АҚТӨБЕ. 2 ақпан. Ақтөбе облысындағы жедел жағдайды сауықтыру, атыс қаруын, жарылғыш заттарды қолдану арқылы жасалатын қылмыстарды ашу және алдын алу, сондай-ақ, қару иелерін тұрғылықты жері бойынша тексеріп, олардың қаруды пайдалану, ұстау және сақтау талаптарын орындауын тексеру мақсатында осы жылдың 1-29 ақпаны аралығында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Акция барысында заңсыз айналымдағы атыс қаруларын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды анықтау және алу жүзеге асырылады. Сонымен қатар, қалада, елді мекендерде, ауыл- аймақтарда, сондай-ақ, жеке қожалықтарда азаматтардан заңсыз айналымнан атыс қаруларын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды анықтау және алу жүргізілуде. Қару иелері тұрғылықты жері бойынша тексеріліп, олардың қаруды пайдалану, ұстау және сақтау талаптарын орындауы қадағалануда. Негізгі магистральдар мен елді мекендер жолдарынан өтіп жатқан көліктер тексеріліп жатыр. Барлық анықталған заң бұзушылықтар бойынша заң талаптары мүлтіксіз орындалып, заң бұзушылардағы қарулар мен оқ-дәрілер тәркіленіп әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады.
Қазіргі таңда облыс бойынша 13 133 қару тіркелген, оның ішінде иір ойықты – 821, тегіс ұңғылы – 9110, газды – 785, пневматикалық – 16, суық – 13 және электрлі 2 қару бар. Олардың 2 386 – қызметтік және 10 747 азаматтық қару екенін де атап өткен жөн.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: aktobeinfo.kz.