Өткен сейсенбіде Құрлықтық хоккей лигасы шеңберінде Астананың «Барысы» өз айдынында Минскінің «Динамосын» қабылдап, 4:2 есебімен басым түсті.
Ойынның бірінші кезеңінде командалар бір-біріне лайықты қарсылық көрсетті. Алайда, бұл бөлікте гол соғылмады. Есесіне, екінші кезеңде жанкүйерлер төрт голдың куәсі болды. Кезең бастала салысымен алға ұмтылған айдын иелері 21-минутта қорғаушы Кевин Даллмэннің көмегімен есеп ашты. Арада 8 минут өткенде, «Барыс» сапынан Максим Худяков мергендігімен көзге түсті.
Қақпаларына екі шайба жіберіп алғанына қарамастан, қонақтар шабуылда сауатты ойнады. Нәтижесінде 32-минутта динамолық хоккейші Пол Щехура есеп айырмасын қысқартты. Әйтсе де, бірнеше секундтан кейін «Барыс» қайтадан екі шайба айырмасымен алға шықты. Бұл жолы Дастин Бойд нәтижелі соққының авторы атанды.
Соңғы кезеңде, яғни, 44-минутта астаналықтар тағы бір шайба соқты. Бұл жолы «Динамоның» қақпасын Брэндон Боченски дәл көздеді. Ал минскіліктер 49-минутта тағы бір шайбамен қарымта қайтарды. Аталған гол Райан Вескенің еншісіне жазылды. Ойынның қалған уақытында есеп өзгерген жоқ.
Осылайша «Барыс» маусымдағы 26-жеңісіне қол жеткізді. Лиганың тұрақты чемпионатының аяқталуына 8 тур қалған тұста Андрей Назаровтың шәкірттері 78 ұпаймен Шығыс конференциясында 7-орында келеді. Біздің команда келесі кездесуін бүгін Астанада Омбының «Авангардымен» өткізеді.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».