Дүниені ұстап тұрған – мейірім. Адамзат баласының бойындағы осы бір қасиет бар жақсылықтың, ырыс-берекенің тұтқасы. Егер мейірімнен айырылсақ, онда дала тағысынан еш айырмамыз қалмас еді. Жаңа жыл қарсаңында Қызылорда облысында әдемі бір шара өтті. Шапағатты шара дер едік біз. Аймақтағы жүзге жуық кәсіпкер «Жүрек жылуымен» атты қайырымдылық акциясына қатысты. Бұл шараның биыл бірінші рет өткізіліп отырғанын айта кетейік.
Осы бір мейірім-шапағаттың шарасында әлеуметтік жағынан аз қамтылған 1200 отбасына жалпы құны 7 миллион теңге тұратын азық-түлік пен қажетті киім-кешек үлестірілді. 22 ГАЗел автокөлігіне тиелген зат жұртшылыққа таратылды.
– Бүгінгідей қайырымдылық акциясының өткізіліп отырғанына біз өте қуаныштымыз. Әсіресе, мереке қарсаңында көмек көрсетіп жатқан барлық азаматтарға алғысымызды айтамыз. Мен өзім отбасыммен жатақханада тұрамын. Мүмкіндігі шектеулі кішкентай немерем бар. Әлеуметтік көмекті қажет ететін мыңдаған отбасына қолұшын созу шарасы дәстүрге айналатынына сенеміз,– дейді аталған акцияға қатысушы Жанат Махамбетова.
Бүгінгі шараға арнайы барған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев акцияны өткізуге атсалысып, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсеткен барлық азаматтарға, іскер адамдар мен мемлекеттік, қоғамдық ұйым өкілдеріне алғысын білдірді.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Мемлекет пен бизнес экономикалық қана емес, әлеуметтік мәселелерді шешуде де әріптес болуы тиіс», деген болатын. Әлеуметтік әділдік, теңдік, өзара сыйластық пен қамқорлық туралы ниетті тек қана мемлекет емес, азаматтық ортаның өзінің көтеруі қоғамымыздың кемелденгендігін көрсетеді. Сондықтан да бұл құптарлық және жан-жақты қолдауға тұратын бастама,– деді Қырымбек Елеуұлы.
Акцияға атсалысқан белгілі кәсіпкерлер мен халық қалаулылары, мемлекеттік қызметкерлерден шара аясында ұйымдастырылған арнайы көмек жәшігіне 3 миллион теңгеге жуық қаржы жиналды.
Ал шараға қатысқан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнайы бекітілген автокөліктер азық-түліктерін үйіне дейін жеткізіп берді.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.