Тәуелсіздіктің жиырма бесінші жылының табалдырығын аттап отырған егемен еліміздің ертеңі бұдан гөрі де жарқын болатынына сенім мол. Бұған дейін де талай дағдарыстар болған, оларды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еркін еңсеріп келгенімізді ешкім де жоққа шығара алмас. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында дамуға бағыт ұстаған Қазақстан қарқынды бәсеңсітпей, елді еңселендірудің жолдарын анықтап алған болатын. Ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында және күні кешегі «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқын көрініс тапқан – ды. Енді, міне, Елбасының бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» деген бағдарламалық мақаласында Ұлт Жоспарын жүзеге асырудың мүмкіндіктерін қолға ұстатқандай нақтылап берді, атқарылар істердің ара-жігін ажыратып ұсынды деуге болады. Мені, мақаладағы «Әр ұрпақтың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Оларда туған жерге сүйіспеншілік сезімі, өз халқы мен Отанының бақыты туралы аңсар айқын көрінеді» деген ойы кәдімгідей толғантты.
Шынында, ортақ Отанымыздың бақыты болмаса, жекелеген адамдардың бақуатты тұрмысынан не пайда? Біз мұны тәуелсіздік алған жылдары айқын сезіндік, қай жағымызға қарасақ та ілгерілеу бар, іркіліс азайып келеді.
Нұрсұлтан Әбішұлы қай салада қандай мүмкіндіктер мен резервтер бар соған дейін дәлелдеп, алға тартуда. Ендігі міндет ел дамуының басым бағыттарын іс жүзінде жүзеге асыруға келіп тіреледі. Бұл бағытта да Елбасы бәрін өлшеп-пішіп қойғандай әсерге бөлейді. Бұдан артық не керек? Нақты жұмыс істеу керек дер едім. Бағдарламалық мақалада «Ұлт Жоспарында экономиканың бірқатар перспективалы секторларын дамыту бойынша шаралар қарастырылған. Бірінші кезекте ол электр энергиясы секторына және энергиялық тиімділіктің өсуіне қатысты», деп атап өтілген.
Бұл бізді қанаттандыра түседі. Себебі, мен осы салада еңбек етемін. Өзім жұмыс істейтін Ақтөбе жылу-электр орталығы қаланы ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір стратегиялық кәсіпорын. Мұнда жұмыс істеудің жауапкершілігі өзге кәсіпорындарға қарағанда жоғары болатыны да сондықтан. Бүкіл қаланың 70-80 пайызын ыстық сумен және жылумен қамтамасыз етіп отырған орталықта соңғы жылдары қондырғылар жаңартылып, инвестиция салу арта түсті. Ал Елбасы сөзі мұның одан әрі жалғастырылатынына сендіреді. Яғни, қазірдің өзінде толық қуатында жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның келешегі бұдан да бетер кемелдене түседі деген сөз. Ал алға қойған міндеттерді іркіліссіз орындауға еңбек ұжымының ынтасы зор. Біздің Елбасы тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға деген нақты жауабымыз тұтынушыларға ыстық су мен жылуды белгіленген мөлшерде кідіріссіз жеткізу болмақ. Бұл бағытта кәсіпорында жүйелі жұмыс қалыптасқанын мақтанышпен айтуға әбден болады. Бұл үрдісті үзбей, ілгерілеуге бағыт ұстаймыз десем артық айтқандық болмас. Бұған орталықтың қысқы кезеңде қалыпты жұмыс істеп тұрғаны да дәлел болады.
Болат ЖҰМАКЕШОВ,
«Ақтөбе жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамы бас инженерінің орынбасары.
Ақтөбе облысы.