• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2016

Қалам қайраты қарымды

301 рет
көрсетілді

Талабы мен талантын, қарымы мен қабілетін, ізденісі мен ісіне адалдығын телқоңырдай жарыс­тыра ұстап келе жатқан «Егемен Қазақстан» газетінің Қытай еліндегі тілшісі Дәурен Омаровтың жақында ғана «Жаһанға жайылған жұрт» атты кітабы жарық көрді. «Дарын» сыйлығының иегері, Қытай Ғылым және технология университетінің түлегі, сол оқу орнының магистратурасын бітірген жас азаматтың жаңа жинағын парақтап отырғанда ойға суреткер Оралхан Бөкей оралды. Себебі, оның көркем туындыларының біразының бас­тау басында очерктері тұратын еді. Оның бір мысалы, «Құм мінезі» очеркі кейін осы аттас ойлы повестке айналған болатын. Егер сол үрдіс Дәурен шығармашылығында да жаң­ғырып, жалғасып жатса құба-құп. Оны қаламгердің еншісіне қалдырып жаңа жинақ туралы ой сабақтап көрелік. Бұған дейін де екі кітап шығарған автордың бұл жол­ғы кітабы да тартымды оқы­лады. Иірімді ойлары ұш­қыр. Ұшқыр ойды қағаз бе­тіне түсіргенде шым кестедей келістіріп жібереді. Тақы­рып­ты тауып қойып, оны қа­саң­дыққа ұрындырмай, еркін толғайды. Көрші елдің өткені мен бүгінінен мол хабар бере отырып, үйренетін үрдістерді алдыңа тартады. Дидары күліп тұратын жұрт­­­тың, қатпары көп ха­лық­тың тірлік тынысынан не­бір тағылымдарды тарата айт­қан­да, «Шіркін, мұндай жақсы қасиеттер өз ұлтымызда да бар ғой. Соны кейде көре алмайтынымыз қалай?» деген сұрақ көкейіңді кернейді. Әр очерк­те не қамтылатынын алғашқы бетте бір сөйлеммен беріп оты­ру да әдемі табылған тәсіл дер едік. Мысалы, «Сырлары көп саябақта» – тарихи демалыс орындарының сипатын келістіре суреттейді. Ұзын со­нар баян­дамай, шағын та­қы­рыптар аясында ой өр­бітіп, әлемдік саябақтардан дәйек­тер келтіріп, өзі он жыл­дан бері тұрып жатқан мем­лекеттің осы істердегі ілкім­ді же­­тістіктерін көркем етіп көз алдыңа әкеледі. Ал «Халыққа қажет қағи­даттар» атты жазбадан үйренер үлгі аз емес екен. Ел тарихын, ұлттық әдет-ғұрпын білу мәселесін тереңнен қозғап, ай­талық: қадір тұтуға тиіс – төрт киім үлгісін, бес түсті (көк, сары, қызыл, ақ, қара), бес көл атауын, төрт ерекше саябақты, төрт қасиетті ғибадатхананы, төрт қаланы, төрт тас үңгірді, төрт академияны, бес асыл істі – осылай жалғастыра келіп, мұны білу арқылы ұлтыңды танисың, өткенінен мағлұмат алып, бүгінімен ұштастырасың, сөйтіп, бай мұра қалдырған халқыңды қадірлейсің деп ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан қағиданы тарау-тарау етіп таратады. Ұлт құндылығын бұлай қастерлеу кімнің де болса санасына сәуле түсірер деген ниеттеміз. Біздің бабаларымыз да «Жеті атасын білмеген – жетесіз» дегенді баяғыда-ақ айтып қой­ған. Жалпы, ұлттың ата-салтына болаттай берік болған ха­лық сырттан келген қандай қасіретті де серпіп тастап отырады. Қы­тай халқының қазір әлемді өзіне қаратуының астарында сол ұлттың жақсылығын жадынан шығармауы да жатса керек. «Қатпары қалың Қытай» деген очеркте заман өзгеріп, қоғам алмасып жатса да, ханзу жұртының ешкімге ұқсамай, ұлттық қалыбын сақтап келе жатқанын тағы да тың мысалдармен береді. Бұл автордың өз қандастарына ой тастау үшін тербеген темір қанат арман тілегі деп білдік. Еліктеп, солықтағандардың соры бес елі екенін осы кітапты оқып отырғанда жетемізге жеткендей болды. Дүниені «жаулап» алған Қытай өнімдері туралы баяндайтын «Made in China» мен «Бір партия – бір арман» атты очерктерінде – ол елдің өткені мен қазіргі даму жолын қысқа да нұсқа мол деректермен берген. Елін ұшпаққа шығарған ұлт көсемдерінің де сөздерін кей тұста дәйекке алып отырады. Ал бір замандары үстем күштердің тепкісінен қақ жарылып қалған қазақ жұртының сол жақтағы диаспорасы туралы сан тарау тақырыптағы мақалалар да миллиард ішіндегі миллиондардың қажыр-қай­раты, тілі мен дінін, салт-дәс­түрді сақтау жолындағы жан­кешті талпыныстарын таныс­тырады. Рухы мықты ардақты жан­дардың еңбек жолын, ұрпақ өсірудегі үлгісін, бір-біріне қарайласудағы бауырмалдығын жеткізеді. Өзіміз әлі күнге шөре-шөрелеп жүрген шұбатты дә­рінің орнына дәрумен етіп пай­даланған азаматтардың ұм­тылысы таңдандырмай қой­майды. «Шұбат – деген ғажап сусын. Шынымен бір сиқыры бар секілді. Шұбат ішкен адамның денсаулығы айлап, жылдап емес, күн сайын жақсарады. Оған өзімнің көзім жетті», – деп сайрай жөнелді Заң Чжоу әжей. Бұл әжейіміз сол шұбаттың арқасында 80-ге келсе де, секіріп жүрген көрінеді. Міне, қазақтың ұлттық тағамының құдіреті қандай? Бір сөзбен айтқанда, әдемі безендірілген, беташар сөзін белгілі журналист Нұртөре Жү­сіп жазған кітаптың ішіндегі дү­ниелерден іргелес елдің бітім-болмысын, ұлт болып қалып­тасудағы қағидасын танып-бі­лесің. Олардың қатарында жүрген, атажұртына арқа сүйе­ген қандастардың да өміріне қанығасың. Жиырманы еңсеріп, отызға бет алған Дәурен Омаровтың дәуір сөзін айтқан кітабының желісіндегі әдемі талдауларға, берік байламдарға, сөйлем құ­рудағы өзіндік тәсілдерге қа­рап отырып, алдағы кө­терілер белесі бекем екеніне, қалам қайраты ақберендей шыңдала келе бекитініне сенгенімізді айту парыз деп ойлаймыз. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».