• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2016

Төреші Тофик Бахрамовтың тура шешімі

382 рет
көрсетілді

тура 50 жыл өткенде толық дәлелденіп шықты Биылғы жылы Англия құра­масының әлем чемпионы атанғанына тура 50 жыл толады. Қазір осы айтулы оқиғаға байланысты Ұлыбританияда үлкен тойға дайындық жұмыстары қызу басталып кетті. Соның шеңберінде Sky Sports телеарнасы 1966 жылы Лондонда өткен футболдан әлем чемпионатының Англия мен ГФР арасындағы финалдық матчта талас тудырған голдың да «тағдырын» шешіп берді. Бұрнағы күннен бері әлеуметтік желідегі басты тақырыптардың бірі осы болып отыр. Бұл жердегі әңгіме кездесудің 19-минутында ағылшын Джеффри Херстің салған голы туралы болып отыр. Ол осы ойынға қапталдағы төреші ре­тінде қызмет еткен кеңестік арбитр Тофик Бахрамовтың ар­қасында саналып кеткен еді. Өте бір жауапты да түйін­ді ше­шім болғандығынан бұл сәт фут­бол мамандары мен жан­күйерлерінің жадтарында мәң­гіге жатталып қалып қойды. Сөй­тіп, алаң иелері 11-минут­та неміс Хельмут Халлер соққан голға жауап қайтарып, таразы басын теңестіре алды. Бұдан кейін де тартысқа толы өткен матч 2:2 болып аяқталған болатын. Мұнда 78-минутта ағыл­шын Мартин Питерс соқ­қан допқа тура 90-минутта не­міс Вольфганг Вебер жауап қай­тарып, таблодағы есепті тағы да теңестірген. Ол кезде қазіргідей кездесу соңында негізгі таймға қосымша уақыт белгілеу деген атымен жоқ. Тіпті, алаңдағы ойыншыларды алмастыру тәртібі де енгізілмеген, старт­тық құрамдағы 11 ойыншы ақырына дейін өздері ойнап шығады. Осы­дан соң командалар кімнің мықты еке­нін анықтау үшін құрамалар 30 минут­тық қосымша таймға шықты. Осы кезеңде манағы Джеффери Херстің жұл­дызы қайтадан жарқырап шыға келді. Ол 100 және 120-минуттарда тағы екі гол салып, хет-трикке де қол жеткізді. Қазір Англияның осы тарихи жеңісінің 50 жылдығын атап өту тойы қарсаңындағы жоба шеңберінде сарапшылар кейіннен көп талас тудырған әлгіндегі гол­дың жайын да жан-жақты тексеріп көріпті. Сонда олар доп­тың қақпа сызығын толық кесіп өткеніне көз жеткізген. Де­мек, голдың болғаны да, оның дұрыс саналғаны да еш күмән тудырмайды. Сол кезден сақ­талған бірде-бір ви­­деоқайталау тө­реші шешімінің оң болғанына күмән тудыра алмады. Еске сала кетейік, сол кездесудің бас тө­решісі, швей­ца­рия­лық Готфрид Динст қап­тал­дағы кеңестік лайнсман Тофик Бах­рамовпен кеңескеннен кейін әл­гіндегі голды санап, сенімді түр­де алаңның ортасын көрсеткен еді. «Лайсманның қатесіз әрекеті ақыры дәлелденді. Иә, ол бір­жақты шешім қабылдай алатын­дай жақсы позицияда да тұрған жоқ еді. Бірақ соның есесіне біз қазір Бахрамовтың дұрыс болға­нын мәңгіге дәлелдеп бердік», – деді «Ливерпульдің» атақты қорғаушысы Джейми Каррагер. Тағы бір айта кететін жайт, осы жылғы 29 қаңтарда даңқ­ты төрешінің туғанына 90 жыл толады. Тофик Бахрам оғлы Бахрамов – әзербайжан халқының перзенті. Ол 1926 жылы Бакуде туған. Жас кезінде футбол ойнаған. Бірақ аяғын сындырып алуына байланысты онымен ерте қоштасқан. Ал 1955 жылдан төрешілікпен айналыса бастаған. 1964 жылдан халықаралық матчтарға қызмет еткен. 1966 жылы әлем чемпионатында қазылық жасайтындар қатарынан табылды. Осылайша Николай Латышевтен кейін мундиалда қызмет етуші екінші кеңестік арбитр болды. Т.Бахрамов 1972 жылы Арген­тинаның «Индепендьенте» және Нидерландтың «Аякс» ко­ман­да­лары арасындағы Құрлы­қаралық кубоктың финалдық матчында бас төрешілік жасады. Қазір Бакудегі Республикалық стадионның алдында Тофик Бахрамовтың ескерткіші тұр.  Руслан ИГІЛІК.