АСТАНА. 14 қаңтар. Ұлыбританиялық мамандар нигериялық әскерилерді «Боко харам» лаңкестік тобының содырларына қарсы күреске дайындамақ. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ұлыбританияның қорғаныс министрлігі жыл бойы Нигерияға 300-ге жуық жауынгер мен әскери жіберілетінін хабарлады. Әскери қызметшілердің бұл тобы осы елдің қарулы күштерін «Боко харам» террористік ұйымына қарсы тұруға оқытып-үйретпек. Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әзірге ағылшын корольдік полкінің 35 әскери қызметшісі туралы ғана сөз болып отыр. Олар елдің солтүстік аймағында террористерге қарсы соғысып жүрген нигериялық қауіпсіздік күш құрылымдарын жаттықтырып, оқытады.
Осыған орай Ұлыбританияның қорғаныс министрі Майкл Фэллон:«Біз «Боко харам» лаңкестік тобы төндірген үлкен қауіпке қарсы күресте Нигерияға қолдау көрсетеміз», – деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ: «Біздің тарапымыздан әскери қызметшілерді дайындау бағытында қосымша қолдау жасау елдің қарулы күштеріне аса маңызды лаңкестікке қарсы іс-шараларды жүзеге асыруда тың серпін береді», – деп атап өтті.
Айта кетейік, «Боко харам» – (хаус тілінен аударғанда «Батыс білімі – күнә» дегенді білдіреді) Нигерияның солтүстігі мен солтүстік-шығысында лаң салып жүрген террористік топ. Лаңкестік ұйым елдің барлық аумағында ислам халифатын құрып, шариғат талаптарын енгізуді көздеп жүр. Террористік топ батыстың білім жүйесіне, демократия мен билікті бөлу принциптеріне, сондай-ақ, батыс киімдерін киюге, өзге де «жат» мәдениеттің белгілеріне түбегелейлі қарсылық көрсетіп келеді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: ТАСС.
Сурет: vesti-nedeli.com.