Биыл біздің еліміз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тойын атап өтеді. Осы айтулы оқиғаның құрметіне Қазақстан Журналистер одағы азаматтық қоғамды дамытуға қосқан сүбелі үлесі және де осы жолда қол жеткізген толайым табысы үшін арнайы берілетін алтын медаль иегерінің есімін жариялады.
Бүгінгі күнге дейін алтын медальды халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменов, халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Сағымбай Қозыбаев иеленген болатын.
Енді келіп аталған награда өз иесін Қарағандыдан тапты. Қазақстан Журналистер одағының алтын медалі аталған одақтың облыстық филиалының төрағасы, орыс тілінде жарыққа шығатын жергілікті ресми басылым – «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Владимир Рыжковқа бұйырды. Бас редакторға жоғары награданы Қазақстан Журналистер одағы төрағасының орынбасары Николай Кубраков тапсырды.
Владимир Рыжков журналистика саласына еңбегі әбден сіңген кәнігі маман. Кезінде ол «Правда», «Комсомольская правда», «Казахстанская правда» газеттерінде қызмет етіп, өзін қаламы жүйрік журналист, азаматтық ұстанымы берік, парасат-пайымы биік адам ретінде таныта білген қайраткер тұлға.
Қазіргі таңда ол облыстық «Индустриальная Караганда» газетін басқарып, өзін ұйымдастырушылық қабілеті зор басшы ретінде де көрсете білді. Аталған басылым Владимир Иванович редакторлық еткеннен бері оқырманы іздеп жүріп оқитын, салмақты да салиқалы басылым деңгейіне көтерілді. Сонымен қатар, алтын медальдан бөлек, Владимир Рыжков еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басылым журналистерінің жұмысына жоғары баға берген Алғыс хатын да алды.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.