• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Қаңтар, 2016

Бағытымыз айқын, жолымыз жарқын

371 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институттық реформаны жүзеге асыруға негізделген «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары қазақстандықтарды ғана емес, әлем жұртшылығын да қызықтырып отыр. Оны ұзақ мерзімге арналған ұлы жос­пар деп атауымызға әбден болады. Себебі, Ұлт Жоспары еліміздің халықаралық аренадағы беделінің артуына, экономикамыздың қар­қын­ды дамуына, халқымыздың әл-ауқатының артуына жол ашатын бірегей бағдарлама болып табылады. Кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын Ұлт Жоспары барлық саланы қамтиды. Әрі ол бүкіл қазақ­стандықтардың жұмыла кірісетін, жауапкершілікті қажет ететін ісі саналады. Бар­лық мемлекеттік органдардан, қоғамдық институттар мен өзге де мекеме-ұйымдардан іс-қимыл үйлесімділігін, табандылық пен қажырлылықты талап етеді. Мұн­дай асыл қасиеттер біздің бойымызда бар. Оны «Қазақстан-2050» Стратегиясын мерзімінен бұрын ойдағыдай орындап, енді алдымызға экономикасы дамыған, әлеуеті еселеп артқан, халқы бақуатты 30 елдің қатарына қосылу мысалынан көруге болады. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілетін осы жылдың басында Елбасымыз «Ұлт Жоспары – қазақстандық ар­­манға бастайтын жол» атты бағдарламалық мақаласын жария­лады. Сол мақаламен жан-жақты танысқан, үлкен әсер алған мың­даған ұстаз-педагогтардың бірі ретінде айтарым, Президентіміз өзінің мақаласында ұлт арманы қалай өріліп, рухы биік қазақтың бүгінгі күні өзгелермен терезесі теңеліп, айбыны асқақтап тұруы үшін не нәрсеге ұмтылу қажеттігін көрсетіп берді. Сонымен қатар, мемлекет тағдырына оң әсерін тигізетін келелі де кешенді істерді қалай бас­тау керектігін бағдарлап берді. Біз дана да дарқан, батыл да батыр, білімді де еңбекқор халықтың перзентіміз. Жеріміз бай, елімізде тұрақтылық пен келісім жарасым тапқан. Ал Елбасымыз бүгінгі және ертеңгі ұрпақ алдына жаңа технологияларды меңгеріп, елімізде бұған дейін болмаған жаңа өн­діріс орындарын ашу арқылы әлем­дік қоғамдастыққа танылып, халықаралық аренада ойып тұрып орын алуға үндеп отыр. Осы армандардың орындалуына бүкіл қазақстандықтардың атсалысуын қалап отыр және шақырып отыр. Міне, біз осы асыл арман­да­ры­мыздың жүзеге асатынына се­неміз, жүзеге асыруға бір кісідей ұйым­шылдықпен атсалысамыз. Осы ұлы мақсаттарға терең білім, жоғары кәсіби шеберлік және еңбекқорлық жеткізеді. Күнімхан ДҮЙСЕНОВА, №51 мектеп-гимназияның директоры. АСТАНА.