Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты көлемді мақаласында еліміздің сот жүйесін жетілдіру мен кемелдендіруге байланысты «Құқық тәртібі және заңдылық» деген тұтас бөлім арналуы бекер емес. Қазіргі кезде Ұлт Жоспарының 100 нақты қадамы мен жуырдағы Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруда бұл жарияланымның маңызы зор. Біз әлемнің дамыған 50 елінің қатарында болуды көздеп отырған елміз. Бұл – ең ұлы қазақстандық арман! Осы жолда сот саласы да кешеуілдемей, кейін қалмай, үздіксіз дамуы тиіс.
Осы орайда 1 қаңтардан бастап соттың құрылымы бес сатыдан үш сатылы жүйеге өтті. Бұл ең алдымен, елдің игілігі үшін жасалған қадам. «Барлығын кадр шешеді» деген ежелгі қағида әлі күшінде. Сондықтан, соттарға қойылатын талаптың күшеюі, судьяға үміткерлікке қойылатын талаптың өсуі көп жайтты байқатады. Бұрын 25 жасқа келген азамат жоғары білімді болып, емтиханды тапсыра алса, жұмыстан тыс үш айға дейін тәжірибеден өтіп судья атанса, бүгінде бұл талап қатаңдатылды. Кез келген тәжірибеден өтуші судья бір жыл еңбек етеді. Содан кейін барып, бір жылға тағайындалады. Бір жылдың ішінде судьяның қабілет-қарымы тағы сыналады. Осыдан соң облыстық соттың жалпы жиынында оған білікті сот мамандары тарапынан баға беріледі. Сенім артылған жағдайда ғана Жоғары кеңес судьяны тұрақты қызметке тағайындайды. Бұл бүгінде сот қызметіне келетін азаматтардың баршасына қойылып отыр. Осы сияқты жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттырады.
Жалпы, Елбасы әр кәсіпті тереңнен білу үшін кез келген қызметті төменгі сатыдан бастау туралы айтып келеді. Былтыр аталып өткен Қазақ хандығының 550 жылдығында бұл мәселе тарихи тәжірибе екенін тағы бір түйсіндік. Мәселен, Қазақ хандығының дәуірінде бала билер болды. Яғни, біздің сөз ұстаған атақты, даңқты билеріміз жастайынан көзге түскен бала билерді жанына ертіп жүріп, сынақтан өткізген, келешекте ізін басар шәкірт ретінде тәрбиелеп, баулыған. Осынау көне тарихи қайнарымыздан бастау алып, біте қайнасып жатқан сот жүйесіне енгізген реформалық өзгерістер Президентіміздің парасаты мен пайымын көрсетеді.
Мемлекет тұрақты дамуы үшін сот билігі қуатты болуы қажет. Бұл мемлекетімізге қаржы құюға қолайлы климат жасайды. Осы орайда Елбасы бастамасымен инвестициялық сот құрылды. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін мемлекеттік құрылым мен шетелдік инвесторлар келісімі нәтижесінде елімізге қаншама қаражат құйылып жатыр. Аталған заңнама арқылы инвесторлар құйған қаржысының ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейтініне, елімізде заңның үстемдік ететіне көздері жетеді. Сонда ғана елімізге инвестиция салынады. Яғни, Елбасы отандық сот жүйесіне қазіргідей қаржылық дағдарыс кезеңінде экономиканы нығайтуды тапсырып отыр. Бұл еліміздің инвестициялық климатын жақсарта түседі.
«Керуен басы мықты болса, түйесі азбайды, қолбасы мықты болса, сарбазы тозбайды» дегендей, осындай қиын-қыстау кезеңде елді ертеңгі күнге сеніммен бастап келе жатқан Елбасы бас басылымдағы мақаласы арқылы қадау-қадау міндеттер жүктеп отыр. Қазіргі жағдайда бар мәселенің шешімі – экономика. Осы уақытқа дейін қол жеткізген табыстарымызды жоғалтпай, сүйем қарыс болса да алға жылжуымыз қажет. Сондықтан, Президентіміздің мақаласы – күрделі кезеңнің мақсат-міндеттерін нақтылаған құнды стратегиялық жарияланым.
Досжан ӘМІРОВ,
Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы.
ӨСКЕМЕН.