• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2016

Дамудың озық үлгісі

521 рет
көрсетілді

Ұлт жоспары – ұлы арманның асқары

Отандастарымыз Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты жаңа еңбегін қызу қолдауда

Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты еңбегін талқылауға арналған брифинг өтті. Оған «Қазақстан азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Нұрлан Ерімбетов және Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Алуа Жолдыбалина қатысты. Нұрлан Ерімбетов Елбасының аталған мақаласы өзіне ерекше әсер еткенін баяндады. «Бұл мақала мені қатты ойға қалдырды. Мен мақаланы оқып отырып, не туралы ойлауымыз қажеттігін түсіндім. Сондай-ақ, Елбасы мақаласы әрбір адамды өз тағдырына жауапкершілікпен қарау керектігіне үндейді», – деді Н.Ерімбетов. Сонымен қатар, спикер ма­қалада көрсетілген бағыттардың өзектілігіне тоқтала келіп, Елба­сының мемлекетіміздің тұтастығы мен орнықты дамуына қатысты ойларына екпін берді. «Маған Президенттің ел бір­лігіне қатысты айтқан тұшымды ойлары, ұсыныстары ұнады. Елбасының, әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоға­мымыздағы рөліне қатысты айтқандарының жөні бөлек. Өз­деріңіз білесіздер, этносаралық қарым-қатынас саласы өте маңыз­ды мәселе. Қазіргі таңда көптеген елдер этносаралық жанжалдардан зардап шегуде. Ал бізде бұл мәселе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында оңтайлы шешімін тауып, нәтижесінде ынтымағы жарасқан ел болып отырмыз», – деді. Алуа Жолды­балина әлем қауым­дастығы Пре­зиденттің «100 нақты қадам» ­Ұлт Жоспарының маңызды­лығына баса назар аударды. «Жалпы, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары – бұл нәтижесі жағынан елімізде ұзақ мерзімді, кешенді, жүйелі, кең көлемде ықпал ететін стратегиялық құжат, сондай-ақ, түбегейлі құрылымдық, инсти­туттық, жүйелік өзгерістерге әке­летін реформалар кешені, жаң­ғыр­ту жобасы. Тарихтан біле­ті­німіздей, өткен ғасырдың белгі­лі көшбасшылары өз ұлты мен­ елі үшін белгілі бір стра­тегия­лық міндеттерді шешуге ұмтыл­ды. Олардың бар­лығы өз ел­дері­нің қиын да күрделі кезе­ңін­де халқының мүддесі үшін мем­ле­кетінің стратегиялық дамуының негізі болған Бес институттық реформа тәрізді жаңғырту жобасын дайындаған-ды. Айталық, Сунь Ятсеннің 3 қағидаты: азаматтық ұлтшылдық, халық билігі, халықтың әл-ауқаты мен Дэн Сяопиннің «Дамудың 3 қадамдық стратегиясы», Мұстафа Кемал Ататүріктің «6 жебесі»: Республиканизм, Ұлтшылдық, Халықтық, Секуляризм, Этатизм, Реформизмі, Ли Куан Юдің 7 қағидаты: Адал және тиімді үкімет, Заң үстемдігі, Бизнестің дамуына жағдай, Макроэкономикалық сая­сат, Тәуелсіз білікті сот, Төмен деңгейдегі сыбайлас-жемқорлық, Мемлекеттік институттар мен жергілікті билік реформасы. Міне, осындай жобалардың барлығы да бұл елдердің дамудың даңғыл жолына түсуіне сеп болды», – деді А.Жолдыбалина. Сондай-ақ, Ұлт Жоспарына қатысты шетелдік БАҚ-тарда жа­рияланған сараптамалық мақа­лаларға тоқталды. Сарап­шының сөзіне қарағанда, «100 нақты қа­дам» Ұлт Жоспарына әлемдік қауымдастық зор қызы­ғушылық таныта отырып, оған өздерінің ашық пікірлерін біл­дірген. «Шетелдік бұқаралық ақ­парат құралдары бұл стратегиялық құ­жатқа өте үлкен қызығушы­лық білдірді. Мәселен, ресейлік баспасөз беттеріндегі мақалаларда «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына қатысты «Экономикалық ға­жайып­­қа әкелетін 100 қадам», «Сәттілікке әкелетін 100 қадам», «Еуразияны өзгертетін 100 қадам», «Жаңартудың 100 қадамы», «Жаңартудың кең көлемді жобасы» деген атаулар басым болды», – деді ол. Спикер атап өткендей, бір­қатар ресейлік сарапшылардың пікірінше, Қазақстан өзінің Ұлт Жоспары арқылы көптеген салалар бойынша алдыңғы қатарға шығуға мүмкіндік алып отыр. «Ресейдің стратегиялық зерттеулер институтының Орталық Азия бойынша жетекшісі Дмитрий Александровтың айтуынша, «100 нақты қадам» бағдарламасы Қазақстанды гүлденген мемлекеттер қатарына қосуға бағытталған, ертеректе қабылданған әрі жү­зеге асып жатқан құжаттардың үйлесімді жалғасы. Ал Орталық Азия жөніндегі неміс сарапшысы Беате Эшмент құжатта көрсетілген транспорттық жоба­ларға жоғары баға беруде, оның пікірінше, ұзақ мерзімді кезеңде Қазақстан үшін бұл өте маңызды қадам. Бұлардан бөлек, көптеген Еуропа мемлекеттері де «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына қатысты пікір білдірді. Айталық, Австрияның ұлттық кеңесінің екінші президенті К.Копфтың айтуынша, Ұлт Жоспары сәтті әрі жоғары стратегиялық бағ­дарлама және де Қазақстан оны толықтай жүзеге асыра алады. Сингапур ұлттық университетінің бұқаралық саясат мектебінің деканы Кишора Махбубани: «Қазақстан осы бағдарламаны жүзеге асыру арқылы Орталық Азиядағы жаңа логистикалық хабқа айналады, бұл елдегі саяси тұрақтылық – мемлекеттің ең үлкен артықшылығы», – деп баға берді. АҚШ-та да бұл құжат талқыланды. Бір ғана мысал келтірсем, Ұлттық кеңестің сыртқы саясат жөніндегі сараптамалық орталығында 16 мау­сымда заңның үстемдігіне байланысты екінші реформа бойынша үлкен пікірталас өтті. Олар әрбір 19 қадамның барлығын қарастырды», – деді А.Жолдыбалина. Сондай-ақ, сарапшы Еуро­паның politico.eu медиа-порталында «100 нақты қадам» батыстық та, посткеңестік те жоспар емес, бұл саяси, экономикалық, мәде­ни серпіліске әкелетін дамудың азиялық үлгісі деп атап көрсетілгенін жеткізе келіп, жаһандық қауіпсіздікті талдау институтының директоры Ариель Кохеннің, Израильдің Шығыс Еуропа және ТМД елдері институтының директоры Александр Цинкердің пікірлеріне мән берді. Нақтылай айтқанда, Ариель Кохен: «Қазақстан бұл бағдарламаны жүзеге асыруда тез дамушы Еуразиялық барыс бола отырып, шетелдік инвестиция үшін ең тартымды мемлекеттердің бірі болады», – деп есептейтінін мәлім еткен. Ал Александр Цин­кер: «Құжаттың ең маңызды әрі негізгі бөлімі – «Біртектілік пен бірлік». Осы бөлімде көр­сетілген қадамдарды жүзеге асыру арқылы қалған 4 реформаға арналған қадамдардың талаптарын орындауға болады, сол себепті, бұл ең маңыздысы. Бұл бағдарлама елге жаңа серпін беріп, дамыған мем­лекеттердің қатарына енуге мүмкіншілік ашады», – деп атап көрсеткен. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».