Қазір әр үйдегі теледидардың өміріміздегі алар орнын дәлелдеп жату артық. Біреулер жаңа ақпараттарды, ал біреулер тарихи оқиғаларды, спорт хабарларын, балдырғандарға арналған түрлі көрсетілімдерді мезгілдің қай уақытында болмасын көруге мүмкіншілігі мол. Әдеп пен салт-сана биігін де осынан табасыз. Сөйтіп, өзің қалағаныңды қарау – өз таңдауың. Мәселен, «Қазақстан» арнасындағы «Ақсауыт», «Айтуға оңай», «Әйел бақыты», «Қылмыс пен жаза», «Иман айнасы», «Хабар» арнасындағы «Бармысың, бауырым», «Білгенге маржан», «Көзқарас», «Жекпе-жек», «Еуразия» арнасындағы «Ашығын айтқанда», «Судебные истории», «Поле чудес», «101 кеңес», «Қазақстан – Оралдағы» «Замансөз», «Күншуақ», «Жан сәулесі», «Ел алдында», т.б. өмірдің өзінен тұратын хабарлар топтамасы кім-кімді де ойсыз қалдырмайды.
Қарасақ, қамшының сабындай қысқа ғұмырда адасып, қылмысқа ұрынып жатқандар қатары азаяр емес. Мұның арасында жас та, жасамыс та кездеседі. Тіпті, бауыр еті баласын жөргегімен айдалаға тастап кеткен «қаракөздеріміздің» қылығын қай санатқа жатқызарыңды білмейсің. Іштей қатты күйінесің, бармағыңды тістейсің. Мұндай мысалдарды ондап кездестіріп жүрміз. Ал осылардың бірқатарын жоғарыдағы теледидар бағдарламаларынан көріп, біршама ой қалыптастыруға әбден болады. «Жақсыдан үйрен» деген осы.
«Айтуға оңай» ток-шоуының жүргізушісі Бейсен Құранбек елімізге жақсы таныс жан. Соңғы үш жылдың ішінде осы бағдарламаның жүздеген шығарылымы көгілдір экраннан көрсетілді. Тележурналист 35 жасында Қазақстан Президенті сыйлығының иегері атанған, ҚР мәдениет қайраткері. Оның ізденісі баршаны бейжай қалдырмайды. Қанша тағдырға араласты, қанша жанның көз жасына ортақтасты. Сөйтіп, ізгі жолды жалғастырудан жалыққан емес. Баршаның жүрегінде шындыққа, әділдікке деген сенім ұялатты. Бағдарламада көтерілген тақырыптарды шеберлікпен аша біледі. Түсірілім кезінде түрлі қиын сәттерден тапқырлықпен шыға алады. Миллиондаған көрермен алдында өзіндік таным, шынайы көркем қалпымен, жағымды даусымен баршаны өзіне баурап алады. Өзіндік ізденісі, ұлттық болмысы тамсандырады. Тақырыпқа сай көрермендермен кездестіретін тұлғаны таңдауы діттегенінен дөп шығады. Мәселен, 2015 жылғы 10 желтоқсандағы «Айтуға оңай» бағдарламасында бала тәрбиесіндегі олқы тұсымызға назар аударды. Осы көрсетілімге жазушы Дулат Исабеков, әнші Мәдина Сәдуақасова, психолог Гүлнар Ысқақ, журналист Мақсат Балабеков, т.б. қатысты. Хабарда жанұядағы жалғыз баланың тәрбиесі туралы өткір мәселе қойылды. Әрине, жалғыздың аты жалғыз. Оның маңдайынан ешкім шертпейді. «Ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, алдына ешкім шығып көрген емес. Дегені жүреді. Ол үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйлап көрген емес. Ерке. Ойлаған мақсатына жетпей тынбайды. Алам дегенін алады, барам дегеніне барады. Сөйтіп, үлде мен бүлденің, барлық пен байлықтың буына пісіп жүрген жаннан не күтесің? Ол өзгені адам деп санамайды. Әркез өзгеге өктем келіп, менменшіл болады. Өзгені менсінбейді. Ерсі, ерке. Шолжаң. Жалғыз болып, дегенін жасап қалған жан қоғамдағы жақсы мен жаманның, бар мен жоқтың байыбына бара алмайды. Сөйтіп, өзімшіл, қыңыр мінез, қиянатшыл болып өседі. Оларды өмірде көріп жүрміз. «Айтуға оңайдың» көруге қиыны да осы. Өз дегенін жасап қалған ол қандай да болмасын жаман қылықтарға барудан тайынбайды. Ал мұндай жаннан өзгелер қашық болады. Осындай еркешоралар өзгеге де, қоғамға да қауіпті жан болып қалыптасады.
Өткен жылдың 18 желтоқсан күнгі «Айтуға оңайға» танымал әнші Саят Медеуов, палуан, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров қатысқан болатын. Ток-шоуда ел ішіндегі жекелеген азаматтардың қазіргідей қиыншылық кезде туған ауылына қамқор болуды азаматтық міндет санауы орынды-ақ. Жақсылық Үшкемпіров Алматы облысы Мыңбаев ауылына қаншама игілікті шара жасаған. Осындағы мектеп, балабақша, басқа да әлеуметтік нысандар бүгінгі күннің талғамына жауап береді. Осы ауылдағы аз қамтылған отбасылар мен мүгедек жандар да аяулы азамат Жақсылықтан талай қамқорлық көрген. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген осы. Әр қазаққа туған жерін пір тұтудың керемет үлгі етер тұсы осындай болса керек. Біздің ауданда да Жаңабұлақ ауылдық округі, «Жамиға» шаруа қожалығының жетекшісі Асқар Қабанов, «Нұржан» ЖШС директоры Әлжан Досмақов сияқты азаматтар елге қамқор болудың озық үлгісін танытып келеді.
Бұл көз не көрмей жүр. Осы жақсы азаматтарға кері келер мына мысалдар да кейде жағаңды ұстатады. Ел ішіне келген жекелеген өнер адамдарының қалтаға ақша, қанжығаға мал байлап кетері жоқ емес. Сол адамдар «аштан өліп, көштен қалып» жатқан жоқ. Ырыздығы ел үстінде, шүкір ету керек қой. Сөйлесе «айды аспанға шығарып, күнді көкке көтереді». Ол – қамқор, ол – халықшыл, ол – жарылқаушы болып, жүрегіңді жаулайды. Ал кетерінде бергенді қалтасына басып, желідегіні жетектеп жүре береді. Сол жерде мектеп бар, қамқорлыққа зәру мүгедек бүлдіршіндер бар. Айтқан сөзіне сай соларға алғанын ұстатса, қане... Сөйтіп, сөйлеген сөзі мен істеген ісі қабыспайды. Жоғарыда аты аталған азаматтардай қалталы өнер адамдары елге қамқор қолын созып жатса, артықтық етер ме. Иә, бұл да «Айтуға оңайдың» көруге қиыны.
Жуықта «Еуразия» арнасында «Ашығын айтқанда» ток-шоуында қыз-келіншектердің достығына бірқатар оңды пікірлер айтылды. Мұның өзі «от басы, ошақ қасынан» қалыптасатын сыйластық жайын біраз тарқатты. Дәлірек айтсақ, ене мен келін, жеңге мен қайынсіңлі, т.б. туыстық жақындығы бар жандар арасын да, кез келген бірін-бірі жақсы танитын құрбылар арасын да салмақтап, саралай қараған тұшымды бағдарлама болды.
Сондай-ақ, облыстық арнадағы тележурналист Гүлжан Кунеева жүргізетін «Әдемі әлемінен» талай әдемілік таптық. Қыз баланың қасиеті тек әдемілікте емес, бүкіл жан дүниесінің сұлулығынан құралса керек. Пәк сезімін аялаған қыздар әлемін әлдилеу бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдарының құрамдас бөлімі. Қыз түзелмей, әйел түзелмейді... Сөйтіп, әлем түзелмейді. Ал осыны көріп жүрген жандар бар ма? Қазір кітап оқылмайды дейміз. Осыған қоса теледидардың да тәрбиелік орны кейін қалып барады. Ол қазір таңсық болмай қалды. Ондағы шетелдік сериалдарды ғана көріп, қалған хабарларды жылы жауып қойдық.
Ал сіз не көріп жүрсіз, ағайын? Ой бөлісейікші.
Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы.