• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2016

Бәсекелестік негізі – кәсіби біліктілікте

450 рет
көрсетілді

Қазақстанның Машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев пен «ҚазАгромаш Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Дин Ким Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу саяси науқанына қатысты өз ойларымен бөлісті. «Қазақстанның Машина жасаушылар одағы Елбасының Парламент Мәжілісі депутат­тарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы халыққа үндеуін толықтай қолдайды. Еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарын және еңбек ресурстарын өз құ­рамына біріктіре отырып, біз 5 институттық реформаны жү­зе­ге асыруға жол ашатын Ұлт Жос­­парындағы кешенді мақсат-міндеттерді де қолдаймыз», – деді өз сөзінде М.Пішембаев. Оның айтуынша, 5-ші ша­­қы­­рылымдағы Парламент Мәжілісі дағдарысқа қарсы бағ­дарламаны енгізу үшін оны тиісті заңнамамен қамтамасыз ету, ау­қымды реформаларды жүзеге асыру сынды міндеттерді орындай білді. «Ал Парламент Мәжілісі депутаттарын кезектен тыс сайлау – сол реформаларды одан әрі жүзеге асыруға, сол арқылы дағ­дарысқа қарсы іс-шараларды тиімді орындауға мүмкіндік бе­реді. Мемлекет басшысы өзінің халыққа үндеуінде Парламент Мәжілісі депутаттарының және түрлі деңгейдегі мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын өткізудің қандай қажеттіліктен туындап отыр­ғанын жан-жақты түсіндіріп берді. Президент жаңа жағдайда, мәселен, шикізат бағасының күрт төмендеген кезінде өмір сү­ру­ді үйрену қажеттігін, соған қарамастан, шағын және орта бизнесті, елді индустриялық-ин­новациялық жағынан дамытуды жалғастыра беру керектігін айтты. Бүгінде елімізде жүргізілген әлеуметтік зерттеулер Елбасының осы шешімін қазақстандықтардың 90 пайызының қолдайтынын көр­сетіп берді. Яғни, біз кәсіподақ ұйымдары, еңбек ұжымдары, сарапшылар, жастар ұйымдары, этно-мәдени бірлестіктер, қоғам қайраткерлері мен қоғамның басқа да салаларында жүрген азаматтар пікірлерінің бұл шешіммен үндесетініне көз жеткіздік. Біз жаһандық дағдарыстың салдарынан айналамызда, жалпы экономикада қандай қиын жағдай орын алып отырғанын білеміз. Ал бұл өткір, стандартқа бағынбайтын шешімдерді қажет етеді. Демек, биылғы жылы Парламент Мә­­жі­­лісінің депутаттарын сайлау «Нұрлы Жол» бағдарламасын, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын, 5 институттық реформаны жүзеге асыруға жол ашады деп ойлаймын», – деді М. Пішембаев. Осылай деген ол, Қазақстан Машина жасаушылар одағы бас­қармасының Мемлекет басшысы белгілеп берген саяси бағдармен жүруге әзір екендігін, себебі, қазақстандықтардың бір мүддеге топтасуы қиын жағдайда мемлекеттілікті нығайтуға күш береді, деген ойымен бөлісті. Сондай-ақ, ол: «Әлемдегі дағдарыс машина жасау өнеркәсібіне де әсер етіп отырғаны анық. Алайда, Үкімет бұл салаға қолдау жасап, тиісті шараларды жүзеге асы­руда. Менің ойымша, біздің өндірісіміз былтырғыдан төмен көрсеткіш көрсетпейді. Биыл теңгенің ресейлік рубльге шақ­қандағы бағамы бәсекелестік сауда жүргізу деңгейіне келіп қалды, яғни бізде шығарылған автомобильдер бәсекелестік тұрғыда Ресейдің автоөнеркәсібінен кем түсіп отырған жоқ. Өздеріңіз білесіздер, былтырғы жағдай басқаша болған еді», – деді. М.Пішембаевтың сөзіне қа­рағанда, елімізде шығарылған көліктерді көрші мемлекеттерге шығарып, саудалауға жақсы мүмкіндіктер туындап отыр. «Ең бастысы – кәсіпкерлер жаңа технологияларды енгізуді жалғастыруы тиіс. Өнім бағасы да бәсекелестік деңгейінде белгіленуі қажет. Жал­пы, отандық машина жасау өндірісінде мамандарды қысқарту болмайды. Барлық зауыттар өз­дерінің өндірісін сақтап, кәсіби мамандарды тұрақты жұмыс орындарында ұстап тұруы қажет. Өйткені, қазір оларды қысқартсақ, жағдай дұрысталғаннан кейін білікті мамандарды қайдан іздейміз? Ал, мамандарды даярлау – өте күрделі мәселе», – деді ол. Ал «Агромаш Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы Дин Ким дүниежүзін жайлаған қаржылық дағдарыстың, эконо­микалық қиындықтың күн өткен сайын белең ала түскенін айта келе, жаһандық және әлемдік эко­номиканың бір бөлшегі ретінде Қазақстанға да мұндай сыртқы факторлар ықпал ететінін жеткізді. «Доллар бағамының өсуі, энергия тасымалдаушы өнімдер бағасының төмендеуі секілді жәйттерді мы­салға келтіруге болады. Бұлар, сөзсіз, біздің іс-қимылымызға, Қа­зақстанның нарығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Десек те, Президенттің ел тәуелсіздігін алған жылдардан бергі жүргізген саясаты негізінде біз өзіміздің өндірісімізді өркендетіп, дамытуға мүмкіндік алып, мойнымызға жүктелген барлық әлеуметтік жауапкершілікті толықтай сезініп отырмыз. Сондықтан, Елбасының 5-ші шақырылымдағы Парламент Мәжілісін тарату жөніндегі Жар­лыққа қол қоюы – салмақты ойдан және алысты болжағаннан туған шешім. Сайлау әр кезде де халықты жұмылдырушы сипатқа ие болған. Бұл Парламентке де жалпыұлттық сенімді қалыптастыруға, жаһандық сын сағаттардан сүрінбей өту жолында тиімді шешімдер қа­былдауға мүмкіндік береді. Бү­гінде әлемдік экономикалық дағ­дарыс кезеңінде елді ілгерілеуге бас­тайтын біршама мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Де­мек, бізге өзіміздің ойымызға ал­ған жұмыстарды жүзеге асыруға ештеңе кедергі келтірмеуі керек», – деді ол. Сонымен қатар, Дин Ким мемлекет тарапынан қабылданған кез келген шешім Қазақстан экономикасына оң ықпал ету үшін жұмыс істейтінін жеткізді. «Әрине, дағ­дарыс кезінде халықтың бір мүдде жолында топтасуы – заңдылық. Мұндай кезеңде біздің көпэтносты мемлекетіміз ұлтжандылықтың жоғары үлгісін көрсетуі керек», – деді «ҚазАгромаш Холдинг» директорлар кеңесінің төрағасы. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».