АҚТАУ. 14 қаңтар. Ақтауда астан уланған қыз балаға дәрігерлер дұрыс диагноз қоя алмай, өлтіріп алған. Бұл туралы nur.kz сайтына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ақтауда астан уланып, қайтыс болған 15 жастағы қыздың өліміне ақ халаттылар кінәлі. Сарапшылар жедел жәрдем дәрігерлері науқастың жағдайын дер кезінде бағалай алмағандығын айтуда. 2015 жылы қазан айында Ақтауда бір отбасы тұздалған қиярдан уланған. Оларға дәрігерлер бастапқыда ботулизм диагнозын қойған болатын. Отбасының 15 жастағы қызы кешкілік астан соң әлсірей бастайды. Анасы дереу жедел жәрдем шақырғанымен, келген дәрігерлер оның асқазаны ауырып жатыр деп кетіп қалыпты. Қыздың жағдайы нашарлаған соң, екінші рет жедел жәрдем шақырғанымен диспетчер ертеңіне емханаға баруға кеңес беріп, бригада жібермеген.
Сарапшылар қыз баланы алғашқы жіберілген жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізгенде тірі қалар еді деген тоқтамға келді. Тіпті екінші рет шақырған кезде диспетчер дәрігер жібергенде, қыздың аман қалуы мүмкін екен. Сол себепті 2 дәрігер мен диспетчерге қызметіне салғырт қарауы салдарынан абайсызда адам өлтірді деген айып тағылды. Ақтау қаласының прокуроры Т.Әлібаев мәселеге қатысты пікірін «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 317 бабы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Оны сот шешеді» деп білдірді.
Гүлайым Шынтемірқызы
Дерек: egemen.kz.
Сурет: nsktv.ru.