АСТАНА. 6 қаңтар. Ұшқыш-ғарышкер Айдын Айымбетов «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының вице-президенті болып тағайындалды. Бұл туралы аталған компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Айдын Айымбетовті «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ ғарыш жүйелерін жасау және қолданысқа беру жөніндегі вице-президенті етіп тағайындау туралы бұйрыққа 2016 жылдың 5 қаңтары күні қол қойылды. Компания президентінің міндетін атқарушы Марат Нұрғожин жаңа вице-президентті ұжыммен таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов барлық бөлімшенің қызметімен танысып, алғашқы жұмыс жиналысын өткізді. Сондай-ақ, ол өзіне артылған жауапкершілікті сезінетінін және жүктелген міндеттерді орындайтынын айтты.
Айдын Айымбетов – Қазақстан шыққан үшінші ғарышкер. Ол 2015 жылдың 2 қыркүйегінде ғарышқа ұшып, 12 қыркүйекте Жерге оралды.
Еламан Қоңыр.
Дерек: «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
Сурет: gharysh.kz.