• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2016

АҚШ: сайлау науқаны қыза түсті

344 рет
көрсетілді

Әлі бір жылға таяу уақыт бар болса да, АҚШ-тағы президенттік сайлаудың даңғазасы жаңа жыл қарсаңында күшейе түскен сыңайлы. Үміткерлер, тіпті, өз партияластарын да аямай, бір-бірін ғайбаттауда сөз таңдайтын емес. Әсіресе, бұл ретте республикашылар айрықша белсенділік көрсетіп отыр. Оларды да тү­сінуге болар. Бұл партиядан үміт­керлер көп. Ал партиядан ақтық күреске шығатын жалғыз-ақ адам. Сол жалғыз болу үшін басқаларды ығыстыруың керек. Оның жолы – өзіңді жақсы етіп, басқаларды жаман етіп көрсете білу. Сол қағиданы ұс­танған республикашылардың қазіргі басты үміткері Дональд Трамп өзінің партияласы Джеб Бушты «түк ұқпайтын топас» деп жіберді. Оның бұл сөзі жауапсыз қалған жоқ, «есалаң Трамп» болып өзіне қайтты. Бұл теңеулер екеуінің арасында қалған жоқ, оны америкалық сайлаушылар ғана емес, бүкіл әлем естіді. «Түк ұқпайтын топас» пен «есалаңның» АҚШ-тай үлкен державаның тізгінін ұстауы қиын-ау дейсің. Үміткерлердің билікке жетсем, мынаны істеймін, деп жұрт­тың көңілін аулайтыны бар. Кейбіреулерінің осы сөзім жұртқа жағатын шығар деп, аузынан қағынатыны және бар. Тағы да сол Трамп, жұрттың терроризмге қарсы ойынан шығамын деп, бүкіл мұсылманды елге кіргізбеу керек деп қағынды. Оу, бүкіл мұсылман терроршы емес қой, деген сөз айтылды оған. Басқа басқа, бұл АҚШ-тың саясатына қайшы. Бұл республикашылар партиясының басшылығына да ұнаған жоқ. Олар, тіпті, сол Трампты үміткерлер қатарынан қалай шығарамыз деп бастарын қатырып жатыр. Мұндай сандырақпен республикашылар сайлауда жеңіске жете алмайтын сыңайлы. Сол Трамптың президент болсам, Путинмен тіл табысамын, дегені де кейбіреулерге ұнамағаны анық. Қазір республикашылар өз тізімінің басында тұрған миллиардер Трампты алмастырар кім бар деп аласұрып жатыр. Бұл ретте, Техастан сайланған сенатор Тед Круз бен Флоридадан сенатор Марко Рубионың аттары көбірек аталады. Екеуі де қырықтың ортасында, екеуінің де ата-аналары Кубадан шыққан эмигранттар. Республикашылардың ықыласы Крузға көбірек ауатындай. Ол: «Америкаға шешім қабылдай алатын, соғыс жағдайында әрекет ете алатын президент керек», дейді. Соған қарағанда, күшке көбірек сенетінін аңғартады. Билікке таласатын екі пар­тияның ішінде демократтардың шуы аздау. Оларда үміткерлер де көп емес, үшеу ғана: Хиллари Клинтон, Берни Сандерс, Мар­тин О’ Мэлли. Партиядан ақтық күреске кімнің шығатыны да ай­қын­далып қалғандай. Джентль­мендік те емес-ау, бедел-білік­тілігіне қарай болар, олар бұ­рынғы мемлекеттік хатшы Хил­лари Клинтонға жол беретін түрі бар. Сірә, демократтардың қа­та­рындағы осынау түсіністік олардың жолын ашатын тәрізді. Жалпы, сайлау туралы айт­қанда, кімнің жолы бола­ды дегенге болжам сұралып тұрады. Республикашыларда Трамптың рейтингі жоғары – 36 пайыз. Ұлтшылдық, нәсілшілдік ұранмен біраз дауыс жиғанымен, үлкен жеңіске жету қиын. Жеме-жем­ге келгенде, халықтың көп­ші­лігі оларды қолдамайды. Рес­пуб­ликашылар Трамптың орнына жаңа адам тапқанмен, оның ұлттық ауқымда бедел алуы қиын болар. Демократтарда Х.Клинтонның рейтингі – 69 пайыз. Өте жоғары көрсеткіш. Кәнігі дипломат бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін жанын салатыны анық. НАТО-ға шақырғанымен, әлі мүше емес Кішкентай ғана Черногорияның Солтүстік атлантикалық әскери одаққа кіруі үлкен мәселеге айналды. Желтоқсанның басында НАТО-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің саммитінде ол альянсқа шақырылған. Ал оған ресми мүше атануы үшін бұл шақыруды одаққа мүше елдер ратификациялауы керек. Әдетте, қалыптасқан дәс­түр бойынша, сыртқы істер минис­трлерінің шешімінен кейін одаққа кірді деп есептеледі. Мүше елдер басшылығының мақұлдауы жай ресми ғұрып, уақыттың ісі саналады. Ал Черногория туралы олай болмай отыр. Оны бұл одаққа кіргізбес үшін күрес ел ішінде де, сыртта да күшейіп тұр. Мұның өзі шағын елдің саяси өміріне айтарлықтай ықпал етуде. Күнде жиын, күнде айқай. Елдің құтын қашыратыны белгілі. Черногорияның НАТО-ға кіруі бұл одақты күшейте қоймасы анық. Халқының саны 650 мыңдай елдің қарулы күші қандай болатынын бағамдап көріңіз. Ал осынау шағын елдің НАТО-ға кіруіне қарсылар кім дегенде, бұл жерде жалпы НАТО-ның кеңеюіне қарсыларды айтқан жөн. Ең алдымен бұл – Ресей. РФ Мемдумасы Черногорияның НАТО-ға кіруіне қарсылық білдіріп шешім қа­былдады. Бұл Черногорияның өз ішіндегі сепаратистерді қоздырды. Олар бұл мәселені бүкілхалықтық референдумда шешу керек деп даурығып жатыр. Жалпы, НАТО-ға кіру мәселесі – парламент құзырында. Черногория парламенті оны қыркүйек айында мақұлдаған. Қарсыластардың қазіргі даңғазасы – бүйректен сирақ шығару. Рас, бұған дейін үш елде: Венгрия, Словения және Испанияда референдумда шешім қабылданған. Оны кездейсоқтық десе болады. Словенияда даукес­терге тосқауыл қою үшін солай еткен. Испания мүше болған соң, басқалардың аузын жабу үшін соған барған. Венгрияда да солай. Черногория оппозициясының әрекеті де сыртқа сүйеніп, ілік із­деу ғана. Алдағы жылы бұл елде парламенттік сайлау өтеді. Оны да референдум ретінде қабылдауға болады. Сонда оппозиция жеңіске жетсе, елдің НАТО-ға кіруіне қар­сы шешім қабылдай алады. Бірақ, ондай болатынына ешкім де, тіпті, оппозицияның өзі де сенбейді. Осы мәселеге байланысты ақ­парат құралдары ел үкіметінің басшысы Мило Джукановичпен сұхбат жүргізіп, оны кеңінен таратып отыр. Отызға толмай ел басшылығына жетіп, ширек ғасырдай уақытта премьер-ми­нистр және президенттік қыз­меттерді алма-кезек атқарып келе жатқан ол Черногорияның НАТО-ға шақырылуын үлкен жетіс­тік, халықтың мүддесіне сай келетін оқиға санайды. Жүргізілген са­уал­намаға қарағанда, елдегі үш адамның екеуі НАТО-ға кіруді жақтайды екен. Жақтайтындар саны биылғы наурызда 165 мың болса, қарашада ол 220 мыңға жетіпті. «Біздің НАТО-ға кіруіміз еш­­кімге қарсы бағытталмаған, – дейді Джуканович. – Біз қашан да Ресеймен жақсы қарым-қаты­наста болғанды қалаймыз. Соған ұмтыламыз. Арқа сүйегіміз ке­леді». Черногория он жылдан бері ел валютасы ретінде еуроны пайдаланады. Экономикасы негізінен Еуроодаққа бағыт­тал­ған, соған кіруді де алға мақ­­сат етіп қойған. НАТО-ға мү­­ше­лікті соған жеткізетін бас­пал­дақ санайды. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.