Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Қазақстан Республикасының Парламентінде болды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Шара барысында болашақ заңгерлер, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар жоғары заң шығару органының ғимаратына саяхат жасап, Сенат пен Мәжілістің отырыс залдарында, бірлескен отырыс залында, халықаралық кездесу залында, баспасөз орталығында, кітапханада болды, жұмыс органдарының қызметімен танысты.
Саяхат барысында Сенат пен Мәжіліс аппараттарының қызметкерлері қос палаталы Парламенттің тарихымен таныстырды. Осыдан дәл 20 жыл бұрын, 1996 жылғы 30 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің алғашқы отырысын ашқан болатын. Студенттерге түрлі шақырылымдағы депутаттардың қызметі туралы әңгімеленіп, шетелдік парламенттік делегациялардың естелік сыйлықтарының көрмесі көрсетілді.
Парламентте болған кездерінде студенттер Сенат депутаты Бірғаным Әйтімовамен кездесіп, Қазақстан парламентаризмінің дамуы туралы лекциясын тыңдады, сондай-ақ, заң шығару жұмыстарының ерекшеліктері мен кейбір құқықтық актілердің мазмұны туралы қойылған сауалдарға жауап алды.