• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Қаңтар, 2016

Тәуелсіздік – тұғырым

598 рет
көрсетілді

Ақтөбе өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Үлкен ел – үлкен отбасы» республикалық жалпыұлттық акциясы бастау алды. Облыс орталығындағы «Қоныс» спорт сарайында өткен кең ау­қым­ды мерекелік шараға 4 мыңнан астам адам қатысты. Шараға қаты­су­шылар қатарында еңбек арда­герлері, жастар, жоғары және орта ар­наулы оқу орындарының сту­денттері мен оқытушылары, үкі­мет­тік емес ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері болды. 1000 адам қатысқан театр­лан­дырылған қойылымда еліміздің тәуелсіздік алған сәтінен бастап бүгінге дейінгі жүріп өткен жолы ай­шықты ажарландырылды. Алды­мен сахналанған қойылым қаза­ғымның алтын бесігі – ауыл көшіп кел­гендей әсерге бөледі. «Мәңгілік Ел» идеясын бейнелеген көріністер де көңілді толқытарлық болды. Содан кейін сахна төріне еліміздің мемлекеттік рәміздері келтірілді. Көк байрағымызды желбіреткен спортшы жастар ортаға шықты, Елтаңбамыз келтірілді. Хор ұжым­дарының қосылып орындауын­да Әнұранымыз асқақтады. Шара ба­рысында патриоттық әндер шыр­қалды, үлкен экраннан Желтоқсан оқиғасын бейнелеген көріністер көрсетілді. Акцияға ақ жол тілеп, жинал­ғандарға салиқалы сөз арнаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев елі­міздің егемендік алған жыл­дардағы жасампаз істерге толы жолына тоқталып, барлық жеңіс­теріміз бен жетістіктерімізді Ел­басы Н.Назарбаевтың сарабдал сая­саткерлігімен сабақтастырды. Одан әрі өңір басшысы үстіміздегі жылғы қаңтар айында облыстың барлық аудандарын аралап шығатын үгіт пойызының сапарына сәттілік ті­леді. Пойыз құрамында медици­на қызметкерлері, заңгерлер, «Нұр Отан» партиясының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілдері бар. Символикалық «Достық шаңы­рағы» астына этномәдени бір­лес­тіктер өкілдері жиналып, ұлттық киімдер киінген ұлттар өкілдері әп-сәтте «Достықтың гүлдестесіне» ай­налып жүре берді. Үстіміздегі жылы өңірде Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына арналған 5 мыңнан астам әртүрлі шара өткізу көзделуде. Осы кезеңде кемінде 25 әлеуметтік ны­сан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ақтөбеден бастау алған бұл шара еліміздің барлық облыстарында жарасты жалғасады. Сәт сапар, саған, азаттық пен азаматтықтың акциясы. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.