Әдебиетке цензура қатаң бақылау жасаған Кеңес үкіметі кезінде, көп қиыншылықпен жарық көрген көркем шығарманың бірі – «Ақ аруана» атты повесть болатын. Сәбит Досановтың ұлттық рухты тербеген осы сүйекті шығармасы жақында Түркияда жеке кітап болып шықты. «Ақ аруана» кітабында жазушының өмірдің өзекті проблемаларын өткір көтерген «Жусан иісі», «Сыңсып ұшқан сыңар аққу» сынды әңгімелері де бар. Кітапқа алғысөз жазған белгілі әдебиет сыншысы Имдат Афшар.
Анкарада өткен түрік әлемі ақындары мен жазушыларының фестивалінде түрік тілінде шыққан осы «Ақ аруана» кітабының тұсауы кесілді. Тұсаукесер рәсімін жүргізген Әзербайжанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Әзербайжан Парламентінің депутаты Ганира Пашаева түркі әлемі қаламгерінің «Ақ аруана» кітабы жайлы жылы лебізді пікірлер үшін алғыс айтты.
«Ақ аруананы» түрік тіліне аударған түріктің көрнекті жазушысы Имдат Афшар, оны жарыққа шығарған Түркиядағы беделді баспалардың бірі – «Айсу йайынчылык». «Ақ аруана» үстіміздегі жылы Бакуде, Бішкек пен Ташкентте де жарық көрген болатын.Түркияның беделді басылымдарында жарияланған мақалаларда қазақ қаламгерінің шығармаларына терең талдау жасалған. «Короглу» журналының желтоқсан айындағы санында Сәбит Досанов шығармашылығы жайлы көлемді мақала жарияланды. «Ақ аруананың» тұсау кесер рәсімі таяу күндері Алматыда өтпек. Оған Түркия мен Әзербайжанның, Өзбекстан мен Қырғызстанның көрнекті жазушылар қатысады деп күтілуде.
«Егемен-ақпарат».
Суретте: түріктің көрнекті жазушысы Имдат Афшар және Әзербайжанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Әзербайжан Парламентінің депутаты Ганира Пашаева.