2015 жылғы мамырда Атырауда нөсер жаңбырдан бірнеше отбасы зардап шеккен болатын. Баспаналары жарамсыз болып, қиналған жандарға алдымен «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы көмектесуге ұйғарым жасады. Нақтылай айтқанда, тұруға жарамсыз деп танылған бір баспананы толығымен қайта тұрғызып, төрт үйді күрделі жөндеуден өткізді.
Осы мақсат үшін «Ембімұнайгаз» АҚ орталық аппаратының мамандары бір күндік жалақыларын, яғни 18 млн. теңгені «Ембі-Демеу» қорына аударды. Ал құрылыс жұмыстарын жүргізуге жауапты мердігер мекеме анықталды. Жиналған қаражатқа жалғызбасты зейнеткер Қалым Құрмановтың бұзылған ескі баспанасының орнына жаңа үй салынып, көпбалалы отбасы және тәрбиесінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар Жұмагүл Көпбергенова, Ренат Сапаров, Лидия От-
тенбахер, Әйгерім Сүлейменовалардың баспаналары күрделі жөндеуден өткізілді.
– «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау облысы тұрғындары алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін жете түсінеді. Өндіріс алаңдары орналасқан аймақтардың инфрақұрылымының дамуына үлес қосып, көмекке зәру жандарға әлеуметтік қолдау көрсетуде. Кәсіпорын облыстық әкімдікпен ынтымақтастық меморандумының аясында қайырымдылық шараларына ауқымды демеушілік көрсетіп келеді. Атыраудағы №1 Қазыбаев атындағы мектеп-интернаттың тәрбиеленушілерін, соғыс ардагерлерін, мүгедектер ұйымын, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медициналық орталықтарды қамқорлыққа алды, – дейді «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Рысты Тасмағамбетова.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.