Өткен аптада «Нұр Отан» партиясының XVII съезінде «Қазақстан - 2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» жаңа сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат бес институттық реформаны жүзеге асыру аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының негізгі бағыттары ескеріле отырып әзірленген. Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Сенат депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин осыған орай өз ой-пікірімен бөлісті.
«Дүние тынышсыз, осы тынышсыз дүниенің кеңістігінде Қазақ елінің тыныштығын сақтап, оның тәуелсіздік мұраттарын қорғау – әрбір қазақстандықтың басты парызы. «Нұр Отан» партиясының XVII съезінде Елбасымыз осы мәселеге қатты назар аударды және бес халықтық реформаның жай-жапсарын тағы да тереңдетіп, жұртшылықты жұмыспен қамтамасыз ету, сондай-ақ, сыртта жүрген қаржыны заңдастыру секілді бірталай мәселелерді талдай отырып, Жолдаудағы халыққа арналған пәрменді ұсыныстар аясын тағы да кеңейтті. Міне, осылайша, өз сөзін қазақстандықтарға өте жетімді түрде арнады. Мен баяндаманы тыңдау барысында көкірегіме түйген мәселеге тоқталғым келеді. Жемқорлыққа қарсы қазір халықты ерекше толғандырады. Міне, осы мәселеге Елбасы жақсы тоқталды. Сыртта есепсіз жүрген қаржыны заңдастыруға зор мүмкіндік беріліп отыр. Шетелдердегі шоттарда жатқан ақшаны халықтың мұқтажына, қажетіне жаратуға шақырды», – деді Н. Оразалин.
Сонымен қатар, ол партия съезінде бес институттық реформа қалай атқарылатыны жете зерделенгенін, осыған орай, қазіргі кезең үлкен міндеттер жүктейтінін жеткізді. «Жауапты кезеңде бір атаның баласындай жұмылып, мүддемізді, тәуелсіздігімізді сақтаудың, қорғаудың жаңа кезеңіне өтіп отырмыз», – деді Н.Оразалин. Сөзінің қорытындысында, сенатор сайлауалды бағдарламада бүкіл әлемді шарлаған экономикалық қиындықтардан шығудың жолдары қөрсетілгеніне, олар халыққа жан-жақты түсіндірілгеніне тоқтала келе, Парламент Мәжілісіне тәжірибелі, білікті азаматтар сайлануы қажеттігін атап көрсетті.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».