Атырауда бір отбасының құжатсыз, баспанасыз қалғаны, қазіргі уақытта жылусыз уақытша сарайда тұрып жатқаны анықталды. Осыған орай Атырау қаласының әкімдігі төменде анықталған жайттар туралы ресми мәлімдеме таратты. Шындығында, 1962 жылы туған Н.Орлов пен 1974 жылғы Е.Приданованың азаматтық некеден үш баласы бар екен. Балалары 2011, 2013 және 2015 жылы өмірге келген. Отбасы мүшелерінің барлығының да жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ екені анықталып отыр. Қала іргесіндегі шаруа қожалығында ұсынған баспанасы өртеніп кетіпті.
Осы жайттарды анықтаған әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия шешімімен Н.Орлов тұрғылықты мекен-жайы анықталмаған тұлғаларды бейімдеу орталығына, ал Е.Приданова үш баласымен бірге әйелдерге арналған дағдарыс орталығына орналастырылды. Енді қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары АХАЖ қызметкерлерімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттарын қалпына келтіруге және Н.Орловты жұмысқа орналастыруға көмегін бермек. Сонымен бірге, 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты және балалар жәрдемақысын ресімдеуге де көмек беріледі. Комиссия мүшелері Н.Орлов пен Е.Приданованың жеке иелігінде тұрғын үйінің бар-жоғын анықтауға да кірісті. Олардың аттарында тұрғын үй тіркелмеген болса, оларды баспана алу кезегіне қою үшін құжаттары жинақталмақ.
Мына дерек те жұртты таңдандырып отыр. Азаматтық некедегі жарынан үш бала тапқан Е.Приданова із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болып шықты. Оған туыстары іздеу салып, тіпті, мүрдесін таныған сыңай танытыпты. Өмірде ұқсас жандар аз дейсіз бе, бәлкім, туыстары оны әлдебіреумен шатыстырған болар. Қалай дегенде де, қазір баспанадан да, құжаттан да жұрдай отбасы Атырау қалалық әкімдігінің бақылауына алынды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.