• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2016

Күй болып төгілген мұра

395 рет
көрсетілді

Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өткен «Ақтөбе өңірінің музыкалық мұрасы» атты аудиожинақтың тұсаукесеріне өнерсүйер қауым көп жиналды. Аудиожинақтың алғысөзін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жазған. Жинаққа Ақтөбе жерінде туған, өмір сүрген белгілі ақындар мен халық композиторларының шығармалары енген. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай шығарылған ән мен күй жинағында 12 СD диск бар. Оларға 213 шығарма жинақталыпты. Ақтөбе өңірі музыкалық мұраға бай. Жинаққа Ақтөбе топырағында ізі қалған әйгілі Асан қайғы, Мөңке Тілеуұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Ақтан Керейұлы, Әбубәкір Кер­дері Сарышолақ Боранбайұлы, Сары Батақұлы, Қызыл Тұр­далыұлы, Таразы Кәленқызы, Тәңірберген Молдабай, Нұрпейіс Байғанин сияқты жыраулар мен халық композиторларының шы­ғармалары, өңірдің ән шебер­лері мен термешілері орындауында кең таралған дәстүрлі халық әндері, көнеден келе жатқан халық күйлері мен дәулескер күйші Қазанғаптың және оның ізбасарларының күй­лері топтастырылған. Соны­мен қатар, қазіргі заманғы қа­зақ музыка өнерінің негізін қа­лау­шы, академик Ахмет Жұбановтың, ақын-композитор Бәкір Тәжібаевтың шығарған әндері, көрнекті жерлес ақындар Қ.Шаңғытбаев, С.Жиенбаев, М.Ақдәулетұлы, Е.Ашықбаев және басқалардың сөздеріне жазылған танымал композиторлар мен жергілікті сазгерлердің шығармалары енгізілген. Мәдени мұраның тұсау­кесерінде сөз алған Қазақстанның мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков, Қазақстанның ең­бегі сіңген мәдениет қайрат­кері, композитор Қайырғали Қожанбаев өңірдің музыкалық мұрасын топтастырып, аудио­жинақ шығару арқылы үлкен іс тындырылғанын атап өтті. Сондай-ақ, бұл өңірде өмір сүрген өнер иелерінің бай мұраларының жоғалмауына, кейінгі ұрпаққа саф алтындай таза күйінде са­­бақтаса жетуіне алғышарт жа­сай­тынын жет­кізді. Ақын-жы­рау Нұрпейіс Бай­ғаниннің ұлы, күйші Момын Байғанин мә­дени мұраның тұсау­кесеріне жи­налғандарға батасын беріп, Қазанғаптың күйлерін орындады. Талантты күйші Жайлау Асылхановтың орындауындағы Қазанғаптың ұмытылыңқырап бара жатқан «Нар идірген» күйі көрермендердің көңілін терең тебіреніске бөледі. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.