• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2016

Шабуылдан 60 адам құрбан болды

204 рет
көрсетілді

«Рейтер» ақпарат агенттігі Нигерияның Майдугури қаласында содырлардың шабуылы салдарынан 60-тан астам адамның қаза тапқанын хабарлады. Шабуылды «Боко харам» тобының мүшелері жасаған. Нигерия әскерінің өкілі Мұстафа Анкас Далоридің айтуына қарағанда, содырлар шабуылынан қаланың шығыс бөлігінде тұратын тұрғындар қатты зардап шеккен. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, содырлар қалаға кешке қарай басып кірген. «Боко харам» 2002 жылы құрылған. Ол негізінен Нигерияда және осы елмен шекаралас жатқан мемлекеттер аумағында қызмет етеді. Ұйымның содырлары осы аймақта жасалған террорлық әрекеттердің басында тұр. Олардың қанқұйлы іс-әрекеттеріне Нигерия, Чад, Камерун және Нигер елдерінің күш құрылымдары қарсылық білдіріп келеді. Ендігі кезек Ливияға келген сияқты «Ислам мемлекеті» халықаралық терроршыл топтары өздерінің Ауғанстан мен Ливиядағы іс-қимылдарын күшейте бастады. АҚШ конгресінің мүшесі Мэк Торнберри осындай пікір білдірді. Мэк Торнберридің пікірінше, қазіргі кезде «Ислам мемлекеті» ұйымы Ауғанстан мен осы өңірдегі басқа да елдерде іс-қимылдарын күшейте бастаған. Олар Ливияда да әрекет етуде. Мұны елдің билігі біліп отыр. Бұдан екі күн бұрын Пентагон 2017 жылы «Ислам мемлекетімен» күрес жүргізуге жұмсалатын қаржы көлемін 7 миллиард долларға дейін ұлғайтуды сұраған еді. Бұл қаржы осы жылға белгіленген қаражаттан 35 пайызға көп. Бірқатар ақпарат агенттіктері АҚШ Ливиядағы «Ислам мемлекетінің» содырларына қарсы әскери қимылдар жасау мүмкіндігін хабарлап та үлгерді. Шетелдегі активтері қайтарылды Иран өздеріне тиесілі 100 миллиард долларға жуық шетелдегі активтерінің қайтарылуы жөнінде жариялады. Бұл қаражат 2012 жылы салынған санкцияларға байланысты құрсауланған еді. Бұлар бірнеше жыл ішінде Қытай, Үндістан, Жапония және басқа елдердің банктеріндегі есепшоттарда жиналған мұнай келісімдерінен түскен қаржы болатын. «Активтер толық қайтарылды, енді оларды пайдалана аламыз», – деді ел үкіметінің ресми өкілі Мохаммед Бакр Новбахкт жергілікті телеарнаға берген сұхбатында. Аталған қаржының қайтарылуына Иран банктерінің SWIFT аударым жүйесіне кедергі болып отыр деген ақпарат тараған еді. Елдің орталық банкі Иран банктері аталған жүйеге қосылғанын жария етті. Билік партиясы сапынан шықты Грузияның бұрынғы премьер-министрі Ираклий Гарибашвили биліктегі «Грузия арманы» партиясы қатарынан ресми түрде шықты. Бұл жөнінде осы елдің бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады. Парламентте көпшілік дауысқа ие «Грузия арманы» партиясы жетекшілерінің бірі Звиад Квачентирадзенің сөзіне қарағанда, партияның саяси кеңесі Гарибашвилимен хабарласқан кезде экс-премьер өзінің партия қатарынан шығатыны туралы шешімін тағы да қуаттаған. Ал 30 қаңтар күні «Грузия арманы» партиясының саяси кеңесі елдің қазіргі премьер-министрі Георгий Квирикашвилиді партия төрағалығына ұсыну жөнінде шешім қабылдаған еді. Енді бұл мәселе көктемде өтетін партияның съезінде қаралады. Жаңа премьер-министр бұған дейін сыртқы істер министрі болып істеген. Өрт 12 адамның өмірін жалмады Мәскеудің Стромынка көшесіндегі ескі тігін цехы орналасқан ғимараттағы өрт салдарынан қаза тапқандар арасында Қырғызстанның сегіз, Өзбекстанның екі азаматы бар екені анықталды. Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, қаза тапқан қырғызстандықтардың біреуі жас бала көрінеді. Ал өрт жексенбіге қараған түні шығыпты. Өрт орнынан 12 адамның, оның ішінде үш баланың денесі табылған. Қаза тапқандардың екеуі Қырғызстанда туған Ресей азаматтары екен. Кешкі сағат 21-лерде шыққан өрт бес сағатқа созылып, үш мың шаршы метрдей аумақты шарпыған. Өрттің шығуына не себеп болғаны жан-жақты тексеріліп жатыр. Өртті әдейілеп қойған деген сөздер де айтылып қалуда. Цех орналасқан аумақты қырғызстандық кәсіпкер жалға алған сияқты. Әлемдегі ең қауіпті қалалар қайсы? Мексикалық әлеуметтанушылар әлемде туристер үшін ең қауіпті 50 қаланың тізімін жасады. Бірінші орында Венесуэланың Каракас қаласы тұр. Әлеуметтанушылардың мәліметтері бойынша, бұл қалада 2015 жылы әр 100 мың адамға шаққанда, 120 кісі өлімі тіркелген екен. Ал өткен жылы тұрғындар саны 3,3 миллион адамды құрайтын осы қалада құрбан болғандар саны 40 мың адамға жуықтаған. Қауіпті қалалардың ішінде 21-і Бразилияда, 7-уі Венесуэлада, қалғандары Гондурас, Мексика, АҚШ, ОАР және Ямайкада орналасқан. Қауіптілігі жағынан екінші орынды Гондурастың ірі қалаларының бірі – Сан-Педро-Сулаға «беріпті». Бұл қалада әр 100 мың адамға шаққанда, 110 кісі өлімі орын алады. Үшінші орынды осы елдің Сан-Сальвадор қаласы «иеленген». Төртінші және бесінші орындарда Мексикадағы Акапулько мен Венесуэладағы Матурин қалалары тұр. Бұл мәліметтер Мексикадағы қоғамдық қауіпсіздік және қылмыстық әділ сот азаматтық кеңесінің сайтында жарияланған.

Қысқа қайырып айтқанда: * Чехия археологтары Каирден (Мысыр) оңтүстікке қарай Abou­sir пирамидасы қорымынан 4,5 мың жыл бұрынғы кемені тапты. Ел­дің мәдени мұра ескерткіштері министрлігінің мәлімдемесінде ағаш­тан жасалған кеме бай мысырлықтың мазарынан табылғаны аталады.

*Италия полициясы ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп күдік келтірілген адамнан елдің бұрынғы диктаторы Бенито Муссо­линидің «Қара жалын» аталатын яхтасын тәркіледі. Күдік­тілерден тәркіленген дүние-мүліктердің жалпы құны 28 миллион еуроны құрайды.  *Мәскеуде қазірге белгісіз үш адам зейнеткердің банкоматтан алған 2 миллион рублін тартып алған. Оқиға Кутузов даңғылының бойында болған. Полиция қылмыскерлерді іздестіріп жатыр. *АҚШ-тың Айова штатында өткен республикашылардың сайлауалды жиынында сенатор Тед Круз 28 пайыз, миллиардер Дональд Трамп 24 пайыз дауыс алды. Ал демократтардан Хиллари Клинтон 49,8 пайыз, сенатор Берни Сандерс 49,6 пайыз дауысқа ие болды. Интернет материалдары негізінде әзірленді.