• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2016

Тұмау қаупінің алдын алу

495 рет
көрсетілді

Қазақстанда ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанудың көтерілуі алдыңғы эпидемиялық маусымдарды талдау бойын­ша қаңтардың аяғына және ақпанның басына келеді, кейіннен мамыр айында бірлі-жарым жағдайларға дейін азаяды, деп атап өтті, баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары, еліміздің Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин. – Еліміз бойынша тұмау вирусы­ның айналымына мониторинг жасау және вирустың жаңа штаммдарын анықтау түрінде тұмауды және тұмау тәрізді ауруларды (ЖРВИ) эпиде­миологиялық қадағалаудың тиімді жүйесі қамтамасыз етілген. Жедел эпидемияға қарсы шараларды қабылдау мақсатында жыл сайын 1 желтоқсаннан бастап халықтың респираторлық вирустық инфекция­лармен және тұмаумен сырқаттану жағдайына және Қазақстандағы, сонымен бірге, шетелдегі тұмау вирусының айналымына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Ағымдағы эпидмаусымда ЖРВИ және тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп сипатталады. Бақылау деңгейлерінен арту анықталған жоқ. Алдыңғы аптамен салыстырғанда сырқаттанудың 9 %-ға өскені бай­­қалды. Өткен жылдың осындай ке­­зеңімен салыстырғанда сырқаттанудың 13%-ға төмендегені байқалады. Ауырған адамдардың негізгі үлесі 14 жасқа дейінгі ба­ла­ларға келеді және ол жалпы сырқаттанудың 70%-ын құрайды. Тұмаудан болған бір өлім жағдайы тіркелді. Республиканың аумағына инфекциялық аурулардың әкелінуі мен олардың таралуының алдын алу мақсатында мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде келетін адамдарға қашықтық термометриясын қолдана отырып мониторинг жүргізіледі. 2015 жылдың басынан бастап қазірге дейін шекара арқылы өткізу пункттерінде 2 млн. 560 мыңнан астам адам тексерілді, инфекциялық және инфекциялық емес ауруға күдікті, дене қызуы көтерілген 30 науқас анықталды. Маусымның басында болжанғандай, республика аума­ғында А(H1N1), A(H3N2) және В тұмау вирустары үстемдік етуде. Алдыңғы жылдардағы сияқ­ты, ел аумағында парагрипп, рес­пи­раторлық-синцитиалды инфекция, риновирустық және аденовирустық инфекция сияқты тұмауға жатпай­тын инфекциялар да айналымда жүр. Тұмаудың алдын алудың барынша тиімді әдісі вакцинация бо­­лып табылады. Барлығы рес­пуб­­­­лика бойынша тұмауға қарсы 1 млн. 700 мыңнан астам адам егілді (ха­­­лықтың жалпы санының 10,0%-ы), оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан 1 089 139 адам егіл­ді (созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратын, иммун жетіспеушілігі, әлсіз және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері және жүкті әйелдер), жұмыс берушілер есебінен 500 мың адам, ақылы клиникаларда 135 мың адам егілді, – деп Жандарбек Мұх­тарұлы мән-жайға кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ, вакцинациядан басқа тұмаудан қорғанудың тағы бір тәсілі бар – ол ерекше емес профилактика. Ерекше емес профилактика ағзаның өзінің қорғаныш күштерін нығайтуға бағытталған және оны вакцина­циялау­мен бір уақытта жүр­гізуге болады. Ерекше емес профилактика ретінде иммундық түзетуші препараттар (анаферон, интерферон, виферон, интерферон индукторы), вирусқа қарсы жақпамайлар (оксалин, антивир және басқалары), поливитаминдер қолданылады. Алдын алу әдістерінің бірі науқас адамдармен қарым-қатынасты шектеу болып табылады, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, маусымға сәйкес киіну қажет. Халық көп жиналатын жерлерде, сондай-ақ, науқасқа күтім жасаған кезінде науқас адам да, дені сау адам да бетперде киюі керек. Бөлменің жиі желдетілгені және ылғалды тазалық жүргізілгені дұрыс. Науқасқа жеке ыдыс бөлініп, тұрақты түрде өңделіп тұрса құба-құп. Тұмау профилактикасының ма­ңызды әдістерінің бірі, әсіресе, ауыр­ған кезінде немесе науқасқа кү­тім жасағанда қолды сабынмен не­месе дезинфекциялық сулықтарды пай­даланып жиі жуу болып табылады. Иммунитетті көтеретін про­фи­лак­тиканың қол­жетімді әдістерін де пайдалану туралы ұмыт­пау керек (пияз, сарымсақ сияқ­ты табиғи фитон­цидтер, шөптер, қарақат, ит­мұрын қайнатпаларын көп ішу, құ­рамында С витамині бар ашыт­қан қырыққабат, цитрус сияқты өнімдерді қолдану, сондай-ақ, белокқа бай тағамдарды қолдану). Тамақты салқын сумен шаюдан бастап контрастылы себезгі мен хауызды пайдалана отырып ағзаны шынықтыру қажет. Тұмау өзінің асқынуларымен қауіпті, сондықтан, ең дұрысы, респираторлық аурулар­дың бірінші белгілері пайда болған кезде өзін өзі емдеумен айналыспай, тез арада дәрігерге бару керек. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.
Соңғы жаңалықтар