• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2016

Бас хатшылықтан үмітті екенін білдірді

275 рет
көрсетілді

ЮНЕСКО-ның бас хатшысы Ирина Бокова болгарлық «Нова телевизия» телеарнасына берген сұхбатында өзінің БҰҰ бас хатшысы лауазымына кандидат ретінде қатысуға ниетті екенін мәлімдеді. «Алдағы БҰҰ бас хатшысының сайлау үдерісіне өз кандидатурамды ұсынуға бекіндім. Жауапкершілікті жете сезінемін және сайлауда жеңіп шығатыныма сенімдімін», – деді ол сұхбат барысында. Бокованың атап өтуінше, Болгариядан кандидат болып түсу өзі үшін аса маңызды. Өйткені, бұл лауазымда адам барлық мүдделі тараптардың қолдауына ие болуы тиіс. Оның ішінде, ең алдымен, БҰҰ қауіпсіздік кеңесі тұрақты мүшелерінің қолдауы қажет. Сондай-ақ, ол өзінің кандидатурасын халықаралық көшбасшылар көбірек қолдап отырғанына да тоқталған. Бұған қоса, Ирина Бокова БАҚ-тарда өзін қаралайтын жарияланымдар көбейе бастағанына өкініш білдірген. «Бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Бірақ мен өзімді қолдайтын күштерді біріктіре аламын деп ойлаймын», – деді ол осы жөнінде. Кешірім сұрауды талап етті Американ-ислам қатынастары жөніндегі кеңес АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамптан оның сайлауалды митингісі кезінде қуылған наразылық білдіруші мұсылман әйелден кешірім сұрауды талап етті. Аталған кеңестің мәлімдемесінде Солтүстік Каролинада өткен митингте мұсылман Роуз Хамидке қатысты әрекеттер «америкалық мұсылмандарды қорқыту хабарламасы» екендігі айтылған. Дональд Трамптың штаттағы Рок Хилл қаласында сөз сөйлеу кезінде 56 жастағы жолсерік Роуз Хамид «Сәлем. Мен бейбітшілікпен келдім» деп жазылған жеңіл жейдемен тұрған екен. Ол орнынан көтерілгенде, айналасындағы адамдар тобы «Трамп! Трамп!» деп айқайлай бастапты. Осы кезде әйелге күзетшінің бірі оның бұл арадан кетуі керектігін білдірген. Мұны Д.Трампты қолпаштағандар да қолдай жөнеліпті. Ауған бейбіт келіссөзі басталды Кеше Исламабадта Ауғанстан, Пәкістан, АҚШ және Қытай билігі өкілдерінің қатысуымен ауған бейбіт үдерісін жандандыру жөніндегі келіссөз басталды. Бұл жөнінде бірқатар ақпарат агенттіктері хабарлады. Осы төрт мемлекеттің делегациясы Кабул мен «Талибан» қозғалысы арасында тікелей келіссөздер жүргізудің жолдары мен оның шарттарын талқылауда. Тараптардың бұл жолғы кездесуіне «Талибан» өкілдері қатыспайды. Ауғанстан премьер-министрі А.Абдулланың баспасөз хатшысы Жавед Фейсалдың хабардар етуінше, келіссөз барысында бейбіт үдерісті бастау және оны жүргізудің тетіктері талқыланады. Сондай-ақ, кездесуде Пәкістан тарапы Кабулмен келіссөз жүргізуге ықылас танытып отырған «Талибан» өкілдерінің тізімін ұсынатын болады. Жавед Фейсалдың сөзіне қарағанда, Исламабад Пәкістандағы «Талибан» жасақтарына қаржылай қолдау көрсетуді доғаруға және ондағы содырлардың Ауғанстан аумағына қарай ойысуына мүмкіндік бермеуге келісіп отыр. Қысқа қайырып айтқанда: Жексенбі күні Мысырдың жаңа парламенті алғашқы отырысын өткізді. Таяудағы екі аптада заң шығарушылар осыдан үш жыл бұрын сот шешімімен таратылған парламенттен кейін үкімет енгізген жүздеген заң жобаларын қараулары тиіс. Франция президенті Франсуа Олланд Париждегі мешітте болды. Ол мешіт имамы Далил Бубаермен және елдегі мұсылман діні кеңесінің басшысы Анвар Кбибешпен әңгімелесті. Түркияның құқық қорғау органдары елдің оңтүстігінде сириялық журналистің өліміне күдікті ретінде үш адамды тұтқындады. Қазірге олардың аты-жөндері аталған жоқ. Мексикада әуесқой футболшылар мен жанкүйерлер мінген автобус өзенге құлап, салдарынан 10-ға жуық адам мерт болды және 30 адам жарақат алды. КХДР АҚШ-қа тағы доқ көрсетті Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяның үстімен ұшып өткен америкалық стратегиялық бомбалаушы В-52 ұшағына қатысты АҚШ-қа «ядролық жауап береді» деген сипатта доқ көрсетті. «Новости» агенттігінің таратқан ақпараты бойынша, Солтүстік Кореяның «Нодон синмун» орталық газетінің кешегі шыққан нөміріндегі бір мақала осы мәселеге арналған. Онда АҚШ-тың «соғыс жағдайға итеріп» отырғаны аталыпты. Сонымен қатар, басылым Вашингтонды «қарсы тұрушылық тарихынан сабақ» алуға шақырған. Ал «Рейтер» ақпарат агенттігі Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігіне сілтеме жасай отырып, Вашингтон мен Сеул Оңтүстік Кореяға стратегиялық қаруларды орналастыру мүмкіндігін қарастырып жатқанын хабарлады. «Аймақтағы іске килікті» деп айыптады Араб мемлекеттері лигасының сыртқы істер министрлерінің Каирде өткен кездесуінде оған қатысушылар Иранды «аймақтағы іске килікті» деп айыптаған мәлімдеме таратты. Сыртқы істер министрлерінің мәлім­демесінде Теһеранның елдегі Сауд Арабиясы дипломатиялық өкілдігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмағаны, бұл халықаралық келісімді бұзу болып табылатыны көрсетілген. Мәлімдемеге ұйымға мүше елдерден Ливан ғана қарсылық білдірген. Өйткені, Ливанда шииттер сүнниттерден кейінгі екінші ірі топ саналады және бұл елде Иран қолдайтын «Хезболла» ұйымы әрекет етеді. Мәлімдемеде Иранға қарсы қандайда бір жазалау сипатындағы шараларды қолдану айтылмаған. Екі мемлекет арасындағы жағдай 1 қаңтар күні өлім жазасына кесілген шииттердің діни тұлғасы Нимр әл-Нимрге шығарылған үкім орындалғаннан кейін ушығып кеткен еді. Каталония басшысы отставкаға кетпек Каталония басшысы Артур Мас өзінің биліктен кететінін мәлімдеді және ол бұл орынға Жирон Карлес Пучдемон келуі мүмкін екенін де жасырып қалмады. Испанияның бұл аумағын 2010 жылдан бері басқарған Артур Мастың қызметтен кетуіне елдегі «Ұлттық үміткерлер бірлігі» партиясы мен «Бәріміз біргеміз» партиясы арасындағы келіспеушілік себеп болған екен. Дәлірек айтқанда, Каталонияның тәуелсіздігін қолдайтын бұл екі партия коалиция басшысын таңдау кезінде таласып қалыпты. Дегенмен, ішінара келіспеушілікке қарамастан, осы екі саяси ұйым өткен жылдың қарашасында Испаниядан бөліну бастамасын көтерген еді. Ал Мадрид бұған бірден қарсылық білдірген болатын. Интернет материалдары негізінде әзірленді.