды. Тәуелсіздігімізге қол жеткізуде, оны баянды етуде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз. Мен Тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасымыздың мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің куәсі болдым», – деді М.Жолдасбеков. Бұған қоса, ол Ұлттық академиялық кітапхана Елбасының бастамасымен іске қосылғанын айта келіп, мемлекеттік маңызы бар ауқымды шаралардың басым бөлігі осы жерден бастау алатынын жеткізді.
Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған өз кезегінде 2016 жылы аталып өткелі отырған маңызды шараларды еске сала келіп, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған көрменің ашылуы үлкен мереке екеніне тоқталды.
Тарих контексіндегі қазақ мемлекеттілігінің көпғасырлық қалыптасу тарихын, Тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік дамуын, бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын түсіндіру және өскелең ұрпақтың адамгершілік тәрбиесіне ықпал ету, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы аясында жастар арасында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл көрме мекеменің кітаптары мен электронды қорынан жинақталған 4 бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлім «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» деп аталған. Онда Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы мен Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекетіміздің дамуы жайлы баяндалады. Екінші бөлім «Ұлы Дала елі – Мәңгілік Ел» ұғымына арналыпты. Дәлірегі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясына байланысты, сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін баяндайтын әдебиеттер қойылған. «Елбасы жолы – елдіктің жолы» атты үшінші бөлімде Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы Елбасының қызметі туралы кітаптар ұсынылған. «ЕХРО-2017» – Астана мерейі» атты төртінші бөлімде Қазақстанның елордасы – Астананың тарихы мен өмірі жайлы кітаптар және «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі туралы мәліметтер берілген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмеге 400-ден аса кітап қойылған. Бұл көрме Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған мәдени-ағартушылық іс-шаралардың басы болып табылады. Бір жыл бойы тұрақты түрде қызмет көрсететін көрме барысында Ұлттық академиялық кітапхананың ақпараттық-кітапханалық ресурстарын дәріптеуге, Тәуелсіздік жылдарында баспадан шыққан әдебиет туындыларын насихаттауға баса мән берілмек.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.