Қыз баланы әспеттеп «нәзік жанды» деп жатамыз. Ал енді қысылтаяң шақтарда сол нәп-нәзік деп жүрген жандарыңның өзі ер адамның қолынан келмес шаруаны атқарып тастайтыны бар. Дәл осының дәлеліндей, Қарағанды қаласындағы жеке-меншік фирманың бірінде оқыс оқиға орын алды.
Бетперде киген белгісіз біреу оператор-кассир Назгүл Аққұлина отыратын жұмыс бөлмесіне кіріп келіп, пышақ кезеп, ақша талап еткен. Сол сәтте-ақ Назгүл де әлгі қарақшының өзіне тап берген. Мұндайды күтпеген тонаушы абдырап қалыпты. Мұны байқаған өжет қыз қылмыскердің пышағын қағып түсіріп, өзіне жармаса кеткен. Содан полиция қызметкерлері келіп жеткенше жүрек жұтқан қыз қанша бұлқынса да тонаушыны жібермей ұстап тұрыпты. Облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы қоғамдық тәртіпті қорғау кезінде қайсарлық танытқаны үшін Назгүл Аққұлинаны бағалы сыйлықпен марапаттады.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.