• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
14 Қаңтар, 2016

Шығыс Қазақстанда 16 мыңнан астам жұмыс орны құрылады

300 рет
көрсетілді

ӨСКЕМЕН. 14 қаңтар. Шығыс өңірінің биылғы жылғы басым міндеттерінің бірі еңбек өнімділігін екі есе арттырып, халықты жұмыспен қамтудың кешенді шараларын жүзеге асыру болып отыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Облыста 16177 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Елбасы Жолдауында қарастырылған дағдарысқа қарсы шаралар мен құрылымдық қайта құруларды жүзеге асыру қиындықтарды еңсеруге және экономикалық өсім ырғағын қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Облыстық ақпараттық орталықта Мемлекет басшысының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласын сараптау мақсатында өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы міндетін атқарушы Самал Мырзабаева осылай деді. «Мемлекет басшысы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында халықты жұмыспен қамтуға зор көңіл бөлді. Президент атап өткендей, жаңа экономикалық жағдайлар аталған саланың күшейтілуін талап етеді. Бұл тапсырмаларды жүзеге асыру үшін Үкімет жұмыс орындарын құру мен сақтауға, қызмет көрсетудегі жұмыспен қамтуды кеңейтуге, еңбек ресурстары сапасын арттыруға және жаңа жұмыс орнын құруды ынталандыруға басымдық берілген «Жұмыспен қамтудың жол картасындағы» өзгертулер мен толықтыруларды мақұлдады. Өзектілігі арта түскен карта өз жұмысын 2016 жылдан бастайды», деді Самал Мырзабаева. 2016 жылға жоспарланған 16177 жаңа жұмыс орнының ішінде индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша – 930, «Бизнестің жол картасы» бойынша – 303 жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде шағын несиелер беру жолымен кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымдарды дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру есебінен 1520 жұмыс орыны құрылмақ. Айта кетелік, биыл өңірде жалпы сомасы 1 млрд. теңгеден асатын ТҮКШ, инженерлік-көліктік және әлеуметтік нысандарды жөндеу бойынша 73 инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланған. Оның ішінде 901 млн. теңге республикалық бюджеттен бөлінеді. Бағдарламаның екінші бағыты аясында 1,1 млрд теңге көлеміндегі 400 шағын несие беріледі. Думан Анаш. Дерек, сурет: egemen.kz