Көкшетау әуежайының вице-президенті Олег Чернышевтің жұмыс орнында асылып қалғандығы жөніндегі хабар бірқатар адамды елең еткізді. Тосын оқиға жайлы алыпқашпа сөздер де көбейді. Міне, енді Ақмола облыстық көлік прокуратурасы осыған қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабына сай қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Сондай-ақ, прокуратура өкілі мұның алдын ала тұжырым екендігін ескертті. Әзірге арнайы комиссия тиянақты зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Барлық қорытынды құзырлы комиссия жұмысының аяқталуымен айқындалады.
Олег Чернышев Көкшетау әуежайында 28 жылдан бері жұмыс істейді, топ-менеджерлік қызметке тағайындалғанына 4 ай болған. Мәйітті Чернышевтің аталған әуежайда жұмыс атқаратын ұлы тауып алған. Оның туған-туыстары 50 жастағы азаматтың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін еместігін айтады. Оның үстіне 75 жастағы анасына үнемі қамқор болып жүретін О.Чернышевтің қартайған анасын қайғыға батыруы ақылға қонбайды, дейді олар.
Әрине, жоғарыда айтылған мәселелердің анық-қанығы зерттеу амалдарының қорытындысында анықталатыны белгілі. Ал әуежай басшысы қызметінен босатылды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.