• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
15 Қаңтар, 2016

Инвесторлар үшін «бір терезе»

347 рет
көрсетілді

Елімізде енді инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қажетті барлық мемлекеттік қызметті «бір терезе» қағидаты арқылы халыққа қызмет көрсету орта­лықтарынан-ақ алуға болады. Кеше Астанадағы осындай қызмет көрсету бөлімінің жұмысымен Инвес­тициялар және даму министрі Әсет Исекешев танысты. Халыққа қызмет көрсету орта­лықтарында «бір терезе» қағидаты арқылы инвесторларға қызмет көр­сету бөлімдері жаңа жылдан бері еліміздің барлық облыстарында іске қосылған болатын. Инвестициялар және даму министрлігінің мәлі­метіне қарағанда, Қазақстанда қазіргі таңда инвесторларға қыз­мет көрсететін 19 бөлім жұмыс істейді. Оның екеуі Астанада, үшеуі Алматыда, ал қалғаны облыс орталықтарында орналасқан. Бұл бөлімшелер ин­весторларға бюрократиялық және әкімшілік салмақты айтарлықтай төмендетеді деп күтілуде. «Тез өзгеріске ұшырап отырған сыртқы жағдайларда инвесторлар мен шағын бизнес үшін бю­рократиялық кедергілерді жоюға қатысты реформаларды жылдам жасау керек. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы министрлікте басымдықты жобалар үшін «бір терезе» қағидаты бойын­ша қызметті жүзеге асырдық. Біз барлық меморгандармен нор­мативтік-заңнамалық базаны қа­растырдық. Енді биылдан бастап кез келген инвесторлар үшін кеңес беру мен барлық рұқсатнамалық құжаттарды ұсыну қамтылып отыр. Яғни, әрбір инвестор меморгандарға жүгінбестен, ХҚО-ға келіп, бір жерден 350 мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндік жасалып отыр», деді Ә.Исекешев. Бұл тұрғыда жерді пайдалану, құрылыс жұмыстарына қажетті құжаттар, сәулеттік-жобалау ғи­мараттары, инвестициялық шартты бекіту және басқа да қызметтер қамтылып отыр. Атап айтқанда, осы инвесторларға қызмет көрсету секторларында тиісті құжаттарды беру барынша қысқа мерзімде атқарылмақ. Мұнымен қоса министр қазіргі кезде мобильдік қызметтер бо­йын­ша жұмыстар жалғасып жат­қандығын жеткізді. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында ақпаратқа қолжетімділік бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Биыл 4 маңызды портал құралатын болады. Оның негізгі мақсаты – барлық министрліктер сайттарда бағдарламалар, бюджеттер, сатып алулар туралы барша ақпаратты халық үшін қолжетімді етуге мін­детті», деді Ә. Исекешев. Сон­дай-ақ, министр еліміздің инвестициялық ахуалына да қыс­қаша тоқталып өтті. «Әлемдегі дағдарыс салдарынан 2014 жылы инвестицияның төмендеуін бай­қадық. Талдау де­ректеріне сүйенсек, инвестициялар мұнай-газ және тау-кен секторларында төмендеді. Ал өңдеуші са­ла­дағы инвестиция көлемі өзі­нің деңгейін сақтап қалды», деді Ә.Исекешев. Осы орайда министр дағдарысқа қарамастан, индустриялық бағдарлама өңдеуші салаға оң әсер еткенін атап өтті. «Біз инвесторлармен жұмыс­тарды жалғастырудамыз. Индус­триялық бағдарлама бойынша жо­балардың жалпы пулының 150-ден астамы шетел инвесторларының қатысуымен жүруде. Дағдарысқа қарамастан барша инвесторлар жұмыстарын жалғастыруда, яғни нысандарды жүзеге асыру мен тиісті құрылыс жұмыстары жүруде. Жаңа инвесторлармен жұ­мыстар атқарып жатырмыз. Күн сайын министрлікке 5-10 инвестор келеді. Біз оларға қай салаға инвес­тиция салу керектігі, жеңілдіктер алу тұрғысында кеңес береміз», деді. Осы орайда министр енді инвесторлар қарапайым қызметтерді барынша қысқа мерзімде алуға мүм­кіндік ашылғанын баса айтты. Алдағы екі жылда халыққа қыз­мет көрсету орталықтарында көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны арта түспек. Ә.Исекешев бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында көп қызметтерді алуға болатынын айта келе, «би­ыл бірнеше құрылымдарды бірік­тіреміз, осы орайда ел азаматтары халыққа қызмет көрсету орта­лықтарында 530 қызметті алатын болады. Біз екі жылдың аясында, әрі кетсе үш жылда барлық 700 мемлекеттік қызметті ХҚО-лар­да жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз», деді. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».