АТЫРАУ. 2 ақпан. Атырауда «Нұр Отан» партиясының өңірлік сайлауалды штабы құрылды. Оның құрамына партия және қоғам қайраткерлері, саяси кеңес мүшелері, ардагерлер мен түрлі сала мамандары енді. Бұл туралы партияның өңірлік филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қазір Атырау облысында «Нұр Отан» партиясының 136 бастауыш ұйымы жұмыс істейді. Мұнда партияның 31 мыңнан астам мүшесі бар. Партияның өңірдегі сайлауалды штабына ардагерлер мен ғалымдардан, дәрігерлер мен мұғалімдерден, мұнайшылардан құралған 45 адам енді. Штабқа «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бектеміров жетекшілік етеді.
Штаб жетекшісінің айтуынша, Атырау қаласында және 7 ауданында құрылған штабтар құрамына партияның 210 мүшесі еніп отыр. Штабтар жұмысы 20 ақпанда басталады.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Рахым Қойлыбаев.