• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2016

Парламенттің сыртқы саясатты айқындаудағы рөлі зор

559 рет
көрсетілді

Сыртқы саясат елдің әлем алдындағы ұстанымын анықтайтын өте күрделі де жауапты сала. Қазақстан дипломатиясының әрекет траекториясы бүгінгі күні дүниежүзінде салмақты орынға ие болып отыр. Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам АДЫРБЕКОВТІ әңгімеге тартқан едік. – Өткен жылғы сыртқы сая­саттың қадамдарына тоқ­талсақ, әсіресе, қандай маңызды шаралар мен істерді ауызға алуға болар еді? – 2015 жыл біздің еліміз үшін қызығы да, қиыншылығы да мол жыл болды десек артық айтқандық емес. Әлемдегі саяси жағдайлар, түрлі деңгейдегі шиеленістер күрделілене түсті. Біздің негізгі экспорттық ресурстарымызға деген сұраныс азайды, мұнай бағасы жыл бойы төменге сырғумен болды. Соның бәрі біздің экономикамыздың дамуына кері әсерін тигізіп отырды. Осыған қарсы әрекеттер жасауды ғана емес, қалыптасқан жағдайды ұтымды пайдалануды көздеп Мемлекет басшысы өзінің Бес институттық реформасын және мамыр айында болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында оны орындаудың жолдарын көрсеткен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жария етті. Оларды 2016 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап іске асыруға кірісу үшін Парламент оның заңнамалық базасы болатын 59 заң жобасын тиісті мерзімде қабылдады. Сөйтіп, Парламент палаталары күз айларында өте нәтижелі жұмыстар атқарғанын білесіздер. Жүз қадамның жартысы жаңа жоғары технологиялық эконо­ми­калық өсу мен адам капиталын дамытуды ынталандыратын, қазақстандықтардың өмір сапа­сын жақсартуға тікелей бағыт­талған нақты шешімдерді қам­тиды. 19-қадам сот жүйесін және құқық қорғау органдарының жұмысын жаңғырту жөніндегі тиімді әрекеттерді көздесе 15-қадам мемлекеттік аппараттың кә­сібилігін түбегейлі арттыруға ба­ғытталған. 10-қадам «Ашық үкі­мет» жұмысының тетіктерін жетіл­діруді, мемлекеттік орган­дардың ашықтығын және есеп беруін, қоғамдық бақылаудың күшейтілуін және азаматтардың қатысуын кеңейтуді қамтамасыз етеді. Қалған 6 қадам жалпы­қа­зақстандық бірегейлікті, қо­ғамның тұтастығын, «Мәңгілік Ел» құндылықтарының жүйесін дамытуды көздейтін толыққанды шаралар. Міне, осы қадамдардың бәрі де сыртқы саясаттың сапалы, сыртқы экономикалық бай­ланыстардың тиімді жүр­гізі­луіне тікелей байланысты. Бүгін­гі күні әлемдегі саяси қарым-қатынастарды реттейтін халық­аралық құқықтардың негіздері бұзыла бастады. Ауқымы зор, бе­делді де белді мемлекеттердің ара­сындағы өзара сенімсіздік кү­шейді. Осы келеңсіздіктер әлемді саяси дағдарыстың шегіне әкеліп отыр. Осынау екіұдай кезеңде біздің Елбасымыздың сыртқы сая­саттағы рөлі ерекше екендігі бүкіл әлемге танылды. Мысалға, Украина дағдарысы басталған сәттен АҚШ Президенті әлем­дік көшбасшылардың қатарын­да Қазақ­стан Президенті Н.Назар­баев­­қа өзі телефон шалып, оның қалыптасқан жағдайға бай­­­ла­нысты пікірін біліп, ұсы­ныс­тарын тыңдады. Өткен жыл­дың басынан осы үдеріс жалға­сып келеді. «Норманд төртті­гі­нің» келіссөз үстелінің басында кездесіп, жағдайды бей­біт жол­мен реттеуге келісуі керек­тігін алғашқы болып қуатта­ған мем­лекет басшыларының бірі біз­дің Пре­зи­дент. Елбасымыз Фран­­ция Президенті Ф.Ол­ланд­тың Ресей Президенті В.Пу­тин­мен кездесуіне де тіке­лей ықпал ет­ке­ні белгілі. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы тіп­ті келесі кездесуді Аста­на­да өт­кі­зуді де ұсынып, үлкен сенім та­нытты. А.Меркель де бұл ұсы­ныс­ты қуаттап, келесі кез­де­судің Ас­­танада өткізілуі мүмкін екенін жа­риялаған. Міне, әлемдік аса күр­­делі осындай мәселелердің қа­зақ­стандық дипломатиямен ұш­­­та­­­­суының өзі еліміздің сыртқы сая­­­­саттағы беделін көтере түскені анық. – Жыл бойында бұлардан басқа да дипломатиялық табыс­тар болды ма? – Әрине, болды. Он жыл бойы тұрақты жүргізілген келіс­сөздердің қорытындысы бой­ын­ша, еліміздің мүддесін табанды түрде дипломатиялық шебер­лікпен қорғаудың нәтижесінде Еуродақпен стратегиялық әріп­тес­тікті тереңдету жөнінде жаңа келісімшартқа қол қоюға қол жет­кізілді. Сөйтіп, Еуродақпен ты­ғыз ынтымақтастықтың, ірі ин­вес­тициялық жобаларды іске асырудың жаңа мүмкін­шіл­ік­тері туындады, екіаралық қаты­настарда жаңа сападағы кезең бас­талды. Сондай-ақ, жылдың дип­ломатиялық жемісінің қатарына Қазақстанның ДСҰ-ға мүше бол­ғандығын мақтанышпен атап айтуға болады. Жиырма жыл бойы тұрақты түрде тиянақты келіс­сөздер жүргізіліп, аса ауқым­ды жұмыстар жасалды. Қазақ­стандық мүддені қорғау, әсіресе ауылшаруашылық кәсіпкерлерін мемлекет тарапынан қолдау, оларға субсидия­лар беру деңгейін сақтап қалу, кейбір бағыттар бойынша біздің елге жеңілдік мерзімін беру сияқты нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Сондай-ақ, Президенттің өткен жылдың қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзі әлем назарында болып отыр. Онда Елбасы халықаралық шиеленісті, қауіп пен қатерді сейілту мақсатында жаңа ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Соның ішінде әсіресе терроризмге қарсы күресті жүргізудің дүниежүзілік жүйесін құру мәселесі көптеген елдердің көшбасшылары тарапынан қолдау тапты. Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды жақсартудың жаңа әдістерін іске асыру, өзара сенімсіздіктерді еңсеру сияқты мәселелерді де ортаға салып, соның алғашқы қадамы ретінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құрамын ұлғайту туралы ұсыныс жасады. Сондай-ақ, БҰҰ шешімдері тек ұсыныс ретінде емес, нақты орындалып, іске асырылатын құжат болып танылуына қол жеткізу тетіктерін жасау туралы тың ойын ортаға салып, бүгінгі заманның талабына сай мәселелерді көтерді. Әлемдік, дәстүрлі діндердің терроризмге қарсы белсенді әрекет етуі керектігі де өзекті, нақты ұсыныс болды деп айтуға болады. Қазақстан осы мәселені іске асыруда алдыңғы шепте келе жатқан елдің бірі екендігі белгілі. – Оны қай жерден көруге болады? – Мамыр айының аяғында «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференция өтетін болады. Оған тұспа-тұс Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі Хатшылығының отырысы өтеді. Конференцияға осы хатшылық құрамына кіретін әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілері қатысады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар, оған ЕҚЫҰ Пар­ламенттік ассамблеясының мүшелері, Еуродақ және т.б. ха­лық­аралық ұйымдар парла­мент­тік ас­самблеяларының депутат­тары қатысатын болады. Бү­гінгі күні Сенат Сыртқы істер және Мә­де­ниет және спорт минис­тр­­лік­тері­мен бірлесе отырып, осы ауқымды шараны өткізудің дай­­ын­дық жұмыстарына кірісіп кетті. – Парламенттің Сыртқы істер министрлігімен ынты­ма­қ­тастық жұмыстарына тереңірек тоқтала кетсеңіз? – Классикалық дипломатия­да «парламенттік дипломатия» деген үлкен ұғым пайда болып отыр. Бүгінгі күні әлемнің көптеген елдерінің саяси жүйесі парламенттік республика құрылымын қалаған. Демек, оларда парламент депутаттарының алар орны ерекше. Олар елдің үкіметін жасақтаумен қатар, ішкі және сыртқы саясаттың бағдарын белгілейді. Біздің жас мемлекетіміздің сыртқы саясатында да Парламенттің рөлі өсіп келеді. Барлық халықаралық ұйымдардың шеңберінде парламенттік ассамблеялар бар. Соның бәрінің жұмысына біздің Сенат пен Мәжілістің арнайы бекітілген депутаттары қатысып отырады. Олар халықаралық ұйымдар парламенттерінің жұ­мыстарына қатысып қана қоймай, сол мінберді ұтымды пайдаланып келеді. Осы ұйымдардың жұмысы барысында Прези­денттің халықаралық өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын, пікірлерін осы мінбер арқылы әріптестерге жеткізеді. Сонымен қатар, керек жағдайда ұлттық мүддемізді де осы мінберлерде қорғап отырады. Сондай-ақ, әріптестеріміздің ұстанған позициясын әлемдегі шиеленістер, проблемалар бо­йынша өзіндік ұстанымын да осы жерден біліп отырамыз. Осы жұмыстарды іске асыруда Сыртқы істер министрлігімен тығыз ынтымақтастық орна­тыл­ған. Қазақстанның барлық елдер­дегі елшіліктерінің қызмет­керлері, арнайы дипломаттар біз­дің парламентарийлерімізге тал­қыланатын мәселеге қатысты пай­далы кеңестерін, керекті ақпа­раттық-саяси материалын тұрақты жеткізіп отырады. Былтырғы жылы әлемде қалыптасқан саяси жағдайға байланысты ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының отырысы аса маңызға ие болды. Өйткені, Ресей делегациясы Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясында дауыс беру құқынан айырылған болатын. Сондықтан, бұл ел Украинаға, Сирияға, Түркияға байланысты дағдарыс жөніндегі өздерінің позициясын тек осы мінберден ғана жария ете алды. Біздің дипломаттарымыз осында айтылған әр елдің позициясын терең зерттеп, біздің парламентарийлеріміздің, Президент белгілеген бағдарға сәйкес, ұстануға тиісті позицияларын анықтап отырды. Сондықтан да Парламент пен Сыртқы істер министрлігінің ынтымақтастығы өте тығыз екенін көріп отырған боларсыз. – Сыртқы саясатты заң­намалық тұрғыдан қамтамасыз етуде комитет өткен жы­лы қан­ша заң жобасын қарас­тырды? – Парламент жалпы 147 заң жобаларын қарас­тыр­ды. Заң жо­баларымен жұмыс жасау­да ко­митет жауапты болып қарас­тырған заң жоба­лары негі­зінен еліміз­дің азамат­тық қорға­нысын ұйым­дас­ты­ру қағи­даты мен қызме­тіне, мем­лекеттің қауіп­сіздігін қамта­масыз етуге байланысты мә­селелерді реттеуге, мем­лекеттік шекараны және қорға­ныс қабілетін нығайтуда негіз­гі тапсырмаларды анықтауға және т.б. бағытталды. Сонымен қатар, «Бітімгершілік қыз­мет», «Ақпаратқа қол жеткізу», «Жем­қор­лыққа қарсы күрес» туралы және т.б. көпте­ген заң жобалары болды. Жалпы қабылданған заңдар­дың ішінде еліміздің қауіп­сіздігін, халықаралық қатынас­тарды заңнамалық тұрғыдан не­гіз­дейтін заңдар да жеткілікті. Олар­дың сыртқы саясаттың нәтижелі жүргізілуіне қосар нақты үлесі болатыны сөзсіз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».