ӨСКЕМЕН. 21 қаңтар. Шығыс Қазақстанда соңғы жылдары спорт инфрақұрылымын дамытуда айтарлықтай серпіліс болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
2015 жылдың өзінде өңірде спорт пен дене шынықтыруға арналған 16 нысан тапсырылды. Бұл шығысқазақстандықтар үшін негізгі басымдық саламатты өмір салты екенін көрсетеді.
Әрине, негізгі міндет – бұқаралық спорт түрлерін дамытуға жағдай жасау, спорттағы жоғары нәтижелерге қол жеткізу, сонымен бірге өскелең буын арасынан келешек чемпиондарды даярлау. Өңір аумағында спортпен шұғылдану баршаға қолжетімді болуы және әркім өзі қалаған спорт түрімен қалауынша шұғылдана алуы тиіс. Бұл орайда облыс көлемінде 3418 спорттық құрылымдар қызмет етеді. 2015 жылы спорттық құрылым саны 16 нысанға өсті. Мәселен, Өскемендегі дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп-интернаты салынды, Катонқарағай ауданындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды, Бесқарағай ауданында жаңа жабдықтармен жабдықталған спорт диспансері ашылды.
Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының хабарлауынша, 2016 жылы Семей қаласында дарынды балаларға арналған 200 орындық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі салынады. Ал Риддер қаласында көпбейінді мамандандырылған спорт залы мен қысқы спорт түрлері бойынша дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат ашылмақ. Аягөз қаласында хоккей модулі бой көтереді.
Айта кету керек, облыста дене шынықтыру мен спортқа ден қойған балалар мен жас жеткіншектер саны 26 864 адамды құрайды.
Думан Анаш.
Дерек, сурет: egemen.kz.