• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
07 Қаңтар, 2016

Қатарынан төртінші жеңіс

179 рет
көрсетілді

Бұрнағы күні Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде Астананың «Барысы» өз айдынында Екатеринбургтің «Автомобилист» командасын қабылдады. Тартысты өткен ойын нәтижесінде біздің жасақ 4:3 есебімен жеңіске жетіп, үш ұпайды қоржынға салды. Андрей Назаровтың шәкірт­тері кездесуді өте ширақ бастады. Салған жерден алға ұмтылған айдын иелерін қонақтар ойын ережесін бұзу арқылы ғана тоқтата алды. Нәтижесінде 3 және 4-минуттарда «Автомобилистің» екі бірдей ойыншысы айдыннан қуылды. Алайда, «Барыс» хоккейшілері үш қорғаушымен қалған ресейліктердің осал тұсын таба алмады. Есесіне, 8-минутта қонақтар ойыншы басымдығын жүзеге асырып, Виталий Поповтың көмегімен есеп ашты. Үзіліске 6 минут қалғанда «Автомобилист» сапы­нан Анатолий Голышев мер­ген­ді­гімен көзге түсіп, есепті еселеді. Екінші кезең тағы да «Барыс­тың» басымдығымен басталды. Бұл жолы жүйелі ойын өрне­гін көрсеткен астаналықтар бір ми­нуттың ішінде екі шайба соғып, таразы басын теңестіріп кетті. Атап айтқанда, 22-минутта Кевин Даллмэн нәтижелі соққы жасаса, 23-минутта Роман Старченконың мерейі үстем болды. Ойынның соңғы кезеңінде, яғни, 42-минутта Петр Коукал біздің қақпадан саңылау тауы­п, қонақтар тағы да алға шықты. Әйтсе де, сағы сынбаған барыс­тықтар шабуылдарын тоқтатпады. Бұл тактика өз же­місін беріп, Дастин Бойд 50-минутта есепті 3:3-ке жеткізсе, 54-минутта «Барыстың» капитаны Брэндон Боченски жеңіс шайбасының авторы атанды. Осылайша, «Барыс» плей-офф жолдамасына таластағы басты қарсыластың бірі «Авто­мобилистен» үш ұпай олжалады. Бүгінде 48 ойыннан 69 ұпай жиған елордалық ұжым Шығыс конференциясында 7-орында келеді. Ал 64 ұпайы бар Екатеринбургтің командасы – 9-орында. Дегенмен, оның «Барыстан» үш ойын кем өткізгенін атап өткен жөн. Біздің команда келесі кезде­суін 11 қаңтар күні Тольяттиде жергілікті «Ладамен» өткізеді. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».