• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2016

Семейде «Қазақтың ұлы Қайымы» атты кеш өтті (фото)

536 рет
көрсетілді

ӨСКЕМЕН. 2 ақпан. Аса көрнекті ғалым, абайтану ғылымының негізін салушы, Абай мұражайын құрушы, Қазақстанның тұңғыш Әнұранының авторы, ақын, аудармашы, Алаш арыстарының ізін жалғастырушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақтың ұлы Қайымы» атты тарихи-танымдық кеш өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Аталған шараны ұйымдастырған республикамыздағы ең көне музейлердің бірі саналатын Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музей қорында Қайым Мұхамедхановтың  30-дан аса жеке құжаттары мен жеке тұтынған заттары сақтаулы. Қасиетті өлкеде дүниеге келіп, халқымыздың бай ауыз әдебиетімен сусындап өскен Қайым әсіресе, Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылықтарын зерттеп, зерделеп, ойына түйіп өсті. Семей педагогикалық институтының филология факультетін үздік бітірген болашақ ғалым ұзақ жылдар осы оқу орнында қазақ әдебиеті тарихынан дәріс оқыды. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовпен өмірінің 20 жылдан астам уақытында бірге болып, келешек ғылыми-зерттеу жұмысына бағыт-бағдар алды. Мұхтар Әуезовтің кеңесімен «Абайдың ақындық мектебі» тақырыбын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Ұзақ жылдар Абайдың өмірі мен шығармаларының жазылу тарихын зерттеп, ұлы ақын поэзиясының текстологиясын жазды. Өміріндегі көрген бейнеті мен зейнеті бағаланып, 1996 жылы 30 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің қолынан Мемлекеттік сыйлығын алды. Сонда Қайым: «Мен жасым тоқсанға айналғанда мынадай құрметке бөленем деп ойлаған жоқ едім. Құдай бұған да жеткізді», – деп тебіренген еді. «Ғалымның  туғанына ғасыр толуына орай елімізде көптеген шаралар өтуде. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп халық даналығында айтқандай, Қайым Мұхамедхановтың мұрасы болашақ ұрпаққа өнеге екені даусыз. Кешке қатысушылар ғалым өмірінің әр қырына тоқталып, өнегелі өмірінен сыр шертті. Семейдің Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті жанындағы «Шәкәрімтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ақмарал  Смағұлова «Қайым Мұхамедхановтың шығармашылығы мен өмірбаяны» тақырыбында қорғаған кандидаттық диссертациясы арқылы ұлағатты ұстаздық жолы мен ғұлама ғалымдығы жайында әңгімелесе, тарихи мәселелерге қалам тартып жүрген ғалымның шәкірті Құсмілия Нұрқасым Қайымның Алаш әдебиеті рухында тәрбиеленген қайраткер екендігіне тоқталды. Қайым Мұхамедхановтың өлеңдері, поэмалары, аударма өлеңдері өз алдына бір төбе. Ғалымның ақындығы жайында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, республикалық «Абай» журналының бас редакторы, ақын  Мұратбек Оспанов сөз тарқатты», – деді музейдің бөлім басшысы Ләззат Әлжан. Қайым Мұхамедхановтың ХХ ғасырдың көрнекті тұлғаларымен алысқан хаттары кітап болып жарыққа шыққан. «Қайым Мұхамедханов: «Хаттар сөйлейді» кітабында отандық тарих пен ғылым, өлкетану мен мәдениет туралы, Карлагта өткізген ауыр репрессия жылдары жөнінде құнды мәліметтер келтірілген. Кеш соңында аталған кітапты баласы Дегдар Қайымұлы музей қорына тапсырды. Кеште Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ», «Көзімнің қарасы» сияқты ғалымның сүйіп тыңдайтын әндері шырқалды. Қонақтар бейнетаспа, слайд арқылы көптеген деректі мағлұмат алып, зор әсермен тарасты. Думан Анаш. Дерек, сурет: egemen.kz.